Мәдениет

Мұзбалақ ақынды еске алды

Астана қаласы әкімдігі Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевты еске алу кеші өтті. «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-сазды концертте ақынның өлеңдеріне жазылған танымал әндер шырқалып, шығармашылығы кеңінен насихатталды.

 

Концерт «Қорқыт» этно ансамблінің орындауындағы Қазанғаптың «Ақжелең» күйімен басталды. Одан кейін сахна төрінен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы жайлы әсерлі әңгімелер өрбіді. Ақынның жүрек тебірентер өлеңдері оқылып, оның өмір жолы мен әдеби мұрасы туралы қызықты деректер айтылды. Әдеби-музыкалық бағдарламада Ұлықпан Жолдасов, Төлеген Мұхамеджанов, Тұрсынжан Шапай, Нұрғиса Тілендиев, Тұрсынғазы Рахимов, Кентау Назарбек, Ғалымжан Сикеев, Болат Есмұқанов сынды танымал композиторлардың Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндері орындалды. Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин, Гүлмира Сарина, Гүлнұр Оразымбетова, сондай-ақ Әкімхан Мәженов, Ақбота Құснадин, Өзгеріс Шерікбай, Диана Май, Мұратбек Хайролда, Қымбат Жамбылбек, Данияр Мұқан, Әйгерім Нартүйе, Берік Омаров, Парасат Отан, Алтыншаш Мұқатаева, Айдын Жұмабай, Нұржан Мейірхан, Фарида Жолдасова, Нұрай Танабаев, Рахат Бегасылов сынды өнерпаздар өнер көрсетті. Кештің көркемдік тұтастығын «Alem» заманауи би балеті, «Қорқыт» этно ансамблі (көркемдік жетекшісі – Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек) музыкалық сүйемелдеуімен толықтырды. Ақынның «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтың туысымын да» деген сөзімен түйінделген кеште Мұқағали жырларының мәңгілік екені, оның поэзиясы мен философиясы келешек ұрпақпен бірге жасай беретіні аталып өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button