Руханият

«Мұзбалақ» қанат қақты

18 қазаннан бастап «Мұзбалақ» атты толықметрлі анимациялық фильм жалпыұлттық прокатқа шығады. Адам мен бүркіттің дос­тығы туралы баяндайтын фильмнің режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы.

Мультфильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірді. Балаларға қызық болуы үшін экшн жанрындағы туындының түсірілуіне үш жылдай уақыт кетті. Оның жасалуына бас-аяғы 40 шақты маман тартылды. Сценарийді Ербол Бораншы, Адай Әбілда және фильмнің режиссерлері жазды. Ке­йінгі үшеуі суреттерін де салды. Композиторы – Әсет Даненов.
Фильмге адам баласының бүркітті қолға үйретуі арқау болған. Оқиға желісі бойынша адам мен құс бір-біріне сенім білдіре отырып, бауыр басады. Сонымен қатар, фильмде қазақтың саятшылық дәстүрі де суреттеледі.

Ұзақтығы 65 минутты құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған.
Бастапқыда авторлар «Тас­түлек» атты қысқаметрлі анимациялық фильм түсірген. «Қазақфильм» АҚ басшысы Бақыт Ғафуұлы осы фильмді көріп, оларға толықметрлі етіп түсіруге кеңес беріп, қолдайтынын айтты. Осылайша «Мұзбалақ» қолға алынды. «Бес жасар бүркітті қазақ мұзбалақ деп атайтыны белгілі. Ұлтымыз бұл тәкаппар құсқа жас ерекшелігіне қарай ат қояды. Біз аңға шықпасақ та, аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендерге еріп, аңды қалай тұзаққа түсіруге болатынын да шет жағалап көзімізбен көрдік. Қыранды қалай қондырып, тұғырына қалай отырғызу қажеттігін, атты қалай баптап, қалай жарататынын, құсты қалай қолға ұстауға болатынын зерттедік» дейді Тұрдыбек Майдан.

Бұл шығармашылық топтың «Күлтегін» анимациялық фильмі де дайын екен. Оның жалпыұлттық прокатқа шығуы – уақыт еншісінде.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button