Мәдениет

Музейден алған әсерлерін бейнеледі

Елордадағы Ұлттық музейдің 5 жылдығына орай «Музейді тану» тақырыбында ерекше қажеттілігі бар балалардың сурет көрмесі өтті.

Мәдени мекеменің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі ұйымдастырған іс-шараның ашылуы барысында балалар өздері салған суреттер туралы айтып беріп, өлеңдер оқып, әндер орындады. Көрмеге «Алтын адам», киіз үй, домбыра, қобыз, «Самұрық» құс, ғарыш зымыраны, жан-жануарлар, соның ішінде жылқы және т.б. тақырыптарда салған балалардың 30-дан аса суреті қойылды. Әр суреттен балалардың талпынысы, олардың музейден алған әсерлері мен көңіл күйлерін көруге болады.


Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №1 арнайы мектеп-интернатының, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №2 арнайы мектебінің, №10, 65, 83 мектеп-гимназияларының оқушылары, сондай-ақ «Солнечный мир», «Наследие» қоғамдық қорлары мен «Spinabifida» қоғамдық бірлестіктерінен балалар қатысты.


– Ерекше қажеттіліктері бар балалар – музейдің тұрақты келушілері. Біз оларды экскурсиялар мен шеберлік сыныптарына, музейлік сабақтарға, көрмелерге әрдайым шақырамыз. Экскурсиялар мен әртүрлі іс-шаралар несімен есте қалады? Оларға қандай экспонаттар ұнайды? Оны олар өздері атаған, көрмеде қойған суреттері арқылы жеткізді, – дейді Ұлттық музейдің экскурсиялық жұмыстар және музей педагогикасы қызметі, музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің кіші ғылыми қыз­меткері Зухра Баянова.

Арайлым ӘМІРБЕКҚЫЗЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button