Жаңалықтар

МҰЗТАУДАЙ МҰЗАҒАҢ

БАЛАЛЫҚТЫҢ «БАЛДЫРҒАНЫ»

Бала күнімізде ең үлкен мерекенің бірі қолымызға «Балдырған» тиген күн болатын. Пошташы көшенің ба­сынан көрінгенде, шарбақтың басына мініп алып отырған жерімізден қарғып түсіп, дарбазаны ашып, алдынан жүгіруші едік. Тап бір бізге кәмпит үлестіретіндей. Біздің көз-қуаныш – сүйікті журналымыз еді. Ішінде ұнататыным «Ойлан, тап» дейтін айдары. Логогриф — шараданың бір түрі. Көбінесе өлеңмен жазылады. Әуелі жұмбақтаған сөзді табу қажет, содан соң әлгі табылған сөзді бір не екі әріп қосып немесе әріп ауыстыру арқылы жаңа сөздер құрауға болады. Логогриф ерте заманнан белгілі. Оны құрастырушылар қатарында Цицерон мен Апулей де болған. Мысалы:

Мені жұтсаң, қуанып,
Тыныс алып тұрасың.
Қоссаң алдан бір әріп,
Маған суды құясың,
Малдарыңды суарып. (Ауа-Науа) деген секілді.

Бұл журналды бізге дос еткен адам – Мұзафар Әлімбаев еді. Шарадалар­ды қазақшалаған да өзі болды. Айту­лы ақын Мұзафар Әлімбаев есімін білмейтін қазақ кем де кем. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі десек, артық емес. Өйткені, Мұзағаңның өлең-тақпақтарын тілі жаңа шығып келе жатқан сәбиден бастап жаттап, өлеңіне жазылған әндерді қалың қазақ баласы шырқап өсті. Ақынның балаларға арнап жазған өлең-жырлары да том-том. Да­стандар, әңгімелер, эссе, естеліктер, мақал-мәтелдер, аудармалары және де көп. «Айналайын Аяның, Алақаны аялы: Ая – біздің мейірбан, До­сынан жоқ аяры» деп немересіне шығарған өлеңдері кітапша болып та шықты. Сонымен қатар, «Ақсерек те көксерек», «Аспандағы әпке», «Қоянның құлағы неге ұзын?» және тағы басқа кітаптары бар. Бала күннен жадымызға сіңген жауһарлар.

Ол жастайынан ұстаздыққа бейім әрі балажанды болса керек. Қазақ өрендерінің тілін сындырып, ұстартатын, ана тілге деген ілтипат- құрметті арттыратын тәрбиелік бір басылым шығару ол кісінің көп жылдарға ұласқан арманы болып­ты. Арманына 1958 жылы қолы жетеді. «Балдырған» балалар жур­налы республика бүлдіршіндерінің, тіпті бірнеше буын аралығындағы балалықтың базары мен ажарына, киелі сөз өнеріне баулитын байып­ты, ұқыпты бағбанына, адамдық әліппесіне айналды. «Балдырған» басылымының өзгелерге ойыншықтай оңай көрінетін ауыр жүгін жазушы Мұзафар Әлімбай ширек ғасырдан астам уақыт арқалады. 1958-1986 жылдар аралығында журналға тап­жылмастан редакторлық етті.

МҰРАҒАТ СӨЙЛЕГЕН ҮШБУ ХАТТАР

Мұзағаң дүниеге 1923 жылдың 29 қазанында келген. Павлодар облы­сы, Маралды ауылында туған. «Бір шеті Сібірдің Құлынды даласымен шектесіп, екінші шеті Арқаның ақселеуі аймағына сұғына еніп жатқан бұл өңір бала күнімде қыз күлкілі бұлақтары сылдырай ағып, құлын жоны көрінбейтін көк майса шалғыны самал желмен толқындана тербеліп тұрар еді. Бәрінен де Маралдының дуадақ ұшқан дархан даласы мен топырағы тоңмайдай томырылған құнарлы қырқаларын айтсайшы!.. Міне, осындай өңірде өмірге келген адам қалай ақын болмасын?! Егер біреу: «Жыр әлеміне келер жолда кімге қарыздарсыз?» десе, онда мен еш ойланбастан: «Қасиетті туған жеріме, оның қиялыма қанат бітірген сұлу да әсем табиғатына борыштармын» деп жауап берер едім» деген екен ақын атамыз кезінде туған жері туралы.

1941 жыл… Соғыс. Он сегізден жаңа ғана асқан жігіт өз еркімен сұранып қанды майданға аттанады. М.Әлімбайдың балғын жастығы жойқын жорықтың аласапыран алаңында, көк ала түтіннің ішінде, оқ топанының астында өтті. Жас сарбаз соғыстың зобалаң күндерінде алғашқы қарлығаш-жырларын жазды. Сол жа­лынды жырларына достарының ән жазуын сұрады. Жеңістің 65 жылдығы тойланатын 2010 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қабырғасында соғыс жылдарындағы құжаттарға арналған көрме ұйымдастырылды. Көрменің жетекшісі Майра Есмұханова сол кезде Татарстан Халықтар Ассамблея- сынан арнайы әкеліп тапсырылған біраз құжаттарды қабылдап алған. Олар Мұзафар Әлімбаевтың соғыс жылдарында жазған хаттары бо­лып шығыпты. Хат ішінде досы Мақсұтқа жазған өтініштері де бар. Жазған өлеңдері де жоғалмапты. Ақын өлеңдерінде жауды жеңуге де­ген сенім анық аңғарылады. Белорус қызына арнап жазған «Етеміз азат құдаша» деген өлеңі бар. Одан басқа «Жеңіскер жармен жасарсын», «Отан үшін жанымыз», «Соңғы сағатта», Леонид Утесов мәнеріндегі «Болма­ды мұршам, бөлмеші» деген өлеңі де сол қалпында сақталыныпты. Осы өлеңдерінің түпнұсқасын әдейілеп Ұлттық мұрағаттан сұратып, газетіміздің оқырмандарымен бөлісуге ниетті болдық.

Майданнан жеті жарым жыл өткен соң офицер-танкист атанып, туған үйіне оралған екен. Соғысқа бозбала күйінде кеткен Мұзағаң оралғанда байсалды, уақытты бағалауды, өмірді қадірлеуді, Отанды қастерлеуді үйреніп қайтады.

ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Ақиық ақын Мұқағали: «Мұзафар – ойдың ақыны. Шығыршықтың ішін шыр айналған тұтқындағы ақ тиін іспеттес ойнақы сөздің емес, сезгені, түйгені мол ойдың ақыны… Ізденгіш те тапқыш, көп оқитын, көп түйіп, көп ойланатын бейнетқор да еңбекқор ақын Мұзафар Әлімбай…» деп сүйсінеді. Ал, Мұхтар Әуезов болса: «Бірнеше буын ақындардың аттарын атасақ, олар: Тоқмағамбетов, Орманов, Тәжібаев… Молдағалиев, Шаңғытбаев, Әлімбаев, Жармағамбетов, Сейітов, Мәмбетов сияқты келісті, талантты ақындарымыз бар. Бұлар – қазақ совет поэзиясының көп ізденіп, өнерленіп өсіп келе жатқан тобы. Қазақ поэзиясының табыскер талаптылары – осылар» деген екен.

«Нақтылық, ойлылық, жинақылық – Мұзафар өлеңдерінің ең басты қасиеттерінің бірі. Мұзафар – біздің із- өкшемізді басып келе жатқандардың ішіндегі ең бір ірі ақын. Оның өзіндік беті бар, қолтаңбасы бар. Әрбір өлеңін жарыққа шығарарда әрбір сөзі үшін күресетін, өзіне-өзі сыншылық жасайтын сарабдал ақын. Лирик ақын Мұзафар Әлімбаев өлеңдерінен заманның эпикалық зор тынысы, мол құлашы сезіледі» деп бағалаған оны Сырбай Мәуленов.

«Мұзафар Әлімбаев – шынтуайтқа келсек, нағыз ғылымның адамы. Оның ғылымға тән таланты, миының зеректігі, асқан төзімділігі мен мүлде ерінбейтін еңбекқорлығы, уақытының көбін қағаз арасында, кітап ішінде өткізуі – бәрі де оның ғалымдық қасиетін айтып тұрған жоқ па?» дейді Ғафу Қайырбеков. Мінеки, аға буын мен тынысты ақын інілерінің ойы осындай болған.

Сөзімізді М.Мақатаевтың мына бір пікірімен аяқтағымыз келеді.

«Поэзияны, жалпы әдебиетті Мұзафардай бағалап, оны құдіреттің құдіреті деп ұғынатын адамды, ақынды қаламдас ағалардың арасынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ. Өз әріптестерінің шығармашылығын Мұзафардай қадағалап, қоймай, қомағайлана зерттеп отыратын ағайынды да әлі кездестірген емен».

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button