Елорда тынысы

Мың бала – Астанада

Бас қалада жас өрендер үшін «Астана – менің Отанымның елордасы» атты әлеуметтік тур басталды. Жоба шеңберінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1000 бала елорданың көрікті жерлерін тамашалайды.

Іс-шара Астана қалалық әкімдігінің «Астана даму орталығы» ЖШС ұйымдастыруымен өтуде. Тур қатысушылары қатарында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балалар бар. 10-14 жастағы балаларға кәсіби гидтер Астананың бірқатар тарихи-мәдени нысанын таныстырады. Дәстүрлі түрде жыл сайын жалғасып келе жатқан жоба Астана қаласы туралы ақпаратты балаларға кеңірек насихаттап, олардың Отанға деген махаббаты мен құрметін арттыруға, тарих пен мәдениет жайлы білімдерін кеңейтуге, қиын өмірлік жағдайларға тап болған оқушыларға қолдау көрсетуге бағытталады.

Алғашқы күні елордаға Шымкент қаласынан 50 бала келіп, олар «Бәйтерек» монументін, Есіл өзені бойын, Океанариум, Джунглинді тамашаласа, келесі күндері «Нұр Әлем» болашақ энергиясы музейін, Тұңғыш Президент музейін, Ұлттық музейді, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығын, батут саябағы сияқты сауықтыру орындарын араламақ.

«Біз қаланың ішіндегі көптеген нысандардың тарихымен таныстық. Астана – еліміздегі таза әрі әсем қалалардың бірі. Саяхат барысында маған Есіл өзені бойын теплоходпен серуендеген қатты ұнап, ерекше әсер қалдырды. Демалыс жан-жақты ұйымдастырылған. Елорда бізді құшақ жая қарсы алды» деп әсерімен бөлісті оқушы Мирас Сапарбай.

Балалардың саяхатын Астана қаласының әкімдігі толықтай қаржыландырған. Олар жатын орнымен және үш мезгіл тамақпен қамтылған. Қала ішінде арнайы автобуспен жүреді. 12 тамызда басталған әлеуметтік тур 15 қыркүйекке дейін жалғасады.

Индира Бержанова

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button