«Мың бала» мәресіне жетті

Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы мәресіне жетті.
«Мың бала» жобасы өскелең ұрпақты, соның ішінде этнос өкілдерінің жас жеткіншектерін мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру арқылы қазақстандық бірегейлікті дамытуға бағытталған.
Салтанатты іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қ.Ысқақов, Парламент депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері және республиканың барлық өңірінен «Мың бала» жобасының жеңімпаздары қатысты.
Аталмыш жоба аясында барлық өңірлерде жыл бойы түрлі бағыттар бойынша қазақ тілін меңгеруге арналған 6 мыңнан астам іс-шара мен байқаулар өткізілді. Биыл жобаға қатысқан балалардың саны 320 мыңнан асты. Жобаның қорытынды кезеңінде домбыра мен қобызда орындаушылар «Өнерлі өрге жүзер», жас ақындар мен мәнерлеп оқитындар «Жарқыра, жас дарын!» аталымдары бойынша барлығы 35 өңірлік жеңімпаздар марапатталды.
Іс-шара соңында барлық өңірлік жеңімпаздар қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқып, мәдениет қайраткерлерінің музыкалық шығармаларын орындады. Сондай-ақ өз туындыларын да көпшілікке паш етіп, концерттік нөмірлерімен өнер көрсетті.