Мәдениет

Мың күн атан болғанша…

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында кезекті премьера өтті. Америкалық жазушы Кен Кизидің бестселлерге айналған «Көкек ұясының үстінен ұшып өткенде» романының желісімен қойылған «7+1» драмасы Астананың 20 жылдығына арналды. Шығарманы қазақ тіліне аударып, сахналаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков.

Қойылым басталмас бұрын жазушы, драматург Өтен Ахметпен сөйлесіп қалдық. Қаламгер аударма қазақ театрын биікке шығармайтынын, бұл кезеңнен өткенімізді, енді ұлттың төл туындылары қойылатын уақыт келгенін айтып өтті.
Жалпы, «Көкек ұясының үстінен ұшып өткенде» романының жазылғанына 60 жылға жуықтады. Белгілі режиссер Милош Форман оның негізінде 1975 жылы көркем фильм түсірді. Келесі жылы кинотуынды бірнеше аталым бойынша «Оскар» сыйлығын иеленді. Дейл Вассерман театр қойылымына лайықтаған шығарма спектакль ретінде біраз мемлекетте қойылды. Қазақ тілінде алғаш рет осы жолы Қаллекиліктер сахналады.
Оқиға жындыханада өрбиді. Жеті науқас жатқан палатаға сегізіншісі жатқызылады. Спектакльдің «7+1» деп аталуының бір себебі – сол. Макмерфи атты (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл) жаңа пациент келгеннен кейін науқастардың күнделікті қалыпты өмірі өзгереді. Драмалық шығармаларға қажет шиелініс, тартыс сол уақытта басталады.
Бір палатада орналасқан адамдардың ішінде ең сауы – осы Макмерфи. Ал жындыхана әлемнің бір шағын моделі, үлгісі іспеттес. Мұндағы Макмерфиден басқалар – қоғамда өздігінен әрекет етуге қорқып, өз іштеріне өздері тығылып алған адамдар. Оларға Рэтчед есімді (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек) аға мейірбике билік жүргізеді. «Мың күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейтін қағиданы ұстанған Макмерфи осындағы қалыптасқан жүйеге қарсы шығады. Жанындағыларға адамда өз ойы, еркіндігі болуы керектігін ұқтырады. Бұл жолда Макмерфи құрбан болып кеткенімен, оның азаттыққа деген ұмтылысы басқалардың сана-сезімдеріне айтарлықтай өзгеріс әкеледі.
Мұнда жақсы актерлік ансамбль таңдалған. Үнділердің бір тайпасының көсемі Бромденнің бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрам Қайсанов сомдайды. Басқа кейіпкерлерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаев, Ержан Нұрымбет, Самат Байыров, Аманжол Молдахмет, Шах-Мұрат Ордабаев, Жанат Оспанов ойнайды.
Бұл көрермен қабылдауға ауыр қойылымдардың бірі екенін айта кетуіміз керек. Қаллекиліктер спектакльге дайындалу барысында образдарды шынайы сомдау үшін психикалық диспансерге барды. Ал роман Америка Құрама Штаттары аумағында тыйым салынған топ-листке кіреді. Сонымен қатар, бұл тізімге «Ұлы Гетсби», «Улисс» және «Қара бидай арасындағы құрдым» туындылары да енеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button