Жаңалықтар

Мың-миллион мәрте

Жанат-Елшибек

Аты-жөні баспасөз беттерінде басылған көрнекті қаламгер Жанат Елшібектің шығармашылық әлеміндегі өзіндік рекордтық деректер назар аудартады.

Иә, мұны көбіміз біле бермейміз. Өзінің туған күнін мамыражай мамырда атап өтетін танымал журналист-жазушының тұңғыш хабары мен ребусы 6-сыныпта оқып жүргенде «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінде жарияланыпты. Содан бергі жарты ғасыр уақытта республикада шығатын газет-журналдарда Ж.Орынбаев, Ж.Балқашұлы, Ж.Елшібек тәрізді фамилиямен үлкенді-кішілі түрлі тақырыптардағы мақалалар, репортаждар, суреттемелер, очерктер, әңгімелер, хикаяттар, көркем шығармалар, этюдтер, танымдық шым-шытырман басқатырғыштар мен өзі түсірген фото-туындылар жарық көрген. Ұзын-саны мыңнан асып жығылады.
Қазақ баспасөзіндегі танымдық жанрдың көкжиегін кеңейтудегі оның еңбегі өлшеусіз. Ізашар автордың осы тақырыптағы қилы-қилы дүниелерінің өзі мыңның үстінде. Ғажап емес пе! Ол – Қазақстандағы тұңғыш алып сөзжұмбақ («Білім және еңбек» журналы, №8-1984ж.) пен ең алғашқы алып сканвордтың («Егемен Қазақстан» газеті, мау­сым, 2000 ж.) иесі. «Сен білесің бе?», «Зерек», «Мың бір қызық», «Таным» секілді кітаптары бар.
Жанат Елшібек – «Жас Алаштың» әйгілі «Газет ішіндегі кітапханасы» айдарында жарияланған үш автордың бірі. Оның «Табиғат-тылсым» әңгімелер циклы газеттің он бес нөміріне басылды – 19 ақпан-18 сәуір 2002ж.
Еліміздің атақты сөз зергерлері мен өнер қайраткерлері хақында сыр шерткен ой-толғаныстары – «Сырлы әлем» кітабы Қазақ радиосынан толығымен сегіз ай бойы оқылды (әр жексенбі сайын). 28 қыркүйек 2012 ж. – 28 сәур 2013 ж. аралығында. Бұл да кез келген қаламгердің маңдайына бұйыра бермес өзіндік рекорд қой.
Ал жазушының «Жаңғырық» роман-рецензиясын республиканың беделді әдеби басылымы – «Жұлдыз» журналы «Түсімде көрген кітап немесе тұғыр туынды» деген атпен 2014 жылғы қараша айындағы нөмірінен бастап үзбей жариялауда. Бұдан жарты ғасыр бұрын тырнақалды әңгімелерімен көрінген кешегі жас жазушылар – бүгінгі қазақ әдебиетінің алтын уықтары мен қабырғалы қаламгерлері жайындағы шығарма, сөз жоқ, автордың шығармашылықтағы соны ізденісі саналса керек.
2011 жылы қажылық сапардан жазған «Әлем көз тіккен Мекке» жолжазба-хикаяты газет-журналдар мен кітаптарда тоғыз рет басылды.
Сонымен, Жанат Елшібек қаламынан туған дүниелер жарық көрген газет-журналдарды тізейік. Біле жүргеннің артықтығы жоқ. Олар – «Қазақстан пионері», «Ұлан», «Лениншіл жас», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі», «Социалистік Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Спорт», «Сұхбат», «Өркен», «Алматы ақшамы», «Ана тілі», «Айқын», «Астана ақшамы», «Түркістан», «Жетісу», «Жерұйық», «Октябрь туы», «Қаратал», «Бастау», «Басқатырғыш», «Қазақ», «Педагог», «Әдебиет айнасы», «Нұр Астана», «Халық сөзі», «Правда», «Казахстанская правда», «Вечерняя Алма-Ата», «Валют-транзит», «Экспресс К», «Орталық Қазақстан», «Ақтөбе», «Сарыарқа самалы», «Оңтүстік Қазақстан», «Жыл он екі ай», «Қазақ календары», «Қызыл ту», «Торғай таңы», «Арқа ажары», «Жұлдыз», «Жалын», «Таң-Шолпан», «Айқап», «Ара», «Ақиқат», «Арай», «Алтын тамыр», «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат», «Қазақстан әйелдері», «Қазақстан мектебі», «Балдырған», «Білім және еңбек», «Зерде», «Пионер», «Ақ желкен», «Денсаулық», «Балбұлақ», «Жамбыл», «Көкшетау», «Еңбек таңы», «Саодат», т.б. Қазақ баспасөзі тарихында тура осыншалықты газет-журналда жарияланған журналист некен-саяқ. Егер жоғарыдағы басылымдардың тиражын есептер болсақ, автордың аты-жөні қорғасынға құйылып, сан миллион мәрте тасқа басылғанын аңғару қиын емес. Кеңес дәуіріндегі газет-журналдардың таралымы орасан көп болатын.
Мінеки, журналист – жазушы қаламының кұдіреті мен құрметі! Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері, ондаған кітаптың иесі Жанат Елшібекке киелі сөз өнерінде мәуелі жемістер тілейміз.

Талғат БАТЫРХАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button