Тағзым

Мыңайдар Боранбаев: «Соғыс» деген суық сөзді ең алғаш рет 14 жасымда естідім

Сұм соғыстың небір нәубеті мен зұлматын көріп, елге аман-есен оралған майдангерлер біз үшін тарихтың тірі жәдігері іспеттес. Солардың бірі Мыңайдар Боранбаев бүгінде Астана қаласында тұрады. Небәрі он жеті жасында қанды қырғынға аттанып, Беларусь, Украина, Германия, Польша жерлеріндегі ұрысқа қатысқан ақсақал биыл торқалы тоқсанға толды. Осынау мерейтой қарсаңында ардагер атаның шаңырағында қонақта болып қайтқан едік.

нгонг

– Соғыс деген суық сөзді ең алғаш 1941 жылдың 22 маусымы күні естідім, – деп бастады әңгімесін Мыңайдар ата. – Ол кезде он төрттен енді асқан баламын. Арада үш жыл өткен соң, өзім туып өскен Қостанай облысының Амангелді, Жан­гелді және Әулиекөл аудандарынан бес жүздей жігіт майданға шақырылып, Аманқарағай стансасынан Ресейге қарай жол жүріп кеттік. Челябі облысының Шұбаркөл қаласы маңында екі айлық әскери әзірліктен кейін бізді Белоруссияға жі­берді. Сондағы Белосток қала­сының түбінде штаб бар екен. Штабтағылар қолымызға бесатар мылтық пен екі граната ұстатып, Одра өзеніне бағыттады. Тапсырма бойын­ша судың арғы жағындағы Штеттин шаһарын фашистерден азат етуіміз керек. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Өзенге жақындағанда көпірдің жоқ екенін білдік. Оның орнына саперлер қайықтарды тізбектей қойып, үстін тақтаймен шегелеп, кішігірім өткел жасап қойыпты. Салмақ түскен сайын онысы төңкеріліп кете жаздайды. Итшілеп жүріп, өзеннен де өттік-ау. Штеттин дегеніміз – миллионнан аса тұрғыны бар үлкен қала екен. Бірнеше апта бойы атысып, үйді-үйлерге жасырынған фашистердің көзін құрттық.

Бұдан соң кейіпкеріміз Горкау, Бреслау, Бланкейхайм өңірлерінде шайқасыпты.  Соң­ғысына келгенде тас шы­ғаратын шахтаға тұт­қындарды аш-жалаң қамап, кейін крематорийде өртейтінін көріп, сол сорақы көріністен біраз уақыт ес жия алмай жүрген екен. Артынша кеңес жауынгерлері Балтық теңізіне жетіп, порт арқылы қашқалы жатқан немістердің жолын бөгейді. Бұл – Ұлы Жеңістің де жақындап қалған кезі еді. Қуанышты күнді Мыңайдар ата Росток қаласында атап өтеді. Одан кейін Кавказ маңындағы әскери округке жіберіліп, 1950 жылдың қазан айында үйіне оралады.

– Өкініштісі, Қостанай облысынан майданға бірге аттанған бес жүздей жігіттің тек отыздайы ғана қайттық. Бейбіт күнге көбі жете алмады, – деп ақсақал аз-кем үнсіз қалды.

Елге келісімен Мыңайдар ата соғыстан кейін қаңырап қал­ған ауыл мен қалаларды қайта тұрғызу жұмыстарына белсене атсалысады. Жоғары білім алуға ұмтылып, институттың педагогикалық бөліміне түседі. Оқуды тәмамдаған соң, отбасын құрады. Жұбайы Алма әже де – саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаз. Қос педагог қол ұстасып, алпыс жыл бойы бірге отасқан. Әжей былтыр дүниеден озыпты.

– Астанаға көшіп келгенімізге он бес жылдың жүзі болды. Шүкір, қазіргі күнімізге тәубе. Мені құрметтеп, балаларға өсиетін айтсын деп, осындағы мектептерге шақырады. Әр бар­ғанымда «Қазақи бол­мыстарыңды жоғалтпаңдар, қазақша сөйлеңдер» деп ақылымды айтып жүрмін. Сондайда анау анекдот еске түсіп кетеді. Бір қазақтың баласы орыс қызына ғашық болып, «Айналайын, мен сені жақсы көремін» дегенді «Я вас кругом обхожу и хорошо вижу» деп аударған екен. Қазақ тілі – шұрайлы, қазыналы тіл ғой. Мәңгілік ел болғымыз келсе, ұрпақтарымыз тілімізді өшірмей, керісінше, өсіруі керек, – деді қарт.

Ақсақал тоқсанға иек артса да әлі қайраты қайтпаған, еңсесі бүгілмеген. Лайым осындай бақуатты қалпы немере-шөберелерінің ортасында аман-есен жүрсе екен деген тілегіміз бар.

 

Ботагөз Маратқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button