Басты ақпарат

Мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды

Жастар мен оқу орындарының түлектері үшін жұмыс орындарының қолжетімділігін арттыру және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мақсатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, Білім және Жастар саясаты басқармалары, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, жастар мен ЖОО, колледж түлектері үшін бос орындар жәрмеңкесін өткізді.

[smartslider3 slider=3454]

Жәрмеңкеге жас маман іздеп жүрген 60-тан астам жұмыс беруші мыңға жуық жұмыс орнын ұсынды. Бұлардың дені – өнеркәсіп, туризм және сауда саласындағы ірі бизнес компания өкілдері.

«Біз жәрмеңкеге екінші рет қатысып отырмыз. Мұндай іс-шаралар өте қажет деп айта аламын. Үміткерлермен тікелей қарым-қатынас, сұхбаттасу оның деңгейін түсінуге және ұжымның болашақ маманы ретінде бағалауға мүмкіндік береді. Бұл сұхбатқа шақырудан гөрі тиімді. Жұмыс іздейтіндер үшін, менің ойымша, бір жерде бірнеше сағат ішінде бірнеше жұмыс берушіні айналып өтіп, өзіне ұнағанын таңдау өте ыңғайлы. Қаладағы мекемелерді аралауға екі-үш апта жұмсамай, жұмыс берушілермен бір жерде жүздесуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біздің компанияға «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы өте ұнады. Ал бүгін бізге «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары ұсынылады. Халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерге 18 ай ішінде 30 АЕК-ке дейін өзі төлейді. Осы уақыт ішінде бізде жаңадан келген қызметкердің құзыреттілігін тануға мүмкіндік бар» деп түсіндірді «Қазақтелеком» компаниясының өкілі Ләззат Баелова.

Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Шыңғыс Қанатов та өз әсерімен бөлісті.

«Мен болашақ бағдарлама­шымын, биыл соңғы курсқа көштім. Маған міндетті түрде дипломалды практикадан өту керек. Өзім сайттар арқылы орын табуға тырыстым, бірақ өкінішке қарай, компаниялар практиканттарды алып, оларды оқытқысы келмейді. Бірақ біз, жастар, қайда тәжірибе жинаймыз? Өйткені тағылымдамадан өту проблемасына тап болған мен ғана емес қой. Мұндай мәселе менің барлық құрдастарымда бар. Осы бос орындар жәрмеңкесі сияқты іс-шараларды ұйымдастырғандарға рақмет» деді ол.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйым­дарының түлектерін және жастарды жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмысқа орналастыру.

«Жыл соңына дейін тағы 10 жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды жұмысқа орналастыру, олардың әлеуетін ашу, кәсіби дағдыларын дамыту. Бүгінде мұнда 60-тан астам жұмыс беруші – ірі бизнес өкілдері, соның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, туризм және сауда саласында жұмыс істейді. Мұндай іс-шараларға қатысу өзінің мансаптық жолын бастаған жас ұрпақ үшін маңызды, өйткені ол қызметтің ең қызықты салаларын және қызметкер ретінде өзінің «құнын» анықтауға көмектеседі. Ізденушілер өздеріне ұнайтын компанияны таңдап, еңбек нарығын бағдарлай алады» деп қорытындылады жәрмеңке жұмысын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасов.

Бос орындар жәрмеңкесі компаниялар үшін де, ізденушілер үшін де ақысыз негізде өткізілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button