Басты ақпаратСұхбатҰлт ұпайы

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері: ТӘУЕЛСІЗДІК ДЕГЕН ТӘТТІ СЫЙ

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің егемен еліміздің іргесінің бекіп, шаңырағының көтерілуіне сіңірген еңбегі зор. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында мемлекеттік маңызды істерге араласа бастаған ол Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарды. Содан бері мемлекетіміздің басынан кешкен жағдайларды, халқымыздың әрбір қуанышы мен сүйінішін көз алдынан таса қылған кездері жоқ. Академик әсем Астанамыздың елорда атанған алғашқы жылдарынан бастап, осы күндерге дейінгі өмірінің, шағын шаһардан барша әлем қызығатын қалаға айналуының да куәгері. Биылғы еліміз Тәуелсіздігінің  25 жылдық мерейтойында және Астана күні тойлануына шамалы уақыт қалғанда біз Мырзатай ағамен осы тақырыптар төңірегінде сұхбаттастық. 

Мырзатай Жолдасбеков

БАБАЛАРЫМЫЗ ӨРКЕНИЕТКЕ ҮЛЕС ҚОСТЫ
– Мырзатай аға, еліміз егемендігін алар тұста Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасынан табыл­дыңыз. Елбасының тәуел­сіздікті орнатудағы рөлі туралы талай жерде ай­тып та, жазып та жүрсіз. Де­сек те, оны өз аузыңыздан есті­сек деген тілегіміз бар.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері мен егемендікті ақын болмасам да жырлап келемін. Менің жырым да, әнім де – Тәуелсіздік. Елбасына ар­налған «Бәйтерек» дейтін ән де шығардым. Оның сөзін Несіпбек Айтұлы жазды. Ілгеріректе «Мен Елбасының ұйқысыз түндерінің, мазасыз күндерінің куәсімін» деген сұхбатым шыққан. Шындығында да солай.
Қазақта арғы-бергі заманда небір кемеңгерлер, небір хандар, хандардың ханы – Абылай өткен. Небір жырау­лар, жыраулардың жырауы – Бұқар өткен. Небір даналар, даналардың көсемі – Абай өткен. Небір ақындар, шешендер, батырлар өткен. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтай адам болған жоқ. Неге дейсіз ғой? Тарих­тан біз білетін қазақ дала­сын­дағы ерлік пен дана­лықты, қайсарлықты, көсем­дікті, шешендікті үзбей келген ұлыларының бар­лығы армандаған тәуел­сіз­дікті Нұрсұлтан Назарбаев ор­натты. Мемлекет құрып, оның экономикасын қа­лып­тастырды. Бұл мем­ле­кетті әлемге танытып, мо­йындатты.
– Бүгінгі күні көпшілік тәуелсіздіктің қадірін жете түсініп жүр ме? Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Егемендіктің алдында да, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да, жұрттың не боламыз деп, басы шыр айналған кезеңде оның ыстық-суығына көнген, со­ның рахатын да сезініп, бей­нетін де көрген адамбыз. Қазақ – данышпан, кемең­гер халық. Бірақ Абай сына­ғандай, қазақтың бір басында кемшілік те жетіп артылады. Басынан асып төгіліп жатыр десек те болады.
Тәуелсіздік алғанымызда заман тудырған небір қоз­ғалыстар пайда болды. Неше түрлі қимыл-әрекеттер болып, жұрт жиналып алып даурықты. Егемендікке жете алмай жүрдік қой, соның бәрі бізге не керек еді? Біз азат­тықты қансыз алдық. Тәуел­сіздігімізді жарияладық.
Мен даурықпаға салған жұртты жинап алып: «Қазақ, сенің екі жарым мың жыл тарихың бар, содан бері тә­уел­­сіздікті аңсаған жоқсың ба? Осы жолда қаншама ба­тырларың, қаншама хан­дарың, қаншама кемең­гер­лерің басын тікті. Ел шетіне жау келсе, ұлтарақтай жерді қорғау үшін қазақ бір жерден табылды. Қазақтың басы қосылуы үшін оның басына қайғы түсіп, бұлт үйірілу керек пе?» дедім.
1986 жылы қазақтың басы бірігіп, жұдырықтай топтасты. Меніңше, қай жағдайда да қазақтың басы үнемі бір болуы керек. Тәуелсіздік үшін аз қан төгілген жоқ. Орхон ескерткіштерінде, Күлтегін бабаға арналған жырда «Мен қара терімді төктім, қызыл қанымды ағыздым» деген жолдар да бар. Одан артық қалай айтуға болады?
Тәуелсіздік жолында қазақ­тың көрмеген қиындығы, шекпеген азабы, көрмеген қор­лығы жоқ. Мәселен, ар­ғы­сын айтпағанда, бергі үш ға­сырға жуық Ресейдің боданы болдық. Ешкімге қиянаты жоқ, кең далада бейбіт тіршілік етіп отырған халықтың арасына үрей түсті. Сол кезде қазақтың байларын, хандардың бәрін «шынжыр балақ, шұбар төс, пәлен-түлен деп» ақымақ қылды. «Қазақтың екі про­центі ғана сауатты болды» деген сөздер шықты. Ол уақыттағы биліктің сөзін өзіміз «иә, солай болдық» деп қайталадық. Бұл не деген сұмдық? Бабаларымыз мүмкін кириллицаны оқымаған шығар, алайда өзіне дейінгі, қазақпен бірге жасасып келген жазулардың барлығын меңгеріп, өркениетке үлес қосты. Қайсыбірін айтайын, Фарабиден бастап небір даналарымыз өткен. Сондықтан тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін әрбір адам түсіне жүргені абзал.
«Қазақ – жылқы мінезді» деп бірде жазғаным бар. Баяғыда біздің елде Тасқасқа дейтін ат болды. Бейшараның көзіне көк шыбын үймелетіп, оны қосқа да қосады, соқаға да тіркеп, арбаға да жегеді. Арқасы әбден жауыр болған кезде Тасқасқаны бір айға бос жібереді. Бір айдан кейін Қаратаудың баурайындағы шүйгін шөпті жеп, ол есін жинайды. Сол кезде маңа­йына адам жолатпайды. Қазақ – сондай халық. Кеше­­гісін ұмытып кетеді. Аяз би атамыздың ақылды сөзін де, кеше кім болдық, қазір кім болдық, соны да ұмыт­пауымыз керек.
Әнебір жылдары мен «Жамбыл қайта тірілді» деп кішкентай бір ақын баланы қолынан жетектеп, сахнаға шығардым. «Мырзатай атам­ның алдына барып, батасын аламын» деп өзі келді. Сонда ол «Тәңірден келген тәтті сый» деп, тәуелсіздік туралы өлең оқыды. Оның дәмі аузымыздан қалай тез кетіп қалады? Өмір бойы дәмі кетпеу керек.
Кеше қолымыз кісендеулі, аяғымыз байлаулы болды. Тәуелсіздік алдық, тәуелсіз ел болып, еркін сөйлей алатын болдық. Бірақ еркіндіктің жөні осы екен деп, елдің шырқын бұзуға, ел арасындағы тыныштықты шайқауға еш­кімнің де қақысы жоқ.

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНЕ НОБЕЛЬ СИЯҚТЫ СЫЙЛЫҚ ҚАЖЕТ
– Сіз Түркі әлемі ақсақалдар кеңесінің алғашқы төрағасы екенсіз. Бүгіндері түркі әлемінің бірігуі туралы көп айтылуда. Сол үшін қазір не істеуіміз керек?
– Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі дүниесін, түркі тектес халықтардың басын қосу, біріктіру жөніндегі саясатын қолдауымыз керек. Бұл бағытта Президент көп жұмыстарды істеп жатыр. Осы кісінің ық­палымен Түркі мемлекеттері басшыларының кеңесі құ­рылды; Түркі мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесі пайда болды; Түркі мемлекеттері Парламентінің кеңесі жұмысын бастады;
Түркі мемлекеттері ақсақалдар кеңесі құрылып, халықаралық Түркі академиясы ашылды. Осының бәрі аз емес. Енді осының шеңберінде түркі дүниесінің ынтымағына қыз­мет жасауымыз керек.
Түркі дүниесінің басын біріктіруде қазақ халқының орны бөлек. «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, Түркістан – екі дүние есігі ғой… Қара шаңырақ қазақта қалған жоқ па?» деп Мағжан ағамыз айтқандай, біз – қара шаңырақтың иесіміз.
Қазіргі ұрпақты атаң бір деген рухта тәрбиелеуміз қажет. Сенің түркі кіндікті әзербайжанмен, түрікпен, қырғызбен, өзбекпен, сахамен, татармен, башқұртпен, қарайыммен, қарашаймен тегің бір деп тәрбиелеуміз керек. Менің мынадай үш ұсынысым болды: біріншісі, бөлініп кеткенге дейінгі ортақ тарихты бір тарих қылып жазып, мектептерде, жоғары оқу орындарында оқыту; екіншісі, Түркі дүниесі деген телерадиоарна ашу. Сол арқылы тектілігімізді, бірлігімізді насихаттай беру; үшіншісі, дүниежүзінің назарын аудару үшін Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін Нобель сыйлығы сияқты сыйлық тағайындау. Әзірге көріп отырғаным осы. «Бармасаң, келмесең жат боласың» дейді. Алыс-беріс, қарым-қатынасты жиілете беруіміз керек.
– Шатаспасам, алдыңғы екі ұсынысыңыз іске асты ғой деймін…
– Иә, іске асты. Құдай қа­ласа, үшіншісі де орындалады деп ойлаймын. Өзбектер, түркімендер бері қараса ортақ қаражат шығарып, қор жасасақ рухымыз көтеріледі. Сонда Нобель сияқты сый­лықты тағайындасақ, ертең дұшпандар да бізге қарап: «Бұлар ешкімнен кем емес екен ғой» деп ойлаушы еді. Біздегі байлар менің қолыма миллиард берсе, сол сыйлықты өзім-ақ тағайындар едім.

АСТАНА РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ ОРДАСЫНА АЙНАЛА БАСТАДЫ
– Қазақстан Президентінің «100 нақты қадам» бағ­дарламасының қадам­да­рының бірінде Астананы кәсіпкерлерді, студенттерді, зерттеушілерді, барлық өңірлерден туристерді тартатын Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орта­лығына айналдыру туралы айтылады. Сіз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры кезінде соны бастап бердіңіз. Біраз жақсы ғалымдарды, жазушыларды, жалпы шы­ғармашылық адамдарын елордаға алдырттыңыз. Бірақ әлі күнге дейін «Алматы – мәдени астана» деп айтылып жүр. Астана әлі сондай деңгейге жеткен жоқ па? Осы жөнінен пікіріңізді біле отырсақ.
– Астана дейтін ғасырлар бойы қалыптасады. «Үй салғанды, зауыт, фабрика салғанды көрдік. Бірақ қала салғанды, оның ішінде астана салғанды көрген жоқ едік, Құдай оны да өзімізге көр­сетті» деп жазғаным бар еді.
Ал, жаңа елорда са­лын­ғалы 20 жылға жетпейтін уақытта Астана қазір бүкіл Қазақстанның ғана емес, күллі Еуразия кеңістігінің айнасына айналды. Бізге кішкене сабыр керек емес пе? Құдайға тәубе демейміз бе? Қазір Астана руханиятымыздың да, парасатымыздың да, сая­сатымыздың да, үлкен табыс­тарымыздың да ордасына
айналды.
Алматының қазақ интеллигенциясы мен ұлттық дәс­түрімізді қалыптастырудағы, тәуелсіздігімізді тербеген алтын бесігі ретіндегі рөлін ешқашан ұмыта алмаймыз. Оны ешкім еш ғасырда, еш мыңжылдықта кеміте алмайды. Алматы – алтын бесігіміз және керемет әдемі қала. Ұлттық ғылым академиясын қалыптастырғандардың көзі тірісінің көбісі әлі сонда жүр. Жазушылардың біразы да сонда қалды.
Екі қаланы шатастыруға, шағыстыруға болмайды. Мәселен, Түркиядағы Стамбул мен Анкараның тарих­тан алатын өз орындары бар. Сондықтан Астана әкім­шілік тұрғыдан ғана емес, руха­ниятымыздың да астанасына айнала бастағанын қайтадан қайталап айтайын. Осында келіп жатқан, осында өмір сүріп отырған ғалымдар, білімпаздар, өнер қайраткерлері ешкімнің тақиясына тар келе қоймайды деп ойлаймын.

МЕНІҢ «ҚОСБАСАРЛАРЫМ» КЕШЕГІ «ҚОСБАСАРЛАРДЫҢ» ЖАЛҒАСЫ
– Жақында Илья Жақа­новтың сіздің компо­зи­торлық, күйшілік өнеріңіз туралы «Дүние, шіркін» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Оның беташарына өзіміз де куә болдық. Сонда кітап авторы сол қыры­ңыз­ды жақсы ашқаны айтылды. Бұған дейін бойыңыз­дағы сол өнеріңізге сенімді болдыңыз ба?
– Жоқ, сондай сенімде болған жоқпын. Фаризамен, Әбішпен жиі кездестік қой. Жолсапарларда үшеуміз бірге жүрдік. Сонда Фариза: «Аға, домбыра ұстап, бір күйіңізді тартып, әніңізді айтыңызшы» деп үнемі сұрайтын. Мен: «Ой, Фариза, менікі әншейін бір әуен ғой өмір бойы мені жетелеп келе жатқан» деп құтылатынмын. Ал негізінен менің әуендерім қайғымды да, қуанышымды да бөлісті, маған ақылшы болды, менің сырласыма айналды. Кейбір табысқа жетсем, соған ортақ болды. Кейіннен Ермұрат Үсенов деген композитор кейде домбыра тартқанымда үніне құлақ түріп: «Аға, мынау «Қосбасар» ғой» дейтін.
Бір күні белгілі күйші Жанғали Жүзбай келді. Оған: «Жанғали, мынандай күйім бар. Бұл менімен кемінде отыз-қырық жыл жолдас болып келе жатыр. Бұл өзі қазір қалыптасып, құралды. Тұтас түскен сияқты дүниеге айналды. Сен тыңдап көрші» деп едім, ол: «Аға, бұл «Ойтолғау» ғой» деп жауап берді. Қазір бұл күй Атыраудағы Дина Нұрпейісова оркестрі мен Оралдағы Дәулеткерей ор­кестрінің репертуарына кірді. Осында Ильямен кездесу өт­кенде Еркін дейтін бас дирижер келіп, соның партитурасын жасап, Қазақ ұлттық өнер университетінің оркестріне салып, орындады.
Менің «Қосбасар» дейтін күйім кешегі ұлылар тудырған «Қосбасарлардың» дәстүрінде туған. Өзіме көп жылдардан бері әуендер келеді. Олар қалып­тасып, әнге айналады.
Көбінесе таңға жақын туады.
Мен нота білмеймін, сондық­тан кейбіреуінен айырылып қаламын. Кейбіреуі қайтып келеді.
«Барлық жақсылық анадан» дейді ғой. Менің анам әнші, ақын еді. Алпыс бес жылдан кейін анамның менің құлағыма бала кезден сіңірген екі әнін есіме түсіріп, нотаға түсірттім.
Мен Ильяға: «Мені композитор қылып не керек, ың­ғайсыз ғой. Құдайдың маған берген басқа да бақыты же­теді» деп айтқанмын. Сонда ол: «Басқасын айтпағанда, «Дүние, шіркін» сияқты бір әнмен аталарымыз халық композиторы атанған» деп жауап берді. Сондықтан кітаптың авторы мен емес қой, оны Ильядан сұрау керек.
Ән, күй шығаруыма өскен жерімнің әсері болды деп ойлаймын. Ауылымда әншілер, күйшілер көп болатын. Қыз­дар шетінен шаңқобызшы еді. Сондай құдіретті шаң­қо­бызшыларды әлі күнге дейін көрген емеспін. Осы құдіретке әлі күнге дейін таңым бар.
Оны ауылымыз аралас болған соң, Ілекең де көрді. Шынтуайтында айтсам, Құдайға тәубе, мен жайында аз жа­зыл­ған жоқ. Бірақ мен жа­йында Илиядай жүрекпен, терең жазған материал осы күнге дейін болған жоқ. Менің ең­бегімді бағалап, қалай болсын солай эмоцияға беріліп жазбаған ғой. Әнді орындаушылар немесе соны тың­дау­шылар, әннің қадірін білетін музыканттар, ком­пози­тор­лардың пікірін тың­даған. Кітапты екі жарым жыл тап­жылмай жазды. Күнара мені­мен бір сағат-бір жарым сағат сөйлесіп тұрды. Ол – Қазақ­тың Илиясы, менің досым, бауырым, оған ризамын.
– Аға, ұлтқа сіңірген еңбегіңіз көп. Әлі де ал­ған бағытыңыздан таймай, сексеннің сеңгіріне алқынбай шығып барасыз. Алла ғұмырыңызды ұзақ етіп, ортамызда аман-есен жүре беріңіз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button