Білім

Надандық туралы

Менiң өмiрден түйгенiм, жаман адам болмайды, надан адам болады. Надандық дегенiмiз, сiрә, адамның ары оянбағандықтан болар.
Арды оятатын қуат – адамның адамды аяу сезiмi.

Бұл сезiм болмағанда, надандық әлемге сарқылмас қасiрет әкелмек. Ал, надандық саяси дәрежеге көтерiлгенде аса қауiптi.
Надандық туралы әңгiме көп. Соның бiрi – надандықтың емi жоқ дерт деген түсiнiк. Солай болуы мүмкiн бе? Менiңше, емi жоқ дерт болмақ емес. Ол – сол дерттi танып-бiлуге қатысты iс. Жоғарыда айтылғандай, адамның ары оянса, ол надандықтың пердесiн сыпырып тастауға қауқары жетпей ме? Олай болса, надандықтан арылу мүмкiндiгi үнемi адамның бар деген түйiн жасайық. Тегi, адамның осы бағыттағы ой-өрiсi құнарлы болмақ. Үй-ден шығатын есiк жоқ деуге бола ма, егер де ол шын мәнiндегi үй болса. Адам болып жаратылған соң, оның ары оянбауы мүмкiн бе?
Ендiгi әңгiме тақырыбы «Надандықтан сау жан бар ма?» Қиын мәселе. Абай хакiм «Менсiнбеушi ем наданды, өз-өзiмдi бек тұтып» деген көпшiлiкке ой тастаған. Сiрә, надандықта сау болу пендеге жазбаса керек, мәселе оның мөлшерiнде десек, қалай болғаны деп ойланып бiр көрелiк.
Өзiнше ойласам, надандықтан ада бес түрлi адамдар бар.
1. Сәбилер. Перiштесi бар сәбилер надандықтан ада;
2. Туа бiткен мүгедектер (ақыл-есi кемдер), оларды «жұмақтың перзенттерi» деп атау – дәстүр. Туа ақыл-есi кем жанға надандық деген өлшем келмейдi;
3. Пайғамбарлар, Жаратушының елшiлерi, олардың адамзат алдындағы миссиясын анықтаушы да – Жаратушы;
4. Әулиелер. Бұлар – перiштеге қызмет етушi таза жандар. Олардың болмысындағы пенделiк те көп талқысына түспегенi ләзiм;
5. Хакiмдер. «Бұлар болмаса дүние ойран болады», – дейдi Абай. Бұл – дәл айтылған сөз, ендеше, бұл жерден де надандық iздеудiң қажетi жоқ.

Ғарифолла ЕСIМ,
академик

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button