Басты ақпаратМәселе

Нәубетті көрген әулет

Мезгіл жазғы­тұрым еді. Дәл бүгін, дәл өз отбасында осындай ойран болады деп күтпеген еді. Әлі отызға толмаған ол. Қазақстаннан шұбырып Фрунзе түбіне жетіп, орыс Егордың кішкене жеркепесін паналаған. Қаланы айнала қонған қазақ ауылдары. Бәрін аштық айдап келген. Бала-шаға үшін, бір түйір нан үшін ұзақты күн базар жағалайтындар солар. Соның бірі – Тоқа. Бүгін, бірақ, базарда көп жүре алмады. Таңертең пешті жағып содан кейін күнделікті әдетімен есікке беттеді. Үйде төсекте сал болып жатқан келіншегі, шиеттей ұл-қыздары Қасым, Кемел, Жанар қалған. Бұрылып қарап еді, ескі кереуетте жатқан келіншегінің назарымен назары түйісті. Байғұс Қамқа (аты өзгертілген) Құдай қосқан қосағы, бұған үзіліп қарады кеп. Соны ойлап, алабұртып келеді енді үйге қарай. Бұлар сонау Қараталдан шығып жаяу-жалпылап Фрунзеге жеткенше не көрмеді? Талайлар жолда қалды бұралып. Бұлар әйтеуір Фрунзеге жетті, арып-ашып. Бірақ, жол азабын көтере алмаған Қамқа жатып қалды сал болып. Қала батысындағы шеткергі үй – шаруа шал Егордың қорасы. Тоқа соған жалданған жұмысшы болып.

Еңкеңдеп келе жатқан Тоқа еңсесін көтеріп еді, көзі бұлар паналаған Егордың қорасындағы жеркепеге түсті. Жүрегі ыршып кетті, «А-а-а!» деген айқайы шығып. Жеркепе іштен түтіндеп жатыр. Жабық есіктен сыртқа көк түтін ышқынады. Тоқа далақтап ұмтылды. Үйінен Егор да шықты. Ол да түтіндеген жеркепеге ұмтылды. Бұдан бұрын жетіп ол есікті жұлқа тартты. Көк түтін сыртқа лап қойды. Егор шал бетке ұрған түтіннен жасқанып сәл іркілген. Тоқа екпінімен жеркепеге қойып кетті. Көзі бірден пеш аузындағы шоқта жатқан қап-қара күйік бала денеге түсті. Кіп-кішкентай домалақ бас. Жанар ғой! Жа-а-нар! (аты өзгертілген) «Ой-бай-ай!» Тоқа өзінен-өзі сүрініп, созылып барып құлады. Қамқа жатқан кереуетке қолы тиді. «О, Боже!, О, Боже!» деп зар қаққан Егор шал шелек суды алып бықсыған отқа құйды. Күл аралас қап-қара түтін болып кетті үй іші. Егор қақалып-шашалып қиқылдап қалды. Тоқаның кереуетке жеткен қолы Қамқаның тарбиған саусақтарына тиген. Қамқа байғұс пеш жаққа қарай қолын созып шыңғырып жатқан қалпы жан тапсырыпты.

– Қамқа-­а-а-а! Тарғыл дауыс Тоқаның тар өзегін талқандап шықты. – Жан-а-а-арр! Жаралы арыстандай арқырады Тоқа. Жанайқайы жеркепені бұзып-жарып көкке шарықтады…

– Қасым! Кемел! – деп, өкіріп маңдайымен жерді ұрды Тоқа.

– Они утром ушли… в город! О, Боже! – деп Егор шал Тоқаны жұбатып әлек. Егор шалдың кемпірі де келіп не істерін білмей жік-жапар жүр.

Болар іс болды. Бұлар сол күні марқұм Қамқа мен Жанарды қора сыртындағы алаңқайға жерледі. Егордың кемпірі Тоқаны дәмге шақырып еді, бірақ, быт-шыт болған Тоқа дәмге қол созбады. Есіл-дерті – екі ұлын көру. Қасым мен Кемелі қайда?! Аман ба?! Мына кең дүниеде енді қалғаны солар! Қасым мен Кемел!

Далақтап кетіп барады қалаға қарай. Көшеде кездескен жұрттан сұрай берді, даурығып, «Екі ұл бала көрдіңдер ме?» деп. Ақыры біреу «Көрдік! – деді, – екі баланы таңертең біреулер арбаға салып жатқан!» деді. «Адам жейтіндердің қолына түскен екен!» деді бұл. Осы ойы оны оңдырмай езіп, бүктеп, тәлтіретіп жіберді. Бұрыла сала қала сыртына қарай бүлкектеді. Сонда көзіне не елестеді дейсіз ғой! Көзіне қарбаң-құрбаң етіп, Қасым мен Кемелді тау арасына апарып отқа үйтіп жатқан… қарақшылар елестеді…

– Қасым! Кемел! Боздап келеді Тоқа, түнерткен түнгі шоқыға қарай еңкеңдеп. Бірақ, қара жамылып түнерген шоқы селт етер емес. Тілсіз тағдырдай.

Сілесі құрып түннің біруағында үйге қайтты. Қараңғы алаңқайда қатар жатқан қос төмпешікті құшақтап талықсып жатты. Егор шал ұйықтамаған екен. Келіп иығынан сілкіді. «Балалар келмеді» деді. «Бітті» деп ойлады Тоқа. «Қолды болды. Бітті!» деді. Осы ой оны біржола жермен-жексен етті.

– Келсе… Ие болыңыз! – деді Тоқа шалға. – Мен іздеп келейін тағы да… қала жақтан!

Ұйқыда жатқан қала көшесінде жүр. Тірі деген аты. Заты тірі емес. Көлеңкедей қозғалған аруақ. Құр сүлдер. Ирек-ирек түнгі көшемен ілбіп келеді. Жел үп етсе ұшып кетердей. Жеп-жеңіл. Шайқақтап шайқалып кетеді. Табан астындағы жерді сезер емес.

Сол кеткеннен мол кетті Тоқа. Алла оның тілегін қабыл етті. Артында қалған қос құлыны аман еді. Оларды кеше арбаға салып алып кеткен қыр­ғыз милициясы еді. Апарып балалар үйіне тапсырған. Бұл 1932 жылғы жазғытұрым еді. Балалар үйінен Қасым 1942 жылы соғысқа аттанды. Кемел жарық дүниеде жалғыз қалды. Бірақ, майданға келесі жылы ол да аттанды. Қасым соғыстан қайтпады. Кемел қайтты. Алматыда жоғары білім алды. Тағдырдың қалауымен ол Тұрар атты қазақтың бір иманды қызына үйленді. Бір басы екеу болды. Дүниеге Қасым-Жомарт келді. Енді бір басы үшеу болды. Көз ашқалы төбесінен арылмаған тағдыр бұлты енді-енді сейіліп, көкжиектен ағарып Тоқаевтардың таңы атып келе жатты. Кемел енді ашаршылық құрбаны болған әкесі, шешесі, қаршадай қарындасы үшін, майданнан қайтпаған Қасым үшін өмір сүргісі келді. Солардың аруағын шат еткісі келді. Бір құдірет оны жазушылық жолға салды. Қолына қалам ұстатты. Тоқаның ұлы Кемел жазушы болып қайта туды өмірге. Жүздеген мың тиражбен Кемел Тоқаев жазған кітаптар бірінен кейін бірі шықты. Мұқым қазақ Тоқаның рухымен қайта қауышты. Кемел қаламгердің: «Солдат кетті алысқа», «Соңғы соққы» «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сарағабанда болған оқиға» тәрізді үлкенді-кішілі прозалық шығармалары бірінен кейін бірі шықты.

«Кемел Тоқаев – детектив жанрының атасы» деді Бауыр­жан Момышұлы.

«Кемел Тоқаев – көркем сөздің шебері» деді Қасым Қайсенов.

«Кемел Тоқаев – детектив жанрының негізін қалаушы» деді Әзілхан Нұршайықов. Осынау алыптар сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Дәл, әділ берілген бағалар. Бүгінде 100 жылдығы аталып жатқан Кемел қаламгермен бірге әкесі Тоқаның да рухы қайта тірілді. Шат болды. 2019 жылы тарихтың жаңа парағына Тоқаның тұңғыш немересі, Кемелдің ұлы Қасым-Жомарттың аты жазылды алтын әріппен «Қазақстан Президенті» болып. Қиянатшыл қызыл террордың құрбаны болған, иманы үйірілмей, жаназасы оқылмай өткен Тоқаның соңғы тілегін, ақтық тілегін Алла тағала қабыл еткен еді.

2019 жылдың жазында Ақордада Президент Тоқаев бізді қабылдады. «Ассаллаумағалейкүмге» іле-шала қозғаған әңгіме барысы «Ақ боз үй» болды.

– Ендеше – дедік біз, – Алдымызда 2022 жыл келеді. 2022 жыл – 1922 жылғы ашаршылықтың 100 жылдығы, 1932 жылғы ашаршылықтың 90 жылдығы. Осы датаға құр қол бармас үшін осы роман бойынша фильм түсіру идеясын алып келдік! – дедік біз.

Президент біздің көзімізше аппаратқа пәрмен берді. Ұлтымыз бастан кешкен үш ашаршылықта қызыл террордың құрбаны болып, ішінде Тоқа да бар, иманы үйірілмей, жаназасы оқылмай кеткен, 5 миллиондай қазақтың аруағы алдында ұлт болып тағзым ету рәсімі осылай шешілді. Биыл Қазақстан Парламенті тарихта тұңғыш рет ашаршылық құрбандарының аруағына бір минут үнсіз тұрып тағзым етті.

Смағұл ЕЛУБАЙ, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button