Елорда күні

Нағыз қазақ – домбыра…

Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісіне дөп келетін, ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған Домбыра күні 2018 жылдан бері елімізде кеңінен аталып өтеді. Биыл да елордада Ұлттық домбыра күніне орай бірнеше мәдени іс-шара өтті.

[smartslider3 slider=3417]

 

Мереке қарсаңында «Amanat» партиясының жастар қанаты республикалық «Dombyra party» шарасын ұйымдастырды. Акция аясында еліміздің әр аймағындағы 2500-ден астам домбырашы қазақ күйлерін орындады. Ал елордада «Бәйтерек» монументінің жанында «Алтын домбыра» өнер орталығының 200-ден астам оқушысы құлақ құрышын қандырар күйлермен көрерменді риза етті. Өнерлі бүлдіршіндер «Ерке сылқым», «Адай», «Балбырауын», «Әке толғауы» сияқты шығармаларды орындады. Ұйымдастырушылар көрермендерге қызықты сұрақтар қойып, жеңімпаздарға сыйлық берді. Сондай-ақ өнер орталығының жетекшісі Ибрагим Ескендір жас домбырашылармен бірге «Көк тудың желбірегені» композициясын орындады.

Іс-шара барысында ұйым­дастырушылар «Қасиетті домбыра» атты ауқымды байқау басталатынын атап өтті.

– Бұл акция халық арасында ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігі саналатын көне музыкалық аспапты насихат­тауға бағытталған. Домбыра – ­ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қазақ мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Осы алаңды пайдалана отырып, біз «Қасиет­ті домбыра» республикалық байқауының басталғаны туралы жариялаймыз, – деді партияның жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Байқау 10-15 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 16-35 жас аралығындағы жастар арасында өтеді. Ол өтінімдерді қабылдау, офлайн тыңдау және финал кезеңінен тұрады. Өтінімдер 31 шілдеге дейін қабылданады.

Тәуелсіздік алаңындағы ­«Қазақ елі» монументінің жанында «Жас домбыра» ­шоу-концерті өтті. Кешке Айгүл Үлкенбаева, Нұржан Тәжікенов сынды танымал күйшілермен қатар, Жұбаныш Жексенұлы, Маржан Арапбаева, Ерболат Құдайбергенов, Қуандық Рахым, Ардақ Балажанова және Әлішер Каримов қатысты. Күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет пен Қазанғаптың шығармаларымен көрерменнің құлақ құрышын қандырып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

– Домбыра – асыл қазынамыздың бірі. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – домбыраны насихаттау. Екі жылдық пандемия кезінде халық мұндай концертті сағынды. Жалпы елімізде түрлі домбыра мектебі бар. Соларды бір-бірімен үйлестіре отырып, жаңа форматта халыққа жеткізгіміз келді, – деді қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Жаңабай Бердіқұлұлы.

Қазақстан халқы ассамблеясы Ұлттық домбыра күніне орай «Бабалардың көзіндей қасиетті домбыра» қайырымдылық шарасын өткізді. Жаңа туған оннан астам сәбиге домбыра сыйға тартылды. Әрбір сыйлық Қазақстан халқы ассамблея­сының құттықтау сөзімен сабақтасып, оларға еліміздің лайықты азаматы болуға тілек айтылды.

– Бабаларымыз ежелден домбыраны қазақтың жанымен пара-пар деп кие тұтқан. Сондықтан ақын Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген еді. Ассамблея жыл сайын дәстүрлі түрде перзентханаларға барып, дүние есігін ашқан сәбилерді мерекемен құттықтайды. Іс-шараның маңызы – балаларды ұлт­жанды, асқақ рухта тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Балаларға домбыраның құлағында ойнайтын дәулескер күйші болсын деп ырымдап ұлттық аспабымызды сыйға тартып, аналарға гүл шоғымызды ұсындық, – деді этносаралық қатынастар жөніндегі бөлім басшысы Гүлнар Тайгокова.

Перзентханадағы аналардың қуанышын еселеген қайырымдылық акциясы қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны дәріптеуге бағытталған. Акушерлік бөлім директорының орынбасары Шұғыла Есембаева­ның айтуынша, мерекеде мұндай шара жиі өтіп тұрады.

– Күн сайын осы орталықта 30-40 сәби дүниеге келеді. Ал бүгін бұл күн ерекше атап өтілуде. Себебі дәл домбыра күні босанған аналарды Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері арнайы құттықтап келіп жатыр. Түске дейін дүниеге 13 сәби келді. Барлығына осы сыйды табыстадық, – деді Шұғыла Есембаева.

Акция домбыраны дәріптеуге бағытталған. Сондай-ақ ба­йырғы дәстүрді жандандыруға әрі ұлттық код ерекшелігіне, ата-бабаларымыздың тарихы мен мәдениетіне арналған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button