Басты ақпаратҚала тіршілігі

НАН НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

нан

Кеше «Бәйтерек» халықаралық медиа орталығында нан бағасының қымбаттауына байланысты брифинг өтті. Басқосуда Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Далабаев сөз сөйлеп, нан өнiмдерi нарығындағы iрi монополист саналатын «Цесна-Астық» Концернi мемлекеттiк қордан арзан бағамен ұн алудан бас тартып, нан бағасын өсiргенін жеткізді.

«Нан бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында Үкiмет мемлекеттiк қордан кәсiпорындарға арзан бағамен бидай сату туралы шешiм қабылдады. Астанада соңғы бес-алты жылда нанның бiр бөлкесi 50 теңгеден сатылып келедi. Баға мемлекеттiк қордан белгiленген бағамен бидай алу әрi бидай өңдеушi және наубайхана кәсiпорындарымен бекiтiлген меморандум есебiнен тұрақты ұсталды. Ағымдағы жылы да бұл бағдарлама жалғасын тапты, 19 нау­байхана нан бағасын негiзсiз өсiруге жол бермеу туралы меморандумға қол қойды. Нан өнiмдерi нарығындағы «Цесна» концерні бұл бағдарламаға биыл қатысудан бас тартып, 10 мау­сымнан нан бағасын 60 теңгеге қымбаттату туралы шешiм қабылдады. Бiз оларға ешқандай шара қолдана алмаймыз. Өйткенi, ол – жеке меншік кәсiпорын» дедi ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы М.Далабаев. Сондай-ақ, ол меморандумға қол қойған барлық кәсiпорын оның талаптарын сақтап, нан бағасын өсірмей отырғанын айтты.

Жиында «Цесна-Астық» концернi директорлар кеңесiнiң мүшесi Илья Мещеряков нан бағасын өсірудің себебін былай түсіндірді: «2008 жылдан бастап әлеуметтiк нанның бағасы бiр қалыпта болды. Энергия ресурстарының қымбаттауына қарамастан, нанның бағасын көтермедiк. Бүгiнде бидайдың 1 тоннасы 47 мың теңге тұрады, ал бiрiншi сортты ұнның келісі – 65 теңге. Астана әкiмдiгi қол қойған меморандумға сәйкес, мемлекеттiк қордағы бидайдың бiр тоннасы 28400 теңгеден, ал бiр келі ұн 47 теңгеден сатылып келдi. Меморандумға сәйкес, осы уақытқа дейiн нанды 50 теңгеден саттық. Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне өндірушiлерден нанға қатысты өтiнiш жасадық. Заң жүзiнде бiз мемлекеттiк қордан арзан бағамен ұн алу бағдарламасына қатыса алмаймыз. Өйткені, министрлік бірқатар шарттар қойып отыр. Ол шарттармен бiздiң кәсіпорын жұмыс жасай алмайды. Бұл туралы Премьер-министр мен қала әкiмiне де хат жолдадық. Алайда, ешқандай келісiмге келе алмадық. Субсидиялаудың механизмi ескiрген, бүгiнде ол тиiмдi емес».

И.Мещеряковтың айтуынша, егер үкiмет бидай мен ұнды емес, нанның өзiн субсидияласа, басқаша болар едi. Нанның, сауда орнына жеткiзу сынды бiрқатар шығындарды есепке алмағанда, өзiндiк құны – 65-68 теңге. Нан өнiмдерiн өндiрушi кәсiпорындар 2008 жылдан бастап екi девальвацияны бастан кешiрген. Сонымен қатар, жанар-жағармайдың, басқа да шығындардың қымбаттағаны бар. «Бұрын әлеуметтiк нан 45 теңгеден сатылатын, қалаға жеткiзгенге дейін 48 теңгеге қымбаттайды. Дүйсенбiден бастап нанды 50 теңгеден сатамыз. Сауда орындарына жеткiзудi қосқанда оның бағасы – 55 теңге болады. Бiз сауда орындарына нанды 60 теңгеден сатуды ұсынамыз. Алайда, бiз оларды мiндеттей алмаймыз. Егер нанның бағасы 60 теңгеден асып кететiн болса, ол алыпсатарлардың жасап отырғаны» дедi «Цесна-астық» концернiнің өкiлi.

Астана әкiмдiгiмен меморандумға қол қойып, мемлекеттiк қордан арзан бағамен ұн сатып алатын наубайханалар нанды 50 теңгеден сатады. Тауарлардың қымбаттамауын әкiмдiк өз бақылауына алады. Ал елордадағы ең iрі нан өндiрушi кәсiпорын «Цесна-астық» концернi нан бағасын 60 теңгеге қымбаттатты. Алайда, арнаулы құжаты бар зейнеткерлер мен тұрмысы төмен топтарға нан арзан бағамен сатылатынын айтады И.Мещеряков.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button