Басты ақпаратҚала мен Сала

Нан қалдығынан жем жасайды

Тоқшылықтан ба, жоқ әлде адамдардың асқа деген құрметі азайды ма, кім білсін, қазір ірі қалалардағы қоқыс жәшіктерінің маңайында нан шашылып жататын болды. Бұл қаладағы қоқыс жинау және сұрыптау жұмысының салмағын арттырып қана қоймай, экологиялық ортаға да ықпал жасап, шашылған нан аяққа басылып, тұрғындардың тұрмысына да қолайсыздық тудырған еді. Міне, осы мәселеге назар аударған жас кәсіпкер Руслан Убениязов наннан мал азығы – жем дайындау жұмысын қолға алған болатын.

Наннан мал азығын дайындау әлемдік тәжірибеде бар болғанымен, бұл сала біздің Қазақстанда мүлде ескерілмеген. Оның үстіне біздің тұрғындардың қоқысты сұрыптап тастау мәдениеті өте төмен болғандықтан, қоқысқа тасталған нанды сұрыптап алу да өте қиын. Оның үстіне елімізде нан қалдықтарын өңдейтін бірде-бір зауыт жоқ еді. Оған қосымша қаражат та қарастырылмаған.

Қалдық наннан жем жасайтын кәсіпкер

Руслан Убениязовтың нан қалдықтарын қажетке жарату үшін талпыныс жасағанына үш жылдан асыпты. Алайда елімізде ондай өндіріс тәжірибесі болмағандықтан, шетелге еліктеп, жұмыс жүргізуге тура келіпті.

– Дамыған елдердің нан қалдықтарын кәдеге жаратқан тәжірибесін үйрену үшін біз Оңтүстік Кореяны көп зерттедік. Бірақ олардың нан қалдығынан не жасап жатқаны жайлы ашық ақпарат жоқ, сонымен біз одан мал азығын дайындауды сынақтан өткіздік. Бірақ қалдық нанның көгерген, шіріген иісін кетіру өте қиын болды, біз осы мәселені шешудің жолын іздеп көп уақытымызды сарп қылдық. Биыл көктемде бұл мәселені де шешіп, ресми түрде өндіріске кірістік, – дейді Руслан.

Көгерген, сапасы өзгерген жемді мал жесе өліп қалуы ықтимал. Бөгде иіс шығып тұрған жемді мал да жемейді. Көгерген жем жеген малдың еті адам ағзасына да залалды болуы мүмкін. Міне, осы тұрғыдан алғанда, нанның көгергенін кетіріп, бөгде иістен арылтудың ұтымды әдісін табу жас кәсіпкер үшін жартылай табысқа жетудің бастамасы екені айтпаса да түсінікті.

Жас кәсіпкер нанның көгергенін кетіріп қана жем жасап жатқан жоқ. Керісінше, оның көгергенін кетіріп, залалды құрамдарды аластағаннан кейін, оны басқа да химиялық құрамы жоқ азықтықтармен араластырып, жем етіп дайындап алғаннан кейін, оны арнаулы зертханаларға жіберіп, «мал азығына жарамады» деген мақұлдық алады екен. «Малға тек қана нанның өзін берсе, күпті боп қалуы мүмкін, сондықтан біз оны кебек, шемішкенің қабығы сияқты басқа азықтықтармен араластырамыз. Ешқандай химия­лық қоспа қосылмайды. Қазір қарамағымда 13 қызметкерім бар. Өндіріс қуатын арттырып, жұмысшы санын отыз беске дейін жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Басты клиенттеріміз – елорда және қала маңындағы шағын шаруашылық орындары, – дейді Руслан Убениязов.

Күніне 1,7 тонна қалдық нан…

Күніне 8 тоннадан, 4 түрлі талқандаған жем шығаратын бұл зауыт қазір алармандарды жеммен толық қамтамасыз ете алмай жатыр. «Жазда ауыл-ауылды аралап, жемді тегін беріп, малға беріп көріңіздер деп жарнамасын жасадым. Бірақ жазда өтімі баяу болғанымен, күн шытқыл тартып, мал қораға кірген кезде бұл жемнің де саудасы жақсарды. Күніне 10 тонна шамасында заказ түседі, үлгерте алмай жатырмыз. Ал зауытты үлкейтуге қазір менің мүмкіндігім аз. Қазірге дейін 150 миллион теңге қаржы салдым. Тек контейнер қоюдың өзіне 35 миллион теңгеге жуық ақша кетті. Тұтас Астана қаласын толық қамту үшін 5000 дана контейнер қою керек, қазірге дейін 1500-ін ғана қоя алдық. Бұл жеке адамға оңай салмақ емес. Сондықтан үкіметтің қолдауы, жәрдемі керек» дейді Р.Убениязов.

Қазіргі таңда жас кәсіпкер қаланың 40 пайыз аумағына 1500-ден артық контейнер қойған. Жаз айларында күніне 1,2-1,3 тонна нан қалдығы жиналса, қазір бұл көрсеткіш 1,7 тоннаға дейін көтерілген. Әрине, бұл тек қоқыс алаңдарына қойылған жәшіктерге ғана жиналған нан қалдықтары емес, мектеп, әскери орындар сияқты адам көп шоғырланған орындардың асханалары да, осындай нан қалдығынан жем жасайтын орын барын білгеннен кейін, қалдық нанды ысырап қылмай, жинап қойып, өздері хабарласады екен.

– Кейбір нан зауыттары уақыты өткен нандарын бізге сатып бергісі келеді. Алайда біз нанды сатып алсақ, шығынымызды өтемейді. Оның үстіне,  қағаз, темір, пластик қалдықтарын өңдеуге қосымша қаражат бар да, нан қалдықтарын өңдеу жұмысына қосымша қаражат бөлінбеген. Осы мәселені қатысты орындарға да айтып, нан қалдығын өңдеу ісіне де қосымша қаражат беру жағын да өтініш етіп жатырмыз, – дейді біздің кейіпкерміз.

Русланның бұл бастамасы қазір қала әкімінің де назарын аударып отыр. Жақында Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов Руслан Убениязовты арнайы қабылдап, оның жұмыс барысымен танысқаннан кейін бұл өндіріске қолдау білдіретінін айтып, қалаға қарасты төрт ауданның әкіміне тиісті тапсыр­малар берді.

– Қала әкіміне зауытты кеңейтіп салу үшін қаланың іргесінен жер телімін беру, қаланың барлық жерлеріне нан жинайтын контейнерлерді қоюыма көмектесу, сондай-ақ мектеп қабырғасында «баланы бастан» дегендей, балаларға бағыттамалы түрде қоқысты сұрыптау тәрбиесін жүргізу жөнінде өтініш білдірдім. Әкім қолдау көрсетінін айтып, аудан әкімдеріне, білім басқармасының басшыларына тапсырмалар берді, жер мәселесі де шешім табатын болды, – дейді Руслан қуанышын жасырмай.

Қоқыс тастауға да мәдениет керек

Қайталап айтайық, біздің елде қоқысты сұрыптап жинау мәдениеті қалыптаспаған. Сұрыптап жинамақ түгілі, қоқыс жәшіктерін айырмай, сыртындағы жазуларын оқымай, қоқыс­ты беталды тастай береді. Русландар қойған нан жинау жәшігіне қоқыс тастап, сынған әйнек шынылармен толтырып кететінін үнемі көріп жүрміз. «Ешкім үйінде екі қоқыс қалта қоймайды, бәрін бір қалтаға салады да, лақтырады. Бұл жағдай заңмен мажбүрлемесе, әртүрлі контейнер қоюмен өзгермейді. Дамыған елдердің бәрінде қоқыс­ты сұрыптап тастамайтындарға айыппұл қарастырылған, бізге де осы мәжбүрлеу шарасы керек, – дейді Руслан.

P.S: Нан қалдықтарын кәдеге жаратып, жемге айналдыру – қос өнімділікке қол жеткізетін тиімді бастама. Екінші жақтан экологиялық ортаның тазалығын сақтауға да тиімді. Сондықтан Русланның бұл бастамасын бүкіл қала тұрғындары қолдағаны дұрыс. Бұл ретте қала тұрғындары қоқысты сұрыптап, қатқан қалдық нандарды белгіленген күбілерге салудың өзі Руслан үшін үлкен көмек болатынын түсінгені дұрыс.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button