Жаңалықтар

НАҚ-НАҚ

270 кәсіподақ ұйымы бар

Бүгінде елордада 270 кәсіподақ ұйымы бар. Олар қаланың байланыс, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, энергетика, тағы да басқа салалары қызметкерлерін біріктіреді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша 1828 кәсіпорын жұмысшылармен ұжымдық шарт жасаған.

Аналарға көмегін аямайды

Бұдан былай ана атанып, дүниеге бала әкелем дейтін әйелдер ойланбастан еңбек демалысына шығуына болады. Өйткені, еңбек демалысына шыққан әйелдерге мемлекет тарапынан ғана емес, жұмыс беруші тарапынан да әлеуметтік көмек көрсетіледі.

САНСӨЙЛЕМ

Қаңтар айында бір ауысымда орта есеппен 1100-ге тарта медициналық шақырту тіркелген. 2013 жылдың 29 қаңтарынан шақыртулар саны артып, бүгінгі күні ол 1300-ден асып отыр. Олардың ішінде балаларға байланысты шақырту – 600-ден астам. Тәулігіне 63 жылжымалы бригада жасақталса, оның 19-ы педиатрлық саладағы бригада.

 КЕШЕ

«Динамо» спорт кешенінде ардагерлер арасында жүзуден жарыс өтті

БҮГІН

 «Думан» қонақүйінде шахматтан ФИДЕ-нің командалық әлем чемпионаты басталды.

ЕРТЕҢ

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық  комедиясы қойылады.

 Ботаникалық бақ салынады

 Таяу жылдары Астанада ботаникалық бақ салынбақ. Нысанның құрылысы 2013 жылдың сәуiр айында басталады. «Бас жоспарға сәйкес, бақ жаңа әкімшілік орталықтың оңтүстiк бөлігінде орналасады. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын қазіргі заманға сай  «Ботаникалық бақ» қаладағы үздік туындылардың біріне айналмақ. Құрылыстың жобасы әзiрлену үстінде», – дейді әкімдік мамандары. Соңғы он жылда елордада жалпы жеті саябақ пен ондаған гүл бағы салы­нып, тұрғын­дар­дың де­малыс орнына айналып үлгерген. Жалпы, ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі өтетін жылға дейін жаңа саябақтар мен скверлер көбейіп, қаланың көр­нек­ті орындарына айналмақ. Бұған қоса, өткен жылы көгалдандыру бағдарламасы аясында отырғызылған ағаштар күтiп-бапталып, қосымша 40 мыңнан астам ағаш, 8 млн. гүл егiлді. Орталық қалалық саябақ қайта жаңғырды. Саябақты тұтас жауып тастамау үшiн жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. Атап айтқанда, мәдени шаралар өтетiн аумақтар, жағажайлар, қолданыстағы аквапарк және тоған қайта жөнделді.

Сарқынды су жинақтау орны жойылады

Алдағы жылдары Астана маңындағы Талдыкөл сарқынды су жинақтау орны жойылады. Негізі бұл жобаны 2011-2015 жылдар аралығында 5 жыл ішінде іске асыру жоспарланған болатын. 2011 жылы кәріз қалдықтарын тазалауға арналған нысан мен тазарған суды Есіл өзеніне ағызатын коллектор салынған. 2012 жылы құрылыс жобасы жұмыстары аяқталып, тазартуға арналған блоктың құрылысы басталды. Ал биыл қалдық судың Талдыкөлге құйылуын тоқтатып, тәулігіне 118 мың текше метр су тазалайтын құрылғы салына бастайды. Бүгінгі күні тәулігіне 136 мың текше метр кәріз қалдығын тазалайтын құрылғының қуаты 2015 жылға қарай 254 мың текше метрге дейін ұлғаяды. Осы аталған іс-шаралар тазаланған суды тұрмыста пайдалануға жарамды етіп, су жинақталатын орынды жоюға мүмкіндік береді.

Торқалы той думанға ұласты

 

1988 жылдың 1 наурызында ашылған Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы бүгінде нағыз балалық шақ аралына айналған. 2001 жылы бұл мекеме балалар мен жастардың бос уақытымен айналысу мекемелерінің Еуропалық қауымдастығына мүше болды. Онда балалардың талантына қолдау көрсетіліп, шығармашылығын дамытуға барлық жағдай жасалған. Бұл жерде қала оқушылары қосымша білім алып, өнер және спорт әлеміне саяхат жасап, бос уақыттарын қызықты өткізеді.

Мерейтойға арналған басқосуда аттестаттаудан өткен педагогтар Құрмет грамоталарымен марапатталды. Салтанатты кеш «Созвездие», «Бәйтерек», «Гүлдәурен» атты өнер ұжымдарының, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының концертімен жалғасты.

Жаяу жүргіншілер жазаланды

Елордада жыл басынан бері 3 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жазаға тартылды. Статистикалық мәліметтер бойынша, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны жоғары деңгейде сақталуда және көбіне аталған апаттарды жаяу жүргіншілердің өздері тудыратын көрінеді. Мәселен, 2013 жылдың 2 айында жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған апаттардың жалпы санының 50 пайызы жаяу жүргіншілер кесірінен болған. Бүгінде Астанада жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа 3 мыңнан астам жаяу жүргінші тартылды. Ережені бұзу бойынша негізінен жолды рұқсат етілмеген жерден қиып өту, жолға күтпеген жерден оқыс шығу секілді деректер кездеседі. Барлық ереже бұзушыларға әкімшілік хаттама толтырылады. Осы орайда 5 АЕК (8 655 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Жүйелі түрде ереже бұзғандарға қатысты айыппұл 15 АЕК деңгейінде салынады немесе 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу ескерілген.

Түлектер жұмыс табады 

Іс-шараның негізгі мақсаты – колледж түлектерін жұмысқа орналастыру. Ол үшін жәрмеңкеге елорданың бір­­қа­­тар жұмыс беруші компаниялары ша­­қы­­рылды. «Саят» туристік фирмасы және Астана қаласының Мүгедек балалар одағы колледж басшылығымен бірлескен меморандумға қол қойды. Онда туризм және әлеуметтік сала мамандарын даярлап, жұмысқа алу тетіктері қарастырылған. «Іс-шараға 16 жұмыс беруші шақырылды. Олардың саны жылдан жылға артып келеді. Біз бірлесе отырып, оқу бағдарламаларын үйлестіреміз. Осының арқасында қажетті мамандықтар даярланатын болады деп сенеміз» деді жәрмеңкенің ашылу рәсімінде колледж директоры Әбдіғали Жандығұлов.

«Астана­энергосбыт» жауапқа тартылады

«Астанаэнергосбыт» ЖШС тұ­­тыну­­шы­­лардың құқықтарына қайшы ке­летін іс-әре­­кет­­тері үшін жауапқа тар­­тылады. Мұндай шешім ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Мо­­но­­полияға қарсы агенттік) бас­­қар­­ма­­сының отырысында қабылданды.  Бас­­қарма отырысында монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын тексеру қорытындылары қаралды. «Аста­на­­­энергосбыт» ЖШС тұты­ну­шы­лардың құқықтарын бұзды деп танылды. Мәселен, ЖШС 2012 жылғы қаңтар-наурыз айларында жалпы үй қажетіне электр энергиясын бөлуде қате есептеу жүргізген. Осыған орай, басқарма «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның жауапты тұлғасына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім қабылдады.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button