Жаңалықтар

НАҚ-НАҚ

Тұрғындарға иіс тиген

Елордадағы Сарыарқа ауданы аумағындағы төрт пәтерлі жекеменшік тұрғын үйде 10 наурыз күні сағат 09:03-те қатты отынмен жанатын пеш ақаулығының салдарынан иіс тиген 20 және 18 жастағы үш бойжеткен, сондай-ақ, 10 жасар бала ауруханаға жеткізілді. Осыған ұқсас оқиға Алматы облысы Қапшағай қаласында да орын алды. 2 пәтерлі жекеменшік тұрғын үйде иіс тиіп уланған 33 жастағы ер адам, 23 жастағы әйел мен 1, 2 және 4 жастағы үш бала ауруханаға жеткізілді.

«Ломоносов – 2013» конференциясы

Астанада М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалы 2013 жылғы 12-13 сәуір күндері студенттердің, магистранттар мен жас ғалымдардың «Ломоносов – 2013» ІХ халықаралық ғылыми конференциясын өткізеді. Конференцияның мақсаты – студенттердің, магистранттардың және жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін дамыту, оларды заманауи ғылымның өзекті мәселелерін шешуге тарту, сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан студенттерінің және жас ғалымдарының білім беру және ғылыми байланыстарын дамытуға жәрдемдесу болмақ.

«Біз жолдағы қауіпсіздік үшін!»

Балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу мақсатында көктемгі каникул қарсаңында жол полициясы қызметкерлері жас жол инспекторларымен бірге 2013 жылдың 11-інен 16 наурызға дейін Астанада «Біз жолдағы қауіпсіздік үшін!» кең ауқымды автожорығын өткізеді.

АЛАЯҚ  ӘЙЕЛДІҢ АҚЫРЫ

Елордалық полиция қызметкерлері бірнеше рет істі болған Украина азаматшасын қылмыс үстінде қолға түсірді. 

Тергеу барысында Сарыарқа ІІБ қызметкерлері қолға түскен азаматша Қазақстанның бірнеше аймақтарында «гастрольдетіп», алаяқтық әрекеттер арқылы зардап шеккен азаматтардың мүлкін иемденіп алғанын анықтады.

Қазіргі уақытта ол Астана аумағында жүріп, ондаған қылмыстық әрекет жасап үлгергенін мойындады. Қолға түскен азаматшаға қатысты ҚР ҚК 177-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Ақпанда 400-ден астам заңды тұлға тіркелді

Астанада ақпан айында 400-ден астам заңды тұлға тіркелді. Биыл ақпан айында 435 кәсіпорын мен ұйым тіркеліп, 24-і жойылды. Тіркелген субъектілердің негізі Алматы (48,3%) және Сарыарқа аудандарында (32,6%) орналасқан. Есіл ауданының үлесі 19,1%-ды құрайды.

Жаңа заңды тұлғалардың 415-і жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген. Сонымен қатар, тіркелген кәсіпорындардың ішінде 13-і – қоғамдық бірлестік пен қор, үшеуі – тұтыну кооперативі, үшеуі – мемлекеттік кәсіпорын мен мекеме, біреуі акционерлік қоғам болып табылады.

Жойылғандардың 20-сы – ЖШС, 2 – АҚ, 1 – МК, 1 – қоғамдық қор.

Ақпан айында тіркелген заңды тұлға басшыларының 306-сы – ер адам. 129-ы – әйел адам. Осы кезеңде жойылған кәсіпорындар арасында ер басшы саны – 17, әйел басшы – 7.

Аймақтық проблемаларға арналады

Астанада 15 наурызда мемлекеттік қызметтің аймақтық проблемалары және аймақтық хаб құруға арналған конференция өтеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің сайты хабарлады. «Аймақтық хаб қатысушы-елдердегі мемлекеттік қызмет жүйесін жаңартуда катализатор рөлін атқармақ, сондай-ақ, осы саладағы аймақтық ынтымақтастықты нығайтудың факторы болады» деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі. Қатысушы-елдердің өзара іс-қимылы орталығының негізі үш базалық ұстаным болмақ: олар – қоғамға қызмет ету ұстанымы, мемлекеттік қызмет жүйесін жаңарту барысында ашықтығы мен мөлдірлігі ұстанымы және хаб қызметіне қатысу мен ақпарат алмасудағы өзара міндеттемелердің еркіндігі ұстанымдары.«Сөйтіп, аймақтық хаб мемлекеттік сектордағы реформаларды ынталандыру бойынша жалпы міндеттемелерге негізделген қатысушы-елдер арасындағы ынтымақтастықтың жемісі болады» делінген ақпаратта.

 САНСӨЙЛЕМ

Жыл басынан бері Астана қаласында 3000-нан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

КЕШЕ

Бейбітшілік және келісім сарайында Фотосуретші Владимир Куриловтың «Арайлы – Астана» атты фото көрмесі ашылды.

БҮГІН

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» драмасы қойылады.

ЕРТЕҢ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қытай тілі арнайы дәрісханасының ашылу рәсімі өтеді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button