Жаңалықтар

НАҚ-НАҚ

Үздіктер үзеңгі қағыстырды

Астанада өтіп жатқан «Astana Piano Passion» жас пианистер байқауының кіші және орта топтағы қатысушыларының бірінші кезең бойынша нәтижелері жарияланды.

Кіші топтан Шуан Эрн Ли (Австралия), Роман Борисов, Николай Варламов, Владимир Иванов, Варвара Кутузова (Ресей) және қазақстандық Санжарәлі Көпбаев ақтық сынға жолдама алды. Орта топтан Юкине Куроки (Япония), Олексий Канке (Украина), Ю Пёль Ми (Солтүстік Корея), Александр Малофеевтер (Ресей) келесі кезеңге өтті.

«Бақытты отбасы» баспана ұсынады

Кеше «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» қауымдастығының ұйымдастыруымен баспасөз конференциясы өтті. Онда «Бақытты отбасы» жобасы жайында айтылды.

Бұл жоба бойынша әр адам құрылыс алаңында 100 сағат (13 күн) жұмыс істеп, шаршы метрін 1200 еуромен жиһаз және тұрмыс техникаларымен жабдықталған баспана сатып ала алады. Үйлер «I-Plate» технологиясы бойынша салынатындықтан, құрылысы тез аяқталады әрі жанға жай­лылығымен ерекшеленеді. Солтүстік Америкадағы салынған құрылыстың 80 пайызы осы технология бойынша жасалған.

Мейірбикелер мерекесі

Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта халық­аралық мейірбикелер күніне орай «Мамандығым – менің мақтанышым» атты байқау өтті.

Бұл мереке мейірбике, Ұлыбританияның қоғам қайраткері Флоренс Найтингейлдің туған күніне орай 12 мамырда аталып өтіледі. Халықаралық Қызыл Крест ұйы­мы екі жыл сайын оның атындағы ме­дальді әлемнің үздік 50 мейірбикесіне табыс етеді. Бүгінге дейін М.Смирнова, Р.Ысқақова, А.Дмитриенко, А.Дмитриева, В.Широкая, Л.Савченко сынды қазақ­стандық мейір­бикелер аталмыш ме­дальдің иегері атанған.

Кеше…

«Дәулет» спорт кешенінде Халық қаһарманы С.Нұрмағамбетов атындағы халықаралық бокс турнирінің финалдық бәсекесі өтті.

Бүгін…

Бірінші Халықаралық «Astana Piano Passion» классикалық музыка фестивалі аясында Бейбіт­шілік және Келісім Сарайында Денис Мацуевтің концерті өтеді.

Ертең…

«Көрме» орталығында VI халықаралық «Су арнасы-2013» атты көрме және ғылыми конференция өтеді.

Сансөйлем…

Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша 15 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, соның 1 257 фактісі бойынша іс қозғалған. Соның ішінде 224 іс құқық бұзу­шылықтың ұсақ санаты қатарына жат­қызылған және 114 іс бойынша хаттама толтырылған.

Ербол Жанат

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button