Басты ақпарат

Науқаншылық нәтижеге жеткізбейді

Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлын әдебиет сүйер қауым жақсы біледі. Ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынындағы әрбір еңбегі үлкен сұранысқа ие. Қоғамды ояту жолында жазған 300-ден астам өзекті мақала­лары көзі қарақты оқырманды бейжай қалдырған емес. Таяуда Дандай ЫСҚАҚҰЛЫМЕН кездесіп, «Жаңа Қазақстандағы» жаңа міндеттер туралы сұхбаттасқан едік.

[smartslider3 slider=2383]

Интернет жайлы арнайы заң керек

– Кітап дүкендерінде шоу-­бизнес өкілдерінің кітаптары жаппай сатылып жатыр. Жалпы өнер адамдарының жазып жүргені көркем әдебиет пе?

– 2018 жылы оқырмандар арасында көп оқылатын он жазушыны анықтау мақсатында тәуелсіз сауалнама жүргізіліпті. Сонда бірінші орынды Баян Мақсат­қызы алса, қалған 8 орынды шетелдің жазушылары алыпты. Оныншы болып ­Дулат Исабеков тұр. Сонда қазақ әде­биетінде ең көп оқылатын жазушы Баян Мақсатқызы болғаны ма? Мұның барлығы – уақытша құбылыс. Қазір жұртқа детектив жанрын оқу, жекелеген адамдардың өмірін зерттеу қызық. Мұның соңы ақпарат майданы – әлеуметтік желілердегі небір келеңсіздіктерге әкеліп соғуда. Еркіндік жақсы, бірақ әр нәрсенің шегі бар. Бұл жағдай отбасының бұзылуына, ұлттық құндылықтарымыздың, әдебиетіміздің дағдарысына алып келуде. Мен жақында ғана Түркияға медиа-форумға барып, баяндама жасадым. Түркияда интернет жайлы арнайы заң қабылданыпты. Заң бойынша елдің мүддесіне, рухани құндылықтарына, атақты адамдардың жеке басына қарсы жазылған хабарлар әлеуметтік желілерге жіберілмейді. Егер БАҚ өкілдері осы заңды бұзса, айыппұл төлеуі, тіпті жабылып қалуы мүмкін. Ал біздің ақпараттық нарықта мұндай сүзгі жоқ. Біз әлі күнге дейін орыстың ақпараттық әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Қазақтың ақпараттық жүйесі қалыптасқан кезде ғана біз түзелеміз. Сол форумда түркілік ақпараттық әлем жасау мәселесі көтерілді. Кеше ғана қазақ әйелінің жеті атаны білуге қарсы шыққаны жайлы мақала оқыдым. Қазір Қазақстанда өсіп жатқан балалардың төртіншісі әкесіз екен. Мектепте мұғалімдер оқушылардан жеті атасын сұрағанда сол балалардың көбі үйге жылап келетін көрінеді. Біраз адамдар бұл пікірді қолдаса, біразы әрбір төртінші баланың мүддесі үшін ұлттық мүддені аяққа таптама­йық деп жатыр. Менің ойымша, бұдан шығудың жалғыз жолы – отбасын сақтау, отбасы институтын нығайту. Түркі елдерінің ішінде басқа ұлттардың рухани құндылықтарымен өмір сүретін ел ретінде алда тұрмыз. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында шаңырақ көтерген әрбір үшінші отбасы, шамамен 46 пайызы ажырасады. Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 12 пайыз, Тәжікстанда – 2 пайыз. Сонда «мұның басты себебі не?» деп зерттеп көрсем, біздің елдің 70-80 пайызы интернетпен қамтылған екен. Ал Өзбекстанда – 50 пайыз, Тәжікстанда тек ірі қалаларда ғана интернет бар. Сонда ақпараттық шабуылға ұшырамаған халықтар өзінің ұлттық болмысын сақтап отыр. Ғылым мен техника дамуының жақсы жағымен қоса, осындай кері әсері де бар. Біз Түркия сияқ­ты ақпарат әлемін реттейтін арнайы заң қабылдап, тиімді жаққа жұмыс істеуіміз керек. Әдебиет – рухани құндылықтың көшбасшысы. Қазақстандағы кітап оқу мәдениетінің жағдайын жоғарыда айтқан статистикадан да көруге болады. Кітап – қазынамыздың негізгі өмір сүру арнасы. Кітап оқыған әрбір азаматтың бақытты болатыны, ұлттық болмысынан ажырамайтыны ғылыми дәлелденген. Қазақ «Ата жолын қуған ұрпақ бақытты» дейді. Біз ата жолынан басқа жолға түсіп кеттік. Ұлтты сақтау үшін рухани құндылықтардың аясында өмір сүруіміз қажет. Ол үшін санамыздағы ақпараттарды ұлттық тілде қабылдап, ұлттық ойлау жүйесімен ойлап, өмірге ұлттың көзімен қарап, ұлттық дүниетаныммен ақыл-идеялар жасап, соларды жүзеге асырып, ұлттың мүддесіне қызмет етсек, сонда ғана біз бақытты боламыз. Газет-радио мен телеарналардың да алдында тұрған мақсат осы. Қазір қазақтың бұқаралық ақпарат құралдары да сын көтермейді. Рейтинг көтереміз, көрермен тартамыз деген бағдарламалар сенсация қуып, негатив әсер етеді. Оны жастар қызық көріп тамашалайды. Теріс ақпараттар жинала-жинала, өмірдің түрлі сын сағаттарына келгенде негатив ақпараттар іске айналады. Соның салдары қылмысқа, тура жолдан таюға апарады. Сондықтан адамның қалыптасуына кітап оқу әсер етеді. Ғалымдардың айтуынша, кітапты көп оқитын адам депрессияға бой алдырмайтын көрінеді.

Күні кеше ғана телеарнадан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзін естідім. Президент дипломаттармен өткен жиында бастан-аяқ қазақша сөйледі. Бұл да қазақ тілі, қазақ әдебиеті болашағының айқындығын көрсетеді. Бүгінде халықтың 70 пайызға жуығы – қазақ. Менің ойымша, сол халықтың 90 пайызы қазақша түсінеді. Жиында Президентіміз енді шетелге баратын дипломаттардың барлығы қазақ тілін білуі керек деп талап қойды. Бұрыннан осылай болуы тиіс еді…

Аудармаға асығыстықпен қарамайық

– Аға, енді өзіңіз ұлттық ­мүдде деп айтып жатырсыз ғой, қазіргі кезде әлем классиктерін қазақшалауға байланысты бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Бірақ оқырманның айтатын назы бір. «Аударма түсініксіз» дейді. Келісесіз бе?

– Бүгінге дейін біздің үлкен кемшілігіміз – науқаншылық. Бір жылдың ішінде бөлінген қаржыға асығып бәрін бірден аударып тастаймыз. Қалыптас­қан тәжірибелі мамандарды тартпаймыз. Физика ғылымының кітабын физиктер, әдебиеттанудың еңбектерін теориядан хабары бар әдебиетшіге тапсырмаймыз. Аудармаға асығыстықпен қатар тендр ойнату да әсерін тигізуде. Мысалы, Абайдың мерейтойына қаншама қаржы бөліп, ғұлама еңбектерін жер-жерде шығардық. Ал мерейтой өткеннен кейін бұл үрдіс саябырсып қалды. Біз кітапты шығарамыз, бірақ әрі қарай халықтың қолына жеткеніне дейін жауапкершілік алмаймыз. Абай шығармаларын бір жылда емес, бірте-бірте басып шығарсақ та кеш емес қой. Мұндайда санға емес, сапаға жұмыс істеуіміз тиіс. Тек мерейтойдың кезінде ғана тұлғаларды ұлықтап, қалған кезде ұмыт қалдырамыз. Сондықтан ең бірінші осындай науқаншылықтан арылуымыз қажет. Қазір Президент тапсырма бермесе, шара істелінбейтін дәрежеге жеттік. Әр саланың басшылары Президент айтса ғана қозғалады. Ал мұның бәрі жоспарлы түрде жүзеге асуы керек. Әр саланың бағыты айқын болуы тиіс. Сол саланың басшылары ізденіп, ұзақ мерзімге жоспар құрса қандай керемет! Аударма бюролары бір жыл жұмыс істегеннен кейін аудармашылар далада қалады. Сондықтан аударма кемі 5-10 жылға жоспарланып, мамандар тұрақты түрде жұмыспен қамтылуы тиіс. Аударма оңай емес. Мысалы, Абайдың еңбегін мерейтойында оннан астам елге аударып таратсақ та, Абай поэзиясын әлем әлі тани алмай жатыр. Өйткені Абайды аудару оңай емес. Абайды аударатын аудармашының ақындық таланты, авторды түсіну дәрежесі Абайдан кем болмауы керек. Абайды қайталап оқыған сайын басқа қырынан ашамыз. Абайдың әр сөзінің ар жағында тұтас өмір жатыр. Бүгіннің мәселелерін Абай өз заманында көтеріп кеткен. Мысалы, ұлы данышпан «Бірлік деген сөзді көп айтамыз. Сонда малға бірлік айта бергенмен ол бірлік болмайды. Ақылға бірлік болуы керек» дейді. Ақыл деген – идея бірлігі. Ұлтты біріктіретін – ұлы ойлар, ұлттық идеология. Міне, бізде бүгінге дейін осы жоқтың қасы. Тілге, ойға бірлік болған кезде ғана ұлт бірлігі болады. Бізге ұлттық идеологияны жүзеге асыру жағы жетіспейді. Абай ілімі – ұлтқа қызмет етудің ойларын жинастыратын, топтастыратын ұлы ойлардың біртұтас жүйесі.

Қазір Президент тапсырма бермесе, шара істелінбейтін дәрежеге жеттік. Әр саланың басшылары Президент айтса ғана қозғалады. Ал мұның бәрі жоспарлы түрде жүзеге асуы керек. Әр саланың бағыты айқын болуы тиіс. Сол саланың басшылары ізденіп, ұзақ мерзімге жоспар құрса қандай керемет!

 Халықтың саны емес, ділі мықты

– Ғалым ретінде қазақ тілінің болашағына қаншалықты сенесіз? Ғылым тіліне айнала ала ма?

– Тілдің мықтылығы халықтың санына байланысты емес. Аз ғана ұлт бола тұра тілі мықты болса, ол халық әлемдік өркениеттен өз бағасын алады. Мысалы, эстондар 100 пайыз ана тілінде сөйлейді. 1967 жылы Израиль мемлекетінде халықтың үштен бірі ғана еврей, қалғаны араб болды. Сол аз ғана еврейлер 70 пайыз арабтарды билеп, төстеп отырды. Сонда халықтың саны емес, тілі мықты, сол тілдегі идея мықты, сол тілде жасалған ғылым мықты. Мұның бәрі адамның сана-сезімінің мықтылығына алып келеді. Әр адам – алынбас қамал. Адамды билейтін – ақша да, байлық та емес, идея, ой. Тіл дегеніміз – сол ойдың сыртқы көрінісі. Біздің түпсанамыздағы ойлар ұрпақтан-ұрпаққа ген арқылы беріледі. Әркімнің бо­йында жеті атасынан бері келе жатқан ойлар бар. Қазір ғылым түпсанадағы ойлардың жүз ата бойы сақталатынын дәлелдеп отыр. Сонда біздің санамыз ана тілімізде, ұлттық ойлау жүйесі арқылы қалыптасқан. Қазір біз қандай хабар оқысақ та, ол түпсанадағы ойлармен байланысады. Ал егер біз орысша оқысақ, орысша ойлаймыз да, бұл байланыс үзіліп қалады. Сонда адамның ұлттық тілде тәрбиеленуі – жай ғана сөйлеу емес, адамның жалпы ұлттық болмысы, өмірге деген көзқарасы. Біз түпсанамен байланыс­та болған сайын мықты бола түсеміз. Ол үзіліп қалған кезде біз ақпаратты ауызша түсінеміз де, санамызға қабылдамаймыз. Санамызды тұрмыс билеп кетеді. Еуропада «Бүгінмен өмір сүр. Өткен өмір сені пессимизмге апарады. Ал болашақ – жай ғана елес» дейді. Сонда олар ашық «рухани тамыр» керегі жоқ деп отыр. Ал қазақтың дүниетанымы басқаша. Қазақ ата-бабасын қадірлеп, бүгін үшін емес, ұрпағы үшін өмір сүреді. Қазіргі ақпараттық әлем адамдарға басқаша әсер етіп жатыр. Әлемде ақпараттық майдан жүріп жатыр. Бұл соғыс­та әр ел адамның санасын жаулап алу үшін күресуде. Қарудың қажеті жоқ. Адамның санасын билеп алса, ол адам басқа елдің идеясымен өмір сүре береді. Мысалы, солтүстікте ана тілін білмейтін қазақтар бар. Әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, олардың көпшілігі орыс тілді ақпарат құралдарын оқиды екен. Ал біразының Қазақстанда не болып жатқанынан хабары жоқ көрінеді. Есесіне Ресейде не болып жатқанын, қай министрдің ауысқанын бес саусағындай біледі. Біздегі ақпараттық жүйенің әлсіздігінен олар орыс әлемінің аясында өмір сүріп жатыр. Олардың санасы түпсанадан ажырап қалды. Ойын тұрмыс билеп отыр. Ата-бабамыз мықтылығының арқасында осыншама ұланға­йыр жерді мұраға қалдырды. Осының бәрі ақылмен, рухани құндылықтардың дұрыс сұрыпталуымен болды. Жетпісінші жылдарға дейін біз «жүйкем ауырды» дегенді білген жоқпыз. Қазір Қазақстанда халықтың 80 пайызы жүйке ауруымен ауырады. Адамның денсаулығы да, тағдыры да, болашағы да не оқып, немен өмір сүріп жатқанына, миында қандай ақпарат қалыптасқанына байланысты. Жақсы ойлармен ойланып жүрсең, жақсы адамдармен кездесесің, жақсы адамдардың қолдауына ие боласың. Ал жаман ойлар заттанған кезде адамды қиындыққа әкеледі. Осының бәрін қазір ғалымдар айта бастады. Бір ғана Абайдың өзін оқып түсінсек, дұрыс насихаттасақ, көп нәрседен аулақ болар едік.

Баланы смартфоннан алшақтату керек

– Абайды сіз бен біздің буын түсінуі мүмкін. Бірақ екі мыңыншы жылдардан бергі Z ұрпақ Абайдың ойының 60-70 па­йызын түсінбейді. Сөздік қоры жетпейді. Қазіргі балалар кітап оқымайды. Бұған сіз қалай қарайсыз?

– Балалардың кітап оқуы, соған жетуі керек. Ол үшін бала балабақшадан бастап ана тілінде сөйлеуі қажет. Үйде ешбіріміз орысша сөйлемесек те, қазақша балабақшаға барса да, менің немерем орысша сөйлеп жүр. Оған күнделікті смартфоннан көретін контент әсер етті. Баланы былай қойғанда, қазір Абайды студенттер де түсінбейді. Мысалы, мен қазір Абайды қайта алып оқысам, басқаша түсінемін. Абайдың түсінуге ауырлығы оның нашарлығы емес. Абайдың деңгейіне жете алмай жатырмыз. Әлемге танымал мемлекет басшыларының 90 пайыздан астамы ұлттық тәрбие алып, басқа шет тілдерін білмеген екен. Бұл тізімге Нобель сыйлығы лауреаттарының да 90 пайызын кіргізуге болады. Ал енді Қазақстанда математика ғылымының докторларынан орыс мектебін бітірген бір-ақ адам шыққан. Қалғаны – ­қазақ мектебін бітіріп, ауылда өскендер. Ойлау жүйесін дамыту үшін бағана айтқан түпсана іске қосылуы керек.

– Сіз ұлт болашағында неден қауіптенесіз?

– Ең басты мәселе – тіліміз, рухани құндылықтарымыз жоғалмауы қажет. Қазіргі жастар жаппай ақпараттық технологияның, смартфонның соңында жүр. Осыдан біртіндеп бас тартуымыз керек. Ол үшін билік қазақша сөйлеуі, рухани құндылықтарымыз бірінші орынға шығуы тиіс. Қазір біртіндеп осы қаупім сейіле бастағандай. Бұдан біз тек қана түркілік бірлік аясында шығамыз. Жақында ғана түркі елдерінің басшылары ақпараттық, мәдени, экономикалық жақтан бірігу туралы келісімге келді. Түрік тілдерінің ішіндегі ең түркілік болмысын сақтап қалған тіл – қазақ тілі.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button