Басты ақпарат

Наурыз – ел бірлігінің жарқын үлгісі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Наурыз мейрамына арналған іс-шараға қатысты. Мерекелік іс-шара аясында Мемлекет басшысы «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклін тамашалады. Сондай-ақ, «ЭКСПО» көрме кешені аумағында орналасқан этноауылды аралап көрді.

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөз сөйледі. Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бұл мейрам ұрпақтар сабақтастығының және халқымыздың тереңнен тамыр тартқан салт-дәстүрі мен мәдениетінің символына айналғанын айтты.
– Наурыз шынайы жалпыхалықтық мерекеге, әрбір азаматымыз бүкіл Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосып отырғанын көрсететін ел бірлігінің жарқын үлгісіне айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті жалпыға ортақ жаңару мен рухани жаңғыруды танытатын бұл қас­терлі мерекенің өнегелік маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
– Ежелден бұл мейрам адам­дарды береке-бірлікке бастап, оларды жақсылық пен мейі­рімділікке, махаббат пен шаттыққа бөлеп келеді. Бұл күндері біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, өкпе-ренішімізді кешіреміз, үйлесімділік пен бірлікке ұмтыламыз. Еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің берік негізін қалыптастырып, өзара құрмет пен келісім құндылықтарын нығайту бәріміз үшін аса маңыз­ды, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында бас­ты барлық бағыттар бойынша зор нәтижелерге қол жеткізгеніне ерекше назар аударып, бүгінде еліміз одан да өршіл мақсатты – әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздеп отырғанын атап өтті.
Президент әрбір азаматымызға жаңа мүмкіндіктер беретін «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру мәселесіне ерекше тоқталды.
Соңында Елбасы Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында барша жұртқа бақыт, береке-бірлік пен толағай табыс тіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button