Қала тіршілігі

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ КОЛЛЕДЖДЕН КОЛЛЕДЖГЕ ЖАЛҒАСУДА

IMG_0866

Биылғы жылғы Наурыз мейрамына Астаналық оқу орындары ерекше дайындықпен келіпті. Осы жолы Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы шаһардағы Медициналық-техникалық колледждің Наурыз мерекесіне әзірлігін тексерді. Бұл орайда бұрнағы жылдардағыдай емес, енді колледждер мен жоғары оқу орындары жеке-жеке жарысатын бопты.

Аталмыш колледж елімізде тіс техниктері мен оптиктерін, стоматологтар мен фармацевт-провизорларды даярлайтын бірден-бір орта арнаулы оқу орны екен. Колледж директоры, медицина ғылымының кандидаты Айгүл Жанатқызының айтуынша, оқу орны келешекте  кеңейіп, үлкен оқу ордасына айналатын түрі бар.

Наурыз өтетін колледждің акт залы қазақтың ұлттық атрибуттарымен безендіріліп, қабырғаларына қазақы ою-өрнекті, түрлі-түсті кілемшелер, сырмақтар, қасқырдың, түлкінің терілері ілініп, әдемі де айшықты көркем жазулармен көмкерілген екен. Колледжге қонақ ретінде келген белгілі ақын, Ә.Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты Бақытжан Тобаяқов Жаңа жылқы жылына арнаған жырынан шашу шашып, ақ батасын берді. Тілдерді дамыту басқармасының мамандары Ержан Еңсебаев пен Бағлан Асылбеков құттықтау сөз сөйледі.

Көктем мерекесінің концерттік бағдарламасы да мазмұнды өтті. Мұнда ата салт-дәстүрімізге байланысты түрлі скетчтер, интермедиялар қойылып, колледж шәкірттері әуелете ән салып, нақышына келтіріп би биледі. Сонымен бірге осында енді-енді қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басар бөбектің тұсаукесер рәсімі өткізілді. Соңыра директордың орынбасары Балтабай Ибрагимбеков Ш.Сариевтің сөзіне жазылған К.Дүйсекеевтің «Ойлан, балам» атты әнін шабыттана орындап берді.

 

Сағи ОРАЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button