Басты ақпарат

Наурыздан наурызға дейін

Алаштың ардақты қайраткерлерінің бірі Сұлтанбек Қожановтың: «Наурыз – табиғат мейрамы. Наурыз – діни мейрам емес, тұрмыс мейрамы, шаруа мейрамы» дейтіні бар. Бұл, байырғы қазақтың ұғымында Наурыз – ас ішіп, аяқ босатудың емес, өткеніне есеп беретін, тұрмыс-тіршілігінің келесі сатысын бағдарлайтын айтулы кезең екенін мегзейді. Қазіргі сәнге айналған тіркеспен айтар болсақ, жылды қорытындылайтын уақыт. Ендеше, наурыздан наурызға дейінгі уақыт аралығындағы еліміздің ішкі және сыртқы жағдайына тоқтала кеткеніміз жөн болар.

Әрине, өмір болған соң дүние бірде шөл, бірде көл. Шүкіршілік, біздің де басқаларға үлгі етіп тартатын үрдістеріміз бар екені даусыз. Келімді-кетімді шетелдік әріптестеріміздің айтатын ортақ пікірі осындай. Қазақстан шежіресі үшін өтіп бара жатқан жыл жетістіктерден кенде емес. Біріншіден, жаһандық әрі геосаяси күн тәртібін белгілейтін әлемнің ең ірі халықаралық ұйы­мының басты органы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне біздің елдің төрағалық етуін айтқан жөн. Бұл өз Тәуел­сіздігін бар болғаны 26 жыл бұрын алған мемлекеттің оны басқару мүмкіндігіне ие болуы – ілуде бір кездесетін жағдай. Жалпы, 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіміз еліміздің белсенді және жауапты халықаралық ойыншы ретіндегі беделін мейлінше нығайтуға, қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, өңір­лік мәселелердің шешімін табуға жаңа екпін беруге, отандық дип­ломатияның кәсібилігін сапалық жаңа деңгейге шығаруға, мамандарымызды БҰҰ құрылымына ілгерілетуге, аса ма­ңызды халық­аралық проблемалар жөніндегі жедел ақпаратқа қолжетімділік алуға мүмкіндік берді.


Қазақстандағы айтулы жаңалықтың екіншісі – Шымкент қаласының республикалық маңызға ие болып, Түркістан облысының құрылуы болды. Бұл – демографиялық саясат жағынан да, экономикалық тұрғыда да тиімді шешім, аймаққа инвестиция тартуда да өз пайдасын тигізері анық. Түркістанның бүкіл түркі әлемінің рухани ошағының бірі екенін ұмытпау керек.
Өтіп бара жатқан жылдың айшықты белгісінің енді бірі, ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың төлтумасы саналатын елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы екендігін айтқан жөн. Тұңғыш Президенттің Қазақ­станның заманға лайық жаңа астанасын салу жөніндегі идеясы іс жүзінде қуатты экономикалық ірі жобаның бастауы болатын. Ал бүгін Астана жан-жақты дамыған, мәдени ошақтары көп, қалалық қызмет көрсету деңгейі тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы, ел экономикасының бас қайнары ретінде әлемнің үздік қалаларының біріне айналды, «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген сөз тіркесі бүгіндері ел жүрегіне сіңіп, нақыл сөзге айналып үлгерді.
Елеулі оқиғалар қатарына Қазақ жерінде өткен кезекті VI Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін жатқызу орынды. Бұл жиында әлем бойынша өзекті дін мәселесі жан-жақты талқыланып, нәтижесінде көптеген көкейкесті сұрақтар өз шешімін тапты. Ал әлемдік саясаттағы маңызды оқиға Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея басшыларының кездесуі болды.
Сондай-ақ 2018 жылы АҚШ-та ең қымбат Конгресс сайлауы өтті. Одан бөлек Ангела Меркель Германия канцлері сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді. Францияда ең ауқымды наразы­лық шарасы өтті.


Иә, бейбіт өмірдің маңызын әрбір ел жіті қадағалап, ауадай қажеттілігін сергек сезіне отырып, қоғамның қымбат қазынасы ретінде сүбелі үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұған негіз де жоқ емес. Білікті мамандардың арнайы зерттеулеріне сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемде 170 рет соғыс өрті тұтаныпты. Қазір де төрт құрлықта 24 жерде соғыс сипатындағы қақтығыстар орын алуда. Алаңдатарлығы сол, Ресей мемлекеті мен АҚШ және Батыс елдері арасындағы текетірес бүгінде ушыға түсуде, мұның арты әлемдік деңгейдегі қарулы қақтығыстарға ұласып кетуі бек мүмкін. Осындай жағдайда Қазақстан үшін қауіпсіздік мәселесі өте өзекті болып қала бермек. Осы ретте азулы мемлекеттермен қарым-қатынасты дұрыс жолға қою мәселесінде де бұл жыл табысты болды. Назарбаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесулері елде қауіпсіздікті нығайтуға, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуге ықпалы болғанын айтқан жөн.
Сөз жоқ, басты құндылығымыз – тәуелсіздік пен елдің ты­ныштығы. Осы екеуінен айы­рылсақ, бәрінен де айырыламыз. Бізге соғыс пен бүліктің керегі жоқ, ат төбеліндей аз қазақ эволюциялық жолмен өсуіміз керек. Сондықтан да Президент Назарбаев биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Қазақстанда жаңа даму кезеңінің басталғанын әрі осы алдымыздағы он жылдың 30 дамыған елдердің қатарына кірудегі шешуші жылдар болатынын атап өтті. Ал бұл шешімді іске асыру жаңарудың басы саналатын, табиғат атаулының тіріліп, өмірге жаңаша бір құлшыныспен қадам басатын, еліміздің бірлігін сақтап, туған-туысқанның басын қосып татулыққа, бауырластыққа шақыратын Наурыз айынан бастау алатынын жақсылықтың нышанына балаған жөн. Олай болса, Қазақстан жылдан жылға дамудың табан жолынан даңғыл жолына өте отырып, өркениеттің төріне шығарына сенім мол.

Кенжеболат МАХМҰТҰЛЫ,
саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button