Басты ақпаратРуханият

Наурыз – ізгілік мейрамы

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері әр салада жасампаздық өріс алуда. Тек мерекелер емес, қоғам дамуының әр бағытында айтарлықтай оң өзгерістер мен көкейге қонымды даму үрдісі қалыптасты. Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру жолында барынша әділетті, ашық қоғам салтанат құрып, халық игілігіне арналған түрлі игі шараның жүзеге асуына баса бағыт беруі күн санап жағымды жаңалыққа ұласуда.

Жыл басы саналатын наурыз айы көп ұлттың ортақ Отанына айналған қазақ елінде «Мейірімділік» күнімен басталып, көктем мезгілінің бастауы – жаратылыстың нәзік өкілі әйел-­аналар мерекесімен жалғасады. Одан бері аумағы жағынан әлем бойынша тоғызыншы орынды иемденетін жер көлемі байтақ, көңілі дархан қазақ елі сонау батыстан бастау алып, шығысқа бет алған Амал мерекесі – Көрісу күнін атап өтіп, жұртшылық бір-біріне, үлкен-кіші: ұлы әкесіне, қызы анасына, шәкірті ұстазына, әріптестер бір-біріне жылы сөзін арнап, мәре-сәре күй кешеді. Бұл да бейбіт өмірдің көрінісі.

Көрісу күні ресми мейрам ретінде мойындалмаса да, батыс жұртшылығы асыға күтетін және қазіргі таңда ел өңірлерінде дәстүрге айналып үлгерген осы Амал мерекесінің мәні зор. Ынтымақ пен бірлікке, татулық пен кешірімге шақыратын әр күннің қазақ халқы үшін маңызы зор. Бейбіт өмірді қалайтын халық Жаңа Қазақстанның болашағынан тек жарқын өмір, жағымды өзгерістерді күтеді және соны бір-біріне жүрек үнімен жеткізіп жатады.

Адамға тән сыйластық, мейі­рім, бауырмалдық, құрмет көрсету, дәстүрге берік болу, ұлттық салтты дәріптеу үшін заң қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл – адамдар арасындағы өзара ынтымақты арттыруға бағытталған ізгі қарым-қатынас. Осы орайда Наурыз мерекесінің де рөлі айтарлықтай болмақ. Ендеше Наурыз – ұлық мереке, ұлыс мерекесі. Ұлт барда – ұлыс бар.

Тарихқа көз жүгіртсек, Наурыз – көне мейрам. Оны тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтары көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Осындай көне мерекенің жаңаша сипат алуы тәуелсіз Қазақстанның жерінде жасампаздық пен жаңашылдықтың салтанат құруы деп білеміз.

Шын мәнінде, Наурыз – жыл басы. Наурыз – жаңару, ізгілік мерекесі. Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды.

Әр мерекенің түп төркіні, шығу тарихы бар. Наурыз мейрамында адамдар бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қуанышқа толы болсын!» деген ақжарма тілегін айтып, ізгі лебізін білдіріп жатады. Осы айтылып жүрген «Ұлыс» сөзінің мағынасына мән беру де көпшіліктің танымдық деңгейін арттыра түсері хақ.

«Ұлыс» – ежелгі түркі сөзі. Түрік-моңғол тілдес елдерде «Ұлыс» деп мемлекетті айтады екен. Яғни бұл сөз тіркесі «22 наурыз – мемлекеттің ең басты мерекесі» дегенді білдірсе керек. Сонда «Ұлыстың ұлы күні» мемлекеттің ұлы мерекесі дегенді білдіріп тұр десе болғандай.

«Ұлыс» – қазақ халқы үшін қа­сиетті сөз, мағынасы өте кең. «Ұлыс» біздің қазақы ұғымда да халық, ел дегенді білдіреді. Наурыз мерекесінде айтылу себебі, еліміздің ең айтулы күні деген түсінікте қалыптасқан. Ұлыстың ұлы күні – тек мейрам ғана емес, тіршіліктің бастауы. Біз көшпелі өмір сүрген халықпыз. Сол себепті ата-бабаларымыз қыстан аман шығуды, мал-жанның аман болуын тілеген.

«Ұлыс» сөзінің «ұлы іс» дегендей тағы бір мағынасы бар. Яғни Ұлыстың ұлы күні дегеніміз – ұлы істердің бастау алатын сәті. Сол себепті бұл сөз тек Наурыз мерекесімен байланысты қолданылады. Деректерде «Ұлыс» сөзінің екінші мағынасы «бірігу» дегенді білдіреді. Ұлыстың ұлы күні қазақ даласында екі рет тойланады. Мұның себебі, бұл айдың күнтізбесі бойынша жыл басындағы ілкі айдың 14-інде ай толып, жаңасы басталады. Міне, дәл осы күні аспан денелері өзінің бастапқы нүктесіне келіп, бір цикл аяқталып, жаңасы басталады. Қазақстанның батыс өлкесіндегі қазақтар Ұлыстың ұлы күнін наурыз айының 14-інен бастап мерекелеп келеді. Бұл әлі күнге дейін дәстүрден қалған жоқ. Екіншіден, «Күн» күнтізбесі бойынша Ұлыстың ұлы күнін, яғни жаңа жылды тойлау осы айдың 22-сіне сәйкес келеді. Наурыз – біздің тілімізге орта ғасыр­дың ішінде енген кірме сөз. «Ұлыс» сөзінің ежелгі мағынасы көп мәнге, мифтік болмысқа ие екеніне көз жеткізуге болады.

Ұлыстың ұлы күні – бабалардан жеткен мұрамыздың мәйегі, өткеннен жеткен болмысымыздың жалғасы, болашаққа деген ұлы мұратымыздың жолы. Ұлыстың ұлы күнінің мерейі мен шапағаты – барша жұртқа ­қуаныш сыйлап, жақсылыққа ниет еткен күн. Сондықтан «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Ұлыс береке әкелсін!» деген сөздер халық арасында осы күнге дейін қолданылады. Осындай ұлағатты сөздерді қолдану, жас ұрпақтың есіне салып отыру үлкендердің парызы болмақ.

Ендеше тәуелсіз еліміз Жаңа Қазақстан құру жолында игілікті іс атқаруға барынша жұмылуда десек болғандай. Мемлекет басшысының назарындағы халық көкейіне қонымды жаңа бағытта жасалып жатқан іс-шараларды Астана қаласының Ардагерлер кеңесі барынша қолдайды.

Біздің төріміздегі қазіргі ардагер аға ұрпақтың, абзал жан қариялардың бала күнінде аналары үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қоятыны есінде. Бұл дәстүр қазір заманауи бағытта қаланы көркейту, абаттандыру, ауланы тазалау, саябақтар санын арттыру, гүлзар бақтарды көбейту мақсатында жүзеге асуда. Осындай ізгілікті істерден Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің әр мүшесі қалыс қалмайды.

Маржан ПІРІМБЕТОВА,

ҚР білім беру ісінің үздігі, ­«Құрмет» төсбелгісінің иегері,

Астана қаласы

Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button