Наурыз мейрамында Астанада ауқымды іс-шаралар өтуде

Елордада 21-22 наурыз күндері қаланың алты ауданындағы барлық ашық алаңда, оның ішінде елді мекендерде Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қалалық алаңда (елорда әкімдігі ғимаратының алдында), «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументтері алаңдарында, «Астана Арена» стадионы мен ЭКСПО алаңының аумағында таңертеңнен бастап мерекелік әндер ойналып, қолөнер жәрмеңкелері ашылып, дәстүрлі тағамдар дайындалуда, сол сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталып жатыр. Қатысушылар гір көтеру, қол күресі, арқан тарту, асық ату, қазақша күрес, қой көтеру, т.б. сынға түсіп жатыр.
Алты ауданда да киіз үйлер тігіліп, мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Өтетін орындарда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен қалалық оркестрлер өнер көрсетеді. Олардың қатарында Қанат Үмбетов, Абай Бегей, Әлішер Кәрімов, Айдар Байділдин, «Алтын» триосы, «Арт домбыра» тобы, Мәди Қадыров, Ғалымжан Жолдасбай, Нұркен Якияев, Меломен, Жақсыкелді Маясаров, «Қазақия» дуэті, Әйгерім Мамырова, Кеңес Әлімжан, Ғаділбек Жанай, Маржан Арапбаева, Нұрлан мен Мұрат, Асхат Тарғын, Айгүл Иманбаева, «Алтын» этно ансамблі, ДиАрт, Бәйтерек топтары, Ернар Жұматаев және т.б. бар.
Түрлі-түсті фотоаймақтар ұйымдастырылып, алтыбақандар орнатылды.
21 наурыз күні сағат 11.00-ден бастап Есіл ауданында «Бәйтерек» монументінде мерекелік шаралар басталып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп жатыр, сағат 13.00-де концерттік бағдарлама басталады.
Сағат 11:00-ден бастап ЭКСПО алаңында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда-саттық өтеді. 14:00-де концерт басталады.
Сарыарқа ауданындағы қалалық алаңда мерекелік шаралар өтуде. Аумақта сегіз киіз үй тігіліп, сағат 11:00-ден бастап елордалық қонақтар ұлттық қолөнермен танысып, ұлттық тағамдар сатып алатын дәстүрлі өнімдердің жәрмеңкесі күтіп тұр. Ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар өтіп жатыр, ал сағат 13:00-де астаналық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт басталды.
Байқоңыр ауданында сағат 12:00-де Ататүрік саябағында ұлттық спорт түрлерінен жарыс басталды: қазақ күресі, арқан тарту, гір көтеру, асық ату, қой көтеру, т.б. Әз-Наурыз мерекесіне арнайы фотоаймақ та ұйымдастырылған. Сағат 13:00-ден бастап жұлдыздардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама болады.
Сондай-ақ, 12:00-де Жазушылар аллеясында (Абай даңғылы мен Сембинов көшесінің қиылысы) мерекелік концерт басталды.
Сарайшық ауданында сағат 13:00-ден бастап «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасады, сол сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнершілер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда өтеді.
Алматы ауданында мерекелік шаралар сағат 11:00-де Тәуелсіздік даңғылында орналасқан Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының аумағында басталды. Таңертең ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі, мерекелік сауда ұйымдастырылады. Сағат 13:00-ден бастап өнерпаздардың қатысуымен концерт өтеді.
Нұра ауданында мерекелік шаралар 20 наурызда басталды. 21 наурыз сағат 11.00-ден бастап «Астана Арена» стадионы алдындағы алаңда қолөнершілердің сауда орындары ашылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтуде. Есте қаларлық фотосуреттер үшін бұл жерде бүркітшілер, тазылар, түйелер мен сәйгүліктер бар, сондай-ақ тақырыптық фотоаймақтар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, киіз үйлер мен картиналар көрмеге қойылып, сағат 13.00-де концерттік бағдарламамен жалғасты.
Еске салайық, 14 наурыздан бастап Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі өтіп жатыр. Осы 10 күн ішінде Астанада мерекеге орай 200-ден астам ауқымды іс-шара – концерттер, көрмелер, қойылымдар, шығармашылық кештер және т.б. өтеді.