Басты ақпаратЕл тынысы

Наурыз қалай тойланады?

Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Күн мен түн теңеліп, көктемнің лебі біліне бастаған мезгілде жасалатын бұл мейрам Орталық Азия халықтарының Жаңа жылының басы саналады. Бұл мереке қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, Кеңес өкіметі «діни мейрам» деп 1926 жылы ресми түрде тойлауға тыйым салды. Тек 1988 жылы қайта жаңғырып, халық сүйікті мейрамымен қайта қауышты. Алайда біз наурызды қалай тойлап жүрміз? Наурызда ұлттық құндықтарымыз толық дәріптеліп жатыр ма деген мәселелерге байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынғаны мәлім. Жақында мәдениеттанушы, этнограф Серік Ерғали «Наурыз мейрамының тұжырымдамасын» жасап шықты. Бүгін осы тұжырымдаманы жұрт назарына ұсынып, көп талқысына салуды жөн санадық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінің 2021 жылғы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында және осы газетке 2024 жылғы 3 қаңтарда берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!» сұхбатында жарияланған Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынды.

2016 жылы Қазақстан Әзербайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркменстан, Түркия және Өзбекстанмен бірге көпұлтты номинация «Наурыз. Мерекелік дәстүр» ЮНЕСКО Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді.

Наурыз – түркілік танымға сай жылдың жаңаруы, барлық істің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Сонымен бірге, түркілік таным бойынша 12 жылдық мүшелдік цикл басталатын күн Наурыз мейрамына сәйкес келеді.

Тарихы аса терең Наурыз мейрамы ұлттық құндылықтарымызды сақтап, ұлттық дәс­түрімізді жаңғыртудың арқасында ғасырларды жалғап, ұрпақ пен салт-дәстүрдің сабақтастығы мен ұлттың жаңғыруын іске қосар қасиетті кодқа ие.

Шамамен 5000 жыл бұрынғы Алматының солтүстік-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай тауындағы Таңбалы таста қашалған ежелгі суреттер Наурыз мерекесімен мүшелдік жылды мерекелеу көрінісін бейнелейді.

Қазақстанда өмір сүріп жатқан жүзден аса өзге ұлт өкілдері Ұлыстың ұлы күнін қадір тұтып, жалпыхалықтық сипатта тойлап келеді. Наурыз мейрамының негізі мақсаты: ұлттық бірегейлікті сақтап, қазақ халқының мәдени
өзгешелігін дәріптейді.

Мейрамның міндеттері:

– Қазақ халқының рухани құндылықтарын жалпықазақстандық ауқымға трансформациялау;

– жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру;

– отбасы құндылықтары мен институтын күшейту;

– әлеуметтік әріптестік пен қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту;

– этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;

– экологиялық мәдениет қалыптас­тыру және дамыту;

– жалпытүркілік құндылықтарды дәріптеу.

Наурыз – үйлесімнің, береке мен бірліктің мейрамы. Бұл – ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мейрам.

Наурыз мейрамын тойлауға қатысты іс-шаралар 14-22 наурыз аралығында өткізіледі.

Мейрамдаудың мәні мен мазмұны:

14 наурыз – «Шуақ күні» яғни мүшелдік жыл басы. Бұл күн – мүшелдік жаңа жылдың кіретін күні. Жұлдыздық күнтізбе бойынша, Күннің Тоқты шоқжұлдызына таяп келуінен жыл маусымы ауысады. «Қамал» – тоқты шоқжұлдызының маңдайы дегенді білдірген. Қазақы мүшелдік жылдың алғашқы күні, 90 күн қыс мезгілі шығып, тоң кетеді. Тоңның орнын шуақ басатын күн. Қазақтың танымы бойынша бұл күн – көктемнің алғашқы күні. Бұл күннің негізгі ғұрпы – көрісу. Күннің шуағы жерді қыздырып,  көктемнің алғашқы гүлі бәйшешек көктеп, жыл құсы «наурызек» көрінеді.

Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыс­тың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!», «Жаңа жыл құтты болсын!» деген секілді сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн. Алыста жүрген жандар қара шаңыраққа барып, ата-анасына сәлем беріп, ағайын-туыстың үйіне бас сұғады. Алыстағылар онлайн хабарласып, құтпарақпен құттықтасады. Ерлер әйелдерге бәйшешек гүлін сыйлайды.

Наурыз мейрамын тойлау аясында әр ұйымда, оқу орындарында Шуақ күні жұмыс басталардың алдында келушілерді қазақтың ұлттық аспаптарымен ән шырқап, ұлттық тағамдармен қарсы алу өткізіледі.

Радио мен телеарналарда шуақ пен күн сәулесі, күн мен гүлдер туралы әндер мен термелер шырқалады. Көшелерде бұл күні бәйшешек гүлінің бейнесі безендіріледі.

Сондай-ақ бұл күнде гүлдер жәрмеңкесі мен базарлар, айтыстар: жаз бен қыс айтысы, өлі мен тірі айтысы өтеді. Шуақ күніне арналған концерт: ескі жылмен қоштасу, жаңа жылмен қауышу – сахналық қойылымдар (шоу) қойылады.

15 наурыз – «Жаңару күні». Бұл күн, негізінен, рухани және тәндік/физикалық тазару күні болып саналады.

Бұқаралық деңгейде бұл күні адамдар үй-жайын, мекемелер кеңселерін тазартады. Алаңдарды сыпырып, қардан тазалап, бұлақтың көзін ашады. Адамдар ескі-құсқыдан құтылады. Қоқыстан тазарады. Реніштерін кешіріп, бір-бірін рухани жаңаруға шақырады. Сондай-ақ елді мекен аумағын көркейту-көгалдандыру үшін жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіледі. Аулалар мен көшелерді, жолдарды қардан, ластан тазартуға жұртшылық жұмылдырылады. «Үздік ұйым ауласы», «Үздік мектеп ауласы» секілді байқаулар өткізу ұсынылады.

Үйді, киімді, көңілді жаңарту, хош иісті шөптермен, иіссулармен орынжайларды, бөлмелерді жұпарлайды. Волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Ойын-сауық орталықтарында жаппай жеңілдіктер, науқандар жүреді.

16 наурыз – «Жайнау күні». Бұл күн айналаны толық көріктендіруге арналады. Әрбір отбасы мен мекемелер үйлерді, орынжайларды безендіреді. Наурыздың басты атрибуты жолтерек, алтыбақан үйге, алаңға, көшеге не аулаға орнатылады.

Жолтерек (ежелгі түркілік «йол» – «жол»: тілек жолы ұғымын білдіреді) – қазақ халқының танымы бойынша көк аспан мен жердің арасын байланыстырушы рухани мифологиялық жол. Таным бойынша бұл жолмен адамның тілегі Көкке жететін көрінеді. Аңызда оның басқаша атауы – бәйтерек. Төрге құрақ көрпе, алаша, сырмақ, текемет жайылады, кілем төселеді.

Көше, ауыл 7 түспен әшекейленеді. Автокөліктер мен автобустар безендіріледі. Зергерлер мен ісмерлердің, ұсталардың жәрмеңкесі өтеді. Қалаларда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі ашылады. Сурет, қолөнер, дизайн өнімдері бойынша аукцион/бәссауда ұйымдастырылады.

17 наурыз – «Шаттық күні». Бұл күні барлық жерде жарқын көңіл көтерерлік шаралар мен науқандар, концерттер өткізіледі. Басты шара күлдіргі, әзіл шараларына молынан жол беріледі. Әркім 7 адамды қуантуы тиіс деген насихат жүргізіледі. Аз қамтылған отбасыларды қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жоқ-жітімге, жарлы-жақыбайға қол ұшын беруге арналады. Дәулеті мүмкіншілік беретін адамдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Жүрек жылуы», «Наурыз дастарқан» ретінде азық-түлік үлестіреді. Халыққа шаттық, қуаныш сыйлайды.

Алдар көсе сағаты, өтірік айтыс, қылжақ айтыс, әзіл жәрмеңкесі, цирк­тердің өнері, Әзіл-сықақ театрлары өнер көресетеді.

18 наурыз – «Береке күні». Бұл күні ауылдар мен кенттерде, қалалардың алаңдары мен саябақтарында тегін көже ішкізу, бауырсақ тарату қолға алынады. Көже – молшылықтың, бауырсақ – бірлік пен бауырластықтың белгісі. Әр үй 7 адамға наурыз көже ішкізуі тиіс.

Бұл күні әр үйдің дастарқанында ұлттық тағамдар самсап тұрады. Қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлері әзірленеді. Ал этнографтардың айтуынша, қазақта тағамның 200-ден аса түрі болған. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі. Тағамдар шеруі өткізіліп, Наурыз көже мен бауырсақ алаңы ұйымдастырылуы қажет.

Наурыз айында мектеп, колледж және университет асханаларының ас мәзіріне ұлттық тағам Наурыз көжені, талқан, жент, ұлттық сусындарымыз – қымыз, саумал, шұбат және сүт өнімдерімізді енгізу қажет.

Қаладағы мейрамханаларда бірыңғай ұлттық ас мәзірінің тізімін құру және онлайн тапсырыс беру үрдісін қалыптастыру керек.

Алаңдар мен саябақтарда, сарайларда, көшелер мена ауылдарда түрлі тағамдар мен тамақтардың жәрмеңкесін өткізу, мейрамханалар мен дәмханаларда этнотағамдар сағаты ұйымдастырылады.

19 наурыз – «Тағзым күні». Бұл күн – қазақ танымындағы екі дүниенің (О дүние мен Бұ дүниенің) бір-біріне құрметтесуі, Рухани әлемге құрмет күні. Қайырым мен мейірім көрсету күні. Арнайы Құран оқу, еске алу рәсімі жасалып, халықтың амандығын тілейді. Алаңдарда жаппай шелпек тарату, шелпек пісірудің түрлері мен рецептері дәріптеледі.

Қарияларға «Белкөтерер» рәсімі жасалады. Наурыздық бата беру жарысы өтіп, қазақтың шүлен тарату, жылу жинау секілді қайырымдылық институттары насихатталады. Қазақ халқында қайырымдылық мен ұйымшылдықты таныту мақсатында «Асар» мен «Үме» салттарын қайта жаңғырту – өте маңызды іс.

Бұл күні жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барып, ақсақалдардың батасын алады. Осыған байланысты, барлық білім беру ұйымдарында, сондай-ақ телеарналарда «Наурыз бата беру» шарасын ұйымдастыру ұсынылады. Бата беруді телешоу арқылы өткізуге болады.

20 наурыз – «Өркен күні». Өсу, өну, өркендеу, молаюдың басы болып саналады. Бұл күні адамдар үйлеріне, ауласына, тез көктейтін дақыл, гүл, ағаш өскіндетеді немесе егеді. Ата-­әжелер немере-шөберелеріне сыйлық таратады. Ата-аналар балаларына жолдық сыйлайды, депозит ашады. Жолдық – наурызда берілетін сыйлық. Ұлға бәсіре, қызға жасау атау дәстүрі насихатталады. Перзентханалардағы ұл тапқан келіншекке «үлпершек» сыйлау, қыз тапқандарға бүйрек пісіріп береді, сырға-сақина тарту етеді, бесік және басқа лайық сыйлықтар сыйлау. Балаларға асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, бестем, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату, күрес, ақсерек пен көксерек т.б. спорттық ойындар ойнауына арнайы орындар жасалады.

Балаларға арналған шығармашылық ойындар: сюжетті рөлдік ойындар, театр ойыны, құрылыс ойыны, режиссерлік ойындар және ұлттық ойындар ұйымдастыру.

Ұлттық ойыншықтармен ұлттық кейіпкерлерді заманауи трендтер мен үздік тәжірибелерді қолдана отырып дайындау. Балалардың ойыншықтарын ұлттық нақышта жасап сату.

Жастар арасында «Asyk party», «Dombyra party», «Baursak party», этномузыка, ұлттық би кештерін заманауи форматта өткізу.

Ауылдар мен қалалар төлдер тойын өткізеді, балаларға арналған концерттер, аукциондар, конкурстар, шаралар ұйымдастырылады. Балаларға арналған шаралар, концерттер өтеді.

21 наурыз – «Ұлы күн». Күн мен түннің теңесер күні, ақ пен қараның үйлескен күні. Ғарыштық тепе-теңдік сәті. Бала-шағамен тәулік бойы мерекелеп, шаралар өткізіледі.

Наурыздама ұлттық спортқа арналады. Жер-жерлерде, ипподромдарда ересектерге арналған көкпар, бәйге, қыз қуу, жамбы ату, аударыспақ ұйым­дастырылады. Ал балалардың асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату, күрес, ақсерек пен көксерек т.б. спорттық ойындар ойнауына арнайы орындар жасалады.

Сондай-ақ өзге де сайыстар, вело­шерулер, «Наурыз» сөзі жазылған автошерулерді де ұйымдастыруға болады. Қоғамдық көлік сыртына өзіміздің ұлттық ертегідегі қаһарман кейіпкерлер бейнеленген мульт­фильм­дердің жарнамасын жарнамалауды қолға алу өте маңызды. Көлік сыртындағы жарнамалар арқылы балалар өз батырларымызды танитын болады. Осылайша автокөліктер мен автобус­тар безендіріледі.

Сахнада театрландырылған қойы­лым­дар мен жергілікті қала, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және цирктердің көше қойылымдылық бағдарламасы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, Наурыз мей­рамының маңыздылығын арттыру мақсатында қызметкерлер мен жұмысшыларға материалдық және материалдық емес ынталандыру түрлерін қарастыру қажет. Мемлекеттік марапаттар табыс­талады. Сыйлық жасау мақсатында коммерциялық ұйымдардың арнайы «Nauryz сыйлық» әзірлеуін қамтамасыз етуі керек. Ол адамдардың қалтасына қарай әртүрлі бағада болғаны жөн. Ұлттық нақышта дизайны керемет құтпарақтары (открытка), әйелдерге арналған жібектен жасалған мойын­шалғылар, орамалдар және т.б. сыйлықтар дайындау қажет.

Күні бойы болған мерекелік сауық-сайран, «Бастаңғы» – бас таңды қарсы алу шаралары, жастар таң атқанша алтыбақан айналасында сайран құрып, ерлер мен жігіттер «Селтеткізер» әзірлеп, қыз-келіншектер «Ұйқыашар» дайындайды.

Бұл күні телеарналар түні бойы үзілместен таң атқанша сауық-сайран ұйымдастырады.

22 наурыз – «Бастаңғы күні». Қазақ халқының дәстүрінде таңды қарсы алу «Бастаңғы» ғұрпымен жүзеге асқан. Бұл күні жұрт таң атқанша ұйықтамастан, сағат 7:00-де Бас таңды қарсы алады. Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алатын  телеарналарда 10 сағаттық «Бастаңғы» таңды қарсы алу шарасы өткізіледі. Жұрттың бәрі таңды қарсы алуға арнайы киім әзірлейді, костюм киеді. Ерте тұрып таңды қарсы алып, Жаратқанға құрмет көрсетеді. Ақ пен жарық мол болсын деп бір-бірін құттықтайды.

Осы сәтте, Президенттің құттықтауы (болмаса ежелгі сақ-ғұн дәстүрімен атқан таңды қарсы алу ғұрпын жасайды) телеарналардан, интернет кеңістікте беріледі және оны барлық халық тыңдауы үшін Наурызды мерекелеуге арналған алаңдарда LED экрандар орнатылуы тиіс.

Сақтар дәстүрімен қызыл мауыты киінген 360 балдырғанмен бас таңды қарсы алу шарасы өтіп, көшеде Наурыз шеру басталады. Жамбы ату жарысымен барлық спорт ойындары өтеді. Жалпыхалықтық тойлау жиындары Қыдыр атаның келіп, ізгі тілек айтып, ақ батасын беруімен басталуы керек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button