«Наурызбен» қалай қайта қауыштық?
шығыстанушы-дипломат Сайлау Батырша-ұлымен сұхбат

Қазақ халқы Орталық Азия халықтарымен бірге Наурыз мерекесін Жаңа жыл ретінде атап өтіп келді. Кеңес кезеңінде 1920 жылы Түркістан Республикасы Атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлұлы Наурыз мерекесін тойлау туралы бұйрық шығарған, алайда кейін бұл мейрамды Мәскеу ресми түрде атап өтуге тыйым салды. 1988 жылы халықтың талабымен, қазақ зиялыларының қолдауымен Наурыз мерекесін қайтадан тойлау туралы шешім қабылданды. Оған Еркеғали Рахмадиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Шаханов, Уәлихан Қалижан, тағы да көптеген зиялы қауым өкілдері атсалысты.
– Сөз Наурыз хақында болған соң, алдымен Наурыз мерекесі жайына тоқтала кетсеңіз.
– Наурыз – халқымыз сан мың жылдар бойы тойлап келе жатқан мереке. Кеңес кезінде діни мереке деп шеттетілгенмен, кейінірек көпшілік қауымның талабымен қайта тойлай бастадық. Тарихқа жүгінсек, ежелгі халықтар, негізінен, Жаңа жылды табиғаттың жаңаруымен, яғни жер қысқы ұйқыдан оянғаннан кейін, көктемнің келуімен байланыстырған.
Көне яхудилердің таным-түсінігінде де жаңа жыл «авив» айы, яғни наурыз айының соңы, сәуірдің басы болатын. Еуропаны басқарып отырған Рим империясында да жаңа жыл басы наурыз айы еді. Алайда Иисус Христос туғанынан бастап жаңа жыл біздің заманымыздың 45-інші жылы Рим императоры Юлий Цезарь жыл басын табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелуін ескермей, оған діни мағына берді. Сөйтіп, христиан дінінің негізін салушы Иисус Христостың туған күніне жақындатып жыл басын 1 қаңтарға апарады. Қақаған қаңтарда не өзгереді? Сол баяғы қыс, қар, күн мен түннің еш айырмасы жоқ. Ал 21 наурызда күн мен түн теңеледі, табиғат жаңарады. Бұл – біздің заманнан бұрын көне Парсы, Орталық Азия ғалымдары зерттеп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеген дүние.
Алайда қазір христиан мемлекеттері Жаңа жылды 1 қаңтардан бастайды. Америка құрлығындағы мемлекеттерде де осылай. 1699 жылы орыс патшасы І Петр Голландиядан үйреніп, Ресейде жыл санаудың басын Иисус туған мезгілге жақындатып, яғни 1 қаңтардан басталсын деген бұйрық шығарды. Одан бұрын орыс, татар, башқұрт, ноғай, авар, қарашай және басқа түркі елдерінде Жаңа жылды Қазақстан, Орталық Азия, Шығыс елдері сияқты табиғаттың жаңарған, қыс маусымының көктемге ауысқан мезгілінде, яғни наурыз айында атап өтетін.
– 2006 жылға дейін Қазақстан Наурызды басқа мемлекеттерден, көрші халықтардан бір күн кейін тойлағанының себебі неде?
– 1991 жылғы 15 наурызда Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаевтың наурыз айының 22-сін «Наурыз мейрамы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Қателік осыдан басталды.
– Осы қателікті түзету үшін сіз ел Президентіне хат жазып, шығыстанушы әрі араб, парсы тілдерін меңгерген маман ретінде өз ұсынысыңызды айтыпсыз. Енді осыған тоқталсаңыз.
– Наурызды мереке ретінде қайта тойлауға жұрт айрықша белсенділік танытты. Ақыры ұлт рухы жеңіп, мереке ретінде тойланатын болды. Бірақ датасында қателік кетті. Күнін шатастырып алдық. Орталық Азия халықтары, көне Иран ғалымдары күн мен түннің теңелетін уақытын, күнін сағатына, минутына дейін тура астрономиялық дәлдікпен есептеп шығарған. Күн мен түннің теңесуі тура 21 наурызға сәйкес келеді. Бұл туралы қолымда Алматыдағы Астрофизика институтынан алынған анықтама да бар. Сондықтан Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерінің жыл басын 21 наурыз деп белгілегені өте дұрыс. Мәселен, көрші Өзбекстанда, Қырғызстанда 21 наурыз жаңа жыл мерекесі деп жарияланған. Тәжікстанның президенті Э.Рахмон Наурыз мерекесін екі күн деп белгілеген, яғни ол 21-22 наурыз аралығында тойлау туралы пәрмен шығарса, Түрікменстан президентінің 2002 жылғы жарлығына сәйкес, Наурыз 21-інде басталып, мереке 3 күнге созылады. Ал Иранда 21-інен бастап Наурыз мерекесіне бір апта демалыс берілген, мектептегі балалар көктемгі каникулға 15 күнге шығады.
Ал біз осыларды ескермедік. Бұған тікелей сол кездегі Үкіметте отырған адамдар кінәлі. «22 наурыз – көктем мейрамы» деп шыққан Президент Жарлығын газеттен оқығанда мен аң-таң болдым, баспадан қателік кеткен шығар деп ойладым. Ақпарат министріне телефон соғып, осындай қате кетіпті дедім. Бірақ ол ешқандай қателік кеткен жоқ, 22 мартта болады дейді.
Болмаған соң, дәлелдің бәрін жинап, Премьер-министрдің орынбасары М.Жолдасбековке айттым. Ол кісі қателік кеткенін мойындап, менімен келісті, алайда «Президент наурызды мереке ретінде жаңа ғана кіргізді, қазірше қоя тұрайық. Жарияланып кетті, кейін түзетеміз» деді.
Содан көп өтпей мен дипломатиялық қызмет бабымен шет елге кетіп қалдым, 10 жылдан кейін елге оралсам, Наурыз тойлайтын уақытта еш өзгеріс болмаған, қайтадан Мәдениет министріне, Үкімет басшысына дейін хат жаздым. Онымнан түк шықпады, бәрі қателікті Мемлекет басшысына айтуға жүрексінді. Ақыры Президент Н.Назарбаевқа хат жазуға тура келді, хатымда бүкіл Орталық Азия, Таяу Шығыс халықтары Наурыз мерекесін Жаңа жыл басы ретінде 21 наурызда тойлайтыны туралы толық мәлімет бердім. Сөйтіп, бұл ұсынысты Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап, жыл басы мерекесі 21 наурыздан басталатынын жариялап, оны бір күн емес, үш күн: 21, 22, 23 наурызда тойлау туралы Жарлық шығарды.
– Сіздің бұл еңбегіңіздің игілігін бүгінгі ұрпақ көріп, үш күн демалып жүргені рас. Ата салтымызды сақтау үшін еткен еңбегіңізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
– Республиканың батыс өлкесіндегі қазақтар 14 наурыз – Көрісу – Амал мерекесін тойлайды. Алайда бұл мереке – халықтың ғұрып-дәстүрі, оны Жаңа жыл – «Наурыз» мейрамы деп жұртты шатастырмау керек, жоғарыда айтқандай, табиғаттың заңы бойынша 21 наурызда ғана күн мен түн теңеледі, Жаңа жыл «Наурызда» туады. Наурыз деген сөздің өзі парсының «ноу» – жаңа, «руз» – күн деген сөзінен шыққан.
Күллі тіршілік қайта түлейтін қастерлі Наурыз мейрамын ғаламшардағы 350 миллионнан астам адам атап өтеді. Ұлыстың ұлы күні адамзаттың құнды мұрасы ретінде 2009 жылдың 30 қыркүйегінде БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді. Ал 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы «Наурыз» мерекесін халықаралық мереке ретінде жариялады. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін түркі, парсы халықтарымен қоса, әлем елдері үлкен қуанышпен қарсы алып, тойлайды. Барша отандастарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын!
Дайындаған Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ