Наурызға бата

Ассалаумағалейкүм, барша халқым,
Қазақтың шығарайын атақ-даңқын.
Армысың, ақ самайлы ата-ана –
Сәлем беру – бұл менің ата салтым.
Әумин десең маған,
Бата берейін саған.
Күрпілдесін сабаң,
Арта берсін бағаң.
Бүкіл дәулетті бабаңның,
Малын берсін саған.
Әуелі Құдайым оңдасын,
Сосын Қыдыр қолдасын.
Тоғыз інген боталап,
Тоғыз келін қомдасын.
Ұлың он шақты болсын,
Қызың моншақты болсын.
Қазаның қаспақты болсын,
Сиырың баспақты болсын.
Ерді жарымен сақта,
Биені тайымен сақта,
Жақсыны жұбымен сақта,
Өзіндік құнымен сақта.
Жаманшылық бермесін,
Беделің тасып өрлесін.
Адал болсын алғаның,
Балды болсын бармағың.
Өссін бедел-салмағың,
Аман болсын мал-жаның.
Көбейсін жегжат сүйегің,
Қажымасын жігерің.
Жалғасын тыңда батамның
Ендігі айтар тілегім:
Маң-маң басқан, маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан.
Алғы өркешін қом басқан,
Артқы өркешін шом басқан.
Төрт бұты бар сырықтай,
Мойыны бар құрықтай,
Ойсыл қара иесі –
Түйе толсын қораға.
Жақында жүрсе қауышқан,
Алыста жүрсе табысқан.
Қамбар ата иесі –
Жылқы толсын қораңа.
Дауысы бар азандай,
Желіні бар қазандай.
Бақайы бар шыртылдақ,
Мүйізі бар жылтылдақ.
Зеңгі баба иесі –
Сиыр толсын қораңа.
Құрайласа жабылған,
Пірайласа табылған.
Базарға салса пұл болған,
Қырқып алса жүн болған,
Шопан ата иесі –
Қойлар толсын қораңа.
Таудан тасты құлатқан,
Малшыларды жылатқан,
Терісі бұтқа қап болған,
Мүйізі пышаққа сап болған,
Шекшек ата иесі –
Ешкі толсын қораңа.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Ұрпағыңмен ортаң толсын,
Дәулетіңді тасытсын,
Сәулетіңді арттырсын.
Наурыз тойың келгенде,
Ақ дастархан жайылып,
Адал ас пен бас тұрсын.
Байсалды туған балаңды,
Байтағына бас қылсын.
Жақсыменен дос қылсын,
Жаманменен қас қылсын.
Иманыңызды рас қылсын,
Бала-шаға көп болсын.
Уайым-қайғы жоқ болсын,
Көйлегі көк, тамағы тоқ болсын.
Менің айтқан бұл батам,
Қазақ еліне дөп келсін!
Мекебай КӘКЕНҰЛЫ,
республикалық бата
байқауының жеңімпазы