Ел тынысы

Наурызнама онкүндігі жарияланды

Елордада Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев биыл тойланатын Наурызнама онкүндігін жариялады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

14 наурыз күні – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілмек.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

«14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өткізу, жеңілдіктер жасау жоспарлануда», – деді ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев ОКҚ алаңында.

Ал, Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button