Наурызнамадағы қаламгерлер додасы

Самарқанның көк тасы жібіп, көктем деп барлық отбасы күліп тарихы Нұхтан қалған, тамыры жұттан қалған Наурыз мерекесін күллі қазақ елі тойлап жатыр.
Жеті дәмнің басын қосып, жеті бастаудың көзін ашатын Алаш баласы үшін бұл мерекенің орны бөлек қашанда.
Айтулы мерекені астаналықтар да айрықша атап өтуде. Күні кеше ғана Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Elorda Aqparat» ЖШС зиялы қауым өкілдері мен журналистер арасында бильярдтан турнир өткізді. Оған Жазушылар одағының астанадағы филиалының басшысы Бауыржан Бабажан, қазіргі көзі тірі классик жазушы Төлен Әбдік, жазушы, тарихшы Қойшығара Салғара, қоғам қайраткерлері Дархан Мыңбай, Алдан Смайыл, Қайрат Сақ, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан және басқа да танымал тұлғалармен қатар жас жазушылар қатысты.
Аталған жарыстың қазақ халқының ұлттық мерекесі Наурыз айын тойлау және дәріптеу мақсатында ұйымдастырылғанын айтқан Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп ашылу салтанатында сөз сөйлеп, қатысушылар сәттілік тілеп, айдан аман, жылдан есен өткен аға буын өкілдеріне арнайы дипломдарды табыстады.
Атап айтар болсақ, Ұлы қазақ ойшылы және ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл номинациясы бойынша Төлен Әбдікті, Алаштың көрнекті қайраткері, ақын-жазушы, публицист Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл номинациясы бойынша Тұрсын Құдакелдіұлын, жазушы, әдебиеттанушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл номинациясы бойынша Алдан Зейноллаұлын, Мемлекеттік қайраткер, жазушы Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл номинациясы бойынша Қойшығара Салғараұлын арнайы марапаттап құттықтады.
Сондай-ақ «Наурыз – жаңару мен бірлік мерекесі, ал Көрісу күні – адамдардың бір-бірімен қауышып, үлкендерге құрмет көрсететін ерекше дәстүр. Біздің мақсатымыз – осы дәстүрді дәріптеу ғана емес, аға буын мен жас буын өкілдерін бір ортаға жинап, пікір алмасуына жағдай жасау. Қаламгерлер қауымы – елдің рухани тірегі. Олар тек жазу үстелінде ғана емес, осындай бейресми басқосуларда да өзара тәжірибе бөлісіп, өмірлік сабақтарын жеткізе алады. Бүгінгі шара – соның жарқын дәлелі» деп атап өтті Сәкен Есіркеп.
Ал жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдік зиялы қауым мен журналистердің бір-бірімен пікір алмасуы үшін осындай шаралардың маңыздылығын атап өтті.
«Ұрпақтар арасындағы жалғастық үзілмеуі керек. Бір-бірімізді көріп, дидарласу – көңілімізді көтереді. Қоғамды өзгертетін – журналистика, ал оның міндеті – өзекті мәселелерді көтеру. Егер біз біртұтас болсақ, бар қиындықты жеңеміз. Сондықтан осындай басқосулар қажет» деді ақсақал.
Сондай-ақ жарыстың ұйымдастырушысы «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек наурыз айының өзі елді береке мен бірлікке, көрші мен көршіні, туыс пен туысты татулыққа шақыратын ай екендігін айтып, аталған жарысты әдейі осы айда ұйымдастырып жатқандықтарын жеткізді.
«Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Елорда ақпарат» бірлесіп ұйымдастырып отырған бұл жарыстың маңызы зор. Өйткені мұнда қаламгерлеріміз бір-бірін көріп, көңілдерін сергітіп, бір-бірімен үйіркелесіп-шүйіркелесіп арқа-жарқа болып қалады. Жиналған көз мергендердің арасында неше жылдан бері чемпион болып келе жатқан ағаларымыз және жаңадан қосылып жатқан ақын-жазушыларымыз бар. Сондықтан бұл ойын аға буын өкілдері мен жас буын арасындағы байланыстың да нығая түсуіне ықпал етеді деген сенімдеміз, – деді О.Сыдықбек.
Осылайша азаннан кеш батқанша ойын алаңында ойларын ортаға салып, бойларын жазған қас таланттардың тартысты өткен тастаяқ жарысында бірінші орынды «Айқын-Литер» ЖШС директоры Талғат Ешенұлы жеңіп алса, екінші орынды алаштанушы, ғалым Қайрат Сақ иеленді.
Ал екі үшінші орын жазушы, журналист Ұларбек Нұрғалымұлы мен Толқын Табысбек өзара бөлісті. Ал «Шебер ойыншы» номинациясын Шүкір Шахай, «Мерген ойыншы» Нұртөре Жүсіп, «Мәдениетті ойыншы» Алтынбек Нұхұлы, «Ең ұзақ серия» аталымын Әлімжан Сабыржанұлы, «Көрермен көзайымы» Бауыржан Бабажанұлы, «Жеңіске деген жігері үшін» аталымын Ғабит Тәжімұратов, «Ең жылдам жеңіс» аталымын Шархан Қазығұл, «Үздік дуплет» номинациясын Бақытбек Қадыр қанжығасына байлады.
Шапағат ӘБДІР