Басты ақпарат

НАЗАРБАЕВ САЯСАТЫНЫҢ САЛМАҒЫ

Биылғы жыл тарих бетінде Қазақстанның дипломатиялық қызметінің құрылғанына 20 жыл толуымен қалмақ. Бұл аралықта Сыртқы істер ведомствосы өзіне жүктелген міндетті табысты орындап, соның арқасында еліміз әлемді өзіне қаратып отырған беделді мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сыртқы саясаттағы жұмысымыздың жемісті болуы, әлбетте, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Себебі, Президент басшылығымен Қазақстан жыл сайын саяси салмағына салмақ қосып, аймақтық көшбасшы әрі әлемдік саясаттағы белсенді һәм беделді ойыншылардың біріне айналды. Соның негізінде еліміздің брэнді табысты сыртқы саясаты қалыптасты.

Азаттық алғаннан бастап бүгінге дейінгі аралықта елі­міздің дипломатиялық корпусы халықаралық қатынас саласында тәжірибе жинап, кәсіби биік деңгейге кө­терілді. Сонау 1992 жылы Президент Назарбаев сырт­қы саясаттың «саяси және экономикалық реформалар негізіндегі елдің тұрақты дамуы үшін жағымды сырт­қы ортаны құрудан» тұ­ратын басты мақсатын ай­қындады. Бүгінде Қазақ­стан 138 мемлекетпен дип­ломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сондай-ақ, шетелдерде 70-тен астам дип­ломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттарының жеткілікті саны бар. Белсен­ді ынтымақтастықтың нә­тижесінде мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомст­воаралық деңгейде түрлі саладағы 3 мыңнан астам халықаралық шарт жасалды.

Осы аралықта Қазақстан әлемнің айтулы елдерімен қарым-қатынас орнатып қана қоймай, халықаралық танылудың жаңа белесіне шықты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еліміз нарықтық қайта құру үрдісін табысты жүзеге асыра отырып, өзге мемлекеттерге өзін сенімді әріптес ретінде көрсетті. Бүгінде әлем Қазақ елін «ұстанымы берік, ғалам­дық деңгейдегі жауапты істерге белсенді араласатын әрі салиқалы бастамалардың басында тұратын тұрақты мемлекет» деп таниды. Бұ­ған халықаралық сарапшылар мен аузы дуалы саясаткерлердің берген бағасы дәлел. Әрине, бұл бағаны еліміздің әр адымын аңдып отырған олар жайдан-жай бере салған жоқ. Сондай-ақ, әлемдік қауымдастық мемлекеттің әр жетістігін Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен байланыстырады. Бұл ретте сыртқы саясатты «Назарбаев саясаты» деп айтуға негіз бар.

Жалпы, кез келген елге баға оның әлеуметтік дамуы мен халықаралық істерге кел­гендегі белсенділігіне қарап беріледі. Қазақстан мем­лекеттік саясаттың алғашқы қадамын тұрақтылыққа ден қоюдан бастады. Бі­рін­ші кезекте мейлінше тұ­рақсыздық жайлаған ай­мақта тыныштыққа ұйыған «тұрақтылық аралына» ба­ланып, демократиялық құндылықтарға құралған ел болып танылды. Сондай-ақ, еліміз тек ТМД немесе Орталық Азия үшін ғана емес, Еуропалық одақ, тіпті, күллі адамзат үшін де маңызды жаһандық бастамаларды көтерді. Қазақстандық дип­ло­матияның жетістіктерін нақты дәлелмен айтар бол­сақ, 1992 жылы әлемде бі­рін­ші болып ядролық қару­дан өз еркімен бас тартып, жаһандық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге үндеу тастады. Жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың белсенді жақтаушысы бола отырып, Қазақ мемлекеті айдай әлемді өзіне қаратып отырған алпауыт елдерге өнеге көрсетті.

Әлемдегі беделді ұйымның бірі – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, өзіне жүктелген миссия­ны табысты орындай білді. Ұйымның 11 жыл бойы өт­кізіл­меген саммитін өткізіп, 56 мемлекеттің басшылары мен өкілдерін Астанада жинады. Төрткүл дүние көз тіккен саммит қорытындысы бойынша, Астана декларациясы қабылдануының өзі – үлкен тарихи оқиға.

2010-2011 жылдардағы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы табысты болды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысы елімізді тағы бір мәрте үлкен мінберден көрсетті.

Ізін суытпай Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымына жетек­шілік етіп, мұсылмандар қо­ғам­дастығы үшін ең маңызды саяси оқиға ретінде есте қал­ды.

Астанада екі жылда бір өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының құрылтайы да жаһан назарын өзіне аудартып отыр.

Сондай-ақ, түркі әлемі ха­лықтарының рухани мұра­сын біріктіру мәселесін көтерудегі Қазақстанның белсенділігі де атаусыз қалып отырған жоқ.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы бастама көтерушілер­дің бірі де біздің еліміз болып, соның негізінде құрылған Түркі академиясы сол мақ­сатқа қызмет етіп жатыр.

Бүгінгі жеткен жетістікті жоққа шығармаймыз. Десе де, тоқмейілсіп отыратын за­ман емес. «Жеткендерден озу керек, озғандарға жету керек» деген принципті негізге алып, сыртқы саясатты үнемі жетілдіріп отыру керек. Мұны биыл Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісінде Президенттің өзі айтқан болатын.

Айнұр САНАБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button