Басты ақпарат

Назарбаев университеті алғашқы түлектерін ұшырды

-дипломов-04-15.06

Кеше Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған Назарбаев университеті алғашқы 446 түлегін ұшырып, қолдарына диплом ұстатты. Бұл салтанатты рәсімге Елбасы қатысып, оқу орындарын тәмамдаған күллі қазақстандық жастарды құттықтады.

– Осы күндері мыңдаған қазақстандық студент еліміздің университеттерін бітіріп, диплом алып жатыр. Мен осы мінберден еліміздің барлық түлектерін құттықтағым келеді. Барша жас мамандарға өмірде лайықты орындарын табуына тілектеспін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақ елінде жастарға арналған мемлекеттік қолдаулар баршылық. Екі қолға бір жұмыс табамын дейтіндерге де көмектер көп. Еліміздің ертеңгі тізгінін қолына алар жастарға деген мұндай қамқорлық ЮНИСЕФ тарапынан да назардан тыс қалмапты. Бұл қордың бағалауы бойынша Қазақстан жастарды дамытудың жаһандық индексінде 27 орынды иеленіпті. Елбасының айтуынша, жас мемлекет үшін бұл жоғары көрсеткіш.

– Қазақстанда елімізді әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды шаруалардың барлығы сіздер үшін жасалып жатыр. Индустрияландыру, «Нұрлы жол» бағдарламаларының жүзеге асырылуы, зауыттар мен фабрикалардың, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар, баспаналардың салынуының бәрі – болашақ үшін қолға алынған жұмыстар, – деді Президент.

2010 жылы алғашқы студенттеріне есігін ашқан Назарбаев университеті де – жастардың әлемдік деңгейде білім алуына жасалған қамқорлықтың бір көрінісі. Халықаралық білім беру моделіне негізделе құрылған университет еліміздің ғылыми-техникалық және инженерлік элитасын жасақтайтын ұлттық бренд ретінде қалыптасып келеді. Білім берумен бірге, инновациялық зерттеулерді де қатар жүргізетін, қысқа мерзім ішінде әлемдік айтулы оқу ордаларымен иық тіресе алған университетте оқу – әр жастың арманы.

Биология, химия, физика, компьютер ғылымдары, роботтық техника мен механотроника сынды мамандықтар бойынша кадрлар даярлайтын білім ордасында оқу ағылшын тілінде жүргізіледі және жыл сайын 500 адам оқу грантына ие болады екен. Оқу орны ашылғаннан бері ондағы жеті мектепте оқитын студенттердің саны 2800-ге жеткен.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім ордасының алғашқы түлегі болу бақыты бұйырған жастардан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Жастары үшін Отаны қол ұшын беріп, олардың мықты маман болып шығуына мүмкіндік жасады. Енді жастар да соның қарымтасы ретінде еліне, халқына қызмет етуі тиіс екендігін Елбасы ерекше ескертті:

– Сіздерге өмірге жолдама бере отырып, біз өзіміздің асқақ мақсатымызға біршама жақындай түстік. Бұл – біздің сіздермен бірлескен ортақ жеңісіміз. Менің Астанада ғылым-білім орталығын құру арманым орындалды. Енді сендерге айтарым, ең алдымен Отанға қызмет етіңдер. Еліміздің игілігі үшін,  Қазақстанның өркендеу үшін жұмыс істеулерің керек, – деді.

Биыл бітірген студенттердің көпшілігі  гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде, ғылым және технологиялар мектебінде, инженерия, жоғары бизнес, жоғары мемлекеттік саясат және жоғары білім беру мектептерінде білім алған екен. Енді олардың қаншалықты білім алғаны маман ретінде жұмысқа орналасқанда сыналатыны анық.

Осынау салтанатты рәсім кезінде Назарбаев университетінің жаңа бес қабатты ғимараты да ашылды. Бұл нысан елорданың Тұран көшесі бойында орналасқан.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button