ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Назарбаев университетінде «Жастар. Энергия. Инновация» форумы өтті

Жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары  Ермек Аманшаев қатысып, сөз сөйледі. 

02

Сондай-ақ, форумға ҚР Парла­мент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, қалалық мәс­лихат депутаты Асхат Оралов, «Қазақ аруы – 2016» бай­­қауы­ның бас жүлдегері Альмира Ахатова және бас­қалары қатысты. Форумды «Нұр Отан» партия­сының «Жас Отан» Жастар қанаты қалалық әкімдікпен бір­лесіп ұйымдастырған болатын.
Форум басталмас бұрын келген қонақтар университеттің үлкен дәлізіне қойылған жастардың қолдан жасаған шығармашылық, өнертапқыштық бұйымдарын тамашалады. Мәселен, Л.Гу­ми­лев атындағы ЕҰУ-нің фи­зика ғылым­дарының докторы Дәуренбек Әзенұлы өзінің сту­денті жаса­ған гелио қон­дыр­ғының негізгі артық­шы­лықтары жайлы айтып берді. Өздері ойлап тапқан бұл қондырғы күн энергиясын пайдалана отырып, үлкен ғимараттарды жылу­мен, ыстық сумен қамти алады екен. Оны ЖОО ғимараттарын жылытуға пайдаланса, қаржылық жағынан да, энергия үнемдеу жағынан да тиімді.
Ал №82 «Дарын» мамандан­дырылған мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Асхат Әбу­бәкіров «Күн сәулесі арқылы жарықтандыру құрылғысын» ойлап тапқан. Бұл құрылғы күн сәулелерін шағылыстыру арқылы баспананы жарықтандыра алады. Қондырғы күн көзі бар кезде ғана пайдаланылады. Асхат өзінің жобасына қызығушылық танытқандарға болашақта оны одан әрі дамыту жолдары жайлы да айтып берді. Нақтырақ айтқанда ол күннің жарығымен қуатталып, түнгі мезгілде де жарық беретін қосымша жабдық жасау бағытында ізденіп көр­мекші. Сонда бұл құрылғы көмегімен баспананы күндіз де, түнде де күн жарығымен тегін жарықтандыруға болады.

04
Сондай-ақ, осы мектептің 8-сынып оқушылары Еркебұлан Тұрғанов пен Лаура Темірға­лиева табиғаттағы дыбыстан энергия алатын құрылғы жасап шығарған. Осы құрылғының көмегімен бөлмеге осындай көп адам жиналғанда, оның шуы­нан энергия қуатын алып, бас­панадағы жарық шамдарды жарқыратып қоюға болады екен. Жас өнертапқыштар бұл жобаларын алдағы жылы өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесінде әлемнің белгілі ғалымдарының назарына ұсынуды ойластырып отыр.
– Жаңа ғана жастардың көп­­теген жобаларымен, креа­тивті дүниелерімен танысып шықтым. Оның бәрі көкейге қонымды, болашақ тірлігімізге қажетті жобалар. Астана қаласы әкімдігі шығармашыл жас­тармен үнемі кездесу өткізіп тұрады. Мәселен, былтырғы өткен кездесуде осы Назарбаев университетінің студенттері қалада «селфи» жасайтын орын­дар жасақтау жөнінде идея көтерген болатын. Соның нәти­жесінде «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы алдын­дағыдай көп­теген «селфи» жасайтын орындар әзірленді. Ондай жерлерде бір жылдың ішін­де миллиондаған «селфи» жасалған екен. Шы­ғар­машыл, өнертапқыш жас­тар күнделікті қала өміріне, мәдени келбетіне қажетті жобалар ұсынып жатса, біз осылайша ақылдасып жүзеге асыруға тырысамыз. Қаламыздың келешегі кемел, экономикасы қуатты болуы үшін жастардың белсенділігі, бәсекеге қабілеттілігі қажет, отаншыл рух пен қажырлы еңбегі керек. Ресей жазушысы Андрей Платонов: «Менсіз Ресей әлі бүтін емес» деген екен. Сол айтқандай, сіз­дердің әрқайсыларыңыздың Ас­та­наның рухани-мәдени өмі­ріндегі орындарыңыз бөлек, бә­ріңізді осы қоғамның жұмы­сына белсенді қатысуға шақы­рамын! Инновациялық кемел шешім­дерге негізделген жобаларды біз қашан да қолдауға әзірміз! – деді қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Бұдан соң сөз кезегін алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, қалалық мәслихат депутаты Асхат Оралов жастарды алда келе жатқан Ата Заңымыздың мерекесімен, Тәуелсіздігіміздің 25 жылды­ғымен құттықтады. Одан соң қазіргі кездегі инновациялық білімнің маңыздылығына тоқ­талып, жастарды бірлікпен табысқа ұмтылуға шақырды.
Ал «Астана жастары» жас­тар ресурстық орталығының жетекшісі Әнуар Нұрпейісов сөз кезегі тигенде өзгеше бір мәселені ортаға тастады. Оның айтуынша, бүгінде елордада түрлі саланың жастары бас қосып, қала өміріне қатысты жобаларды және басқа мәселелерді талқылайтын арнайы орын жоқ екен. Мә­селен, Оңтүстік Кореядағы Сеул қаласында бұрынғы аурухана қайта жабдықталып, жас­тар бас қосатын үлкен орынға айналған. Мұнда түрлі тренингтер өтеді, кейбір маңызды жобаларды талқылайтын орындар да жабдықталған. Сондай-ақ Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты қалаларда да осындай орындар бар. Бұлардың көп­шілігі 100 шаршы метр жерді волонтерлердің басын қосу, тренингтер өткізу және тағы басқа қажеттіліктерге тиімді
пайдаланып отыр. Тегін «Wi-Fi» желісіне қосылған.
– Біздің елордада осындай жастар орталығын ашуға лайық орын бар ма? Біз қаланың біраз жерін аралап шыққанбыз, сонда «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінің төменгі қабатында 500 шаршы метр баспана пайдаланылмай жатқанын анықтадық. Ол қалалық тұрғын үй-комму­налдық шаруа­шылығының балансында екен, – деп сөзін тәмамдады Ә.Нұрпейсов.
– Негізі «Астана жастары» ресурстық орталығына әкімдік арнайы тапсырыс берген еді. Олардың бұл ұсынысын таяу уақыттарда қарап, шешетін боламыз, – деп жауап берді бұған қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Форумның соңында ел Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығына орай және Рио-де-Жанейродағы олим­пиада ойындарының жеңім­паз­дары мен жүлдегерлерін құр­меттеу мақсатында авто-мото шеру өткізілді.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button