Мәдениет

Назеркенің көркем әлемі

«Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында Жастар жылы аясында Юнус Эмре түрік мәдени орталығының ұйытқы болуымен жас қылқалам шебері Назерке Кемелбаеваның «Қазақстандықтар көзімен – Түркия» деп аталған сурет көрмесі өтті.

Көрмеге дарынды суретшінің графика тәсілімен салынған 40-қа жуық еңбегі қойылды. Онда бауырлас түрік елінің өткен дәуірлерден сыр шерткен көне ескерткіштері мен табиғаты көркем жерлері нәзік талғаммен бейнеленген. Олардың арасынан Конья қаласындағы «Мевлана» кесенесі, Ыстанбұлдағы әлемге танымал «Айя София» мұражайы, «Қыз» мұнарасы, «Румели Хисар» бекінісі, «Ежелгі Эфес» қаласы, «Ысқақ паша» сарайы секілді ескі мәдени ғимараттар әсемдігімен көз тартады. Әрбір картинадан жас шебердің шынайы сезімі мен толғанысы анық көрінеді. Сиқырлы сан түрлі бояуды әдемі сөйлете білген. Бір ғажабы, Назерке Түркияға барған емес. Жұмыстардың бәрін оның жүйрік қиялы мен шабытынан туған туын­дылар деп айтуға болады. Назерке Кемелбаева 15 жасынан бастап елордадағы балалар сурет мектебінде қосымша білім алып, бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйренеді. Қазір ол Қазақ ұлттық өнер университетінде сценография мамандығы бойынша оқиды. Болашақта иллюстратор болуды армандайды. Оның ағайын елдің тарихына терең бойлауы да бекер емес. Ол жайында бізге өзі айтып берді.
– Түрік руханиятына қызығу­шылығым кино әлемінен басталды. Түріктер түсірген тарихи фильмдердегі актерлер, көркем музыка, тамаша костюмдер мен дизайндар маған ерекше әсер етті. Осыдан бір жарым жыл бұрын Астанадағы Юнус Эмре орталығына барып, түрікше үй­рене бастадым. Одан сайын түрік мәдениеті мен өнеріне ынтыға түстім. Содан біраз суреттер салып, ұстазым Ахмет бейге көрсеттім. Ол кісі менің осындай суреттер сериясын жалғастыра беруімді қалады. Кейін көрме өткізуге де болатындығын айтты. Сөйтіп мен үшін бұл идея шығармашылыққа айналды, – деді ол. Айтпақшы, Назерке сөз қонған отбасында өскен. Оның анасы Айгүл Кемелбаева – қазақтың белгілі жазушысы.
Көрменің ашылуында Түркия республикасының Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык, Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Юнус Эмре түрік мәдени орталығы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина сөз алып, жас суретшіге ізгі тілектерін жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button