Басты ақпарат

НӘЗИРАГӨЙЛІКТІҢ НҰРҒАЛИЛЫҚ НЫСАНАСЫ

Қазақ драматургиясын тұңғиығынан тартып, түбінен қазып зерттеген ірі оқымысты-ғалым — Рымғали Нұрғали. Оның «Эпикалық трагедия» атты зерттеуі әлемдік сахналардың төрінде қойылатын трагедиялардыңибастауында халықтың аңыздық желілері жатқанын айтудан басталады.

Ол «Еңлік-Кебек» аңызының нұсқаларына сол үшін тоқталғанын мәлімдейді. Бұл тұста ғалым Мұхтар Әуезовтің трагедиясына негіз болған аңыздың алғашқы нұсқасына, зерттеу барысында төрт бірдей нұсқасына толық тоқталады: «Алғашқы нұсқа «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен 1892 жылы «Дала уалаяты»газетінің 31-39 сандарында жарияланды».

Бұл зерттеушіге Мұхтар Әуезовтің қазақ драматургиясының төл басы «Еңлік-Кебек» атты трагедиясының жаратылысын, драмалық болмыс-бітімін ашу үшін қажет болды.

Әлбетте, Рымғали Нұрғалиұлы қазақтың рулық жүйесіндегі ескі тартыстан айналып өтпейді және өте де алмайды. Ғалым рубасы Кеңгірбай би бейнесін алғашқы нұсқа мен Абайдың

Мағауиясы поэмасындағы портрет арқылы айғақтайды. Би даланың дана көсемі тұлғасында көрінбейді.

Жас Кебектің беймезгіл ажалын автор Кеңгірбай бидің билікқұмарлығымен астастырады. Өйткені ғалым қос ғашықтың ағайын ел-жұрттан араша таппай, тобықты мен матай – екі ру бірігіп, ат-құйрығына байлаған аянышты жас тағдырларын күйзеліспен еске алып, жаны күйіп отырғаны анық. «Тобықты, Найман руларының тасбауырлығы» деп зерттеудің орта тұсында ғалым тағы бір мәрте наразы кейіппен таңбалайды. Пьесадағы билер ізгілік иесі емес, зорлық- зомбылыққа бейім.

Бірақ шынайы өмір біз ойлағаннан күрделі. Қазақ халқының ескі тарихында барымта, жер дауы, жесір дауы, ағайын күндестік, бақталастық тәрізді көлеңкелі тұстар жетіп артылары даусыз. Ол әлі күнге жалғасып келеді. Адамзат Абыл мен Қабылдан тарағаны рас болса, бұл құбылыс өзгеріссіз жалғаса береді. Сондықтан билік басындағы алысты болжайтын адамдар қилы саясаттан аспай қалары және рас. Олар қаны бір жақыны болса да құрбандықтардан тартынбайды. Қалай болғанмен де жас өлімнің құсалы зары уақыт өте келе жаңғырған үстіне жаңғырып, осы биік өнерді тудырып отырған жоқ па! Мұны автор «Жазықсыз екі жасты аяусыз өлтірген қатыгез әдет әңгімеде ашық жазғырылып отыр. Кеңгірбайдың Кебекті бақталасым деп өлімге итеруі ашық айтылады» деп, мұны халықтық идея, халықтық сарын басым болғандықтан деп айқындайды. «Ақырып теңдік сұраудың» халықтық түрі кейінгі ұрпаққа мирас болып қалатын, санадан өшпес сөз өнері деп кеседі.

Ғалым бұл оқиғаның екінші нұсқасын ой елегінен өткізеді. Ол «Дала уалаяты» газетінің 1900 жылы 46 санында шыққан, «Қазақ тұрмысынан хикая» деп аталған екен. Кейіпкерлердің есімдері мен жер аттары өзгергенмен, сюжет сол қалпы: «Адал махаббатты дәріптеп, қара жүректілікті айыптаған халықтық идея бұрынғы күйінде қалады».

Бұны ол газеттің оқырман тартудағы қисыны деп қабылдайды.

«Еңлік-Кебектің» үшінші нұсқасын Мағауия Абайұлы жазған. «Мағауия поэмасында Кебек пен Еңліктің тұңғыш кездесуі ұзағырақ суреттеледі. Мағауия психологиялық портрет жасауға ұмтылады» дей келе, Рымғали Нұрғали махаббаттың оянуын тағдырға емес, адамға тән тірі сезімге телиді.

Мағауияның ақ бұлақтай өлең жолдарын енді біз Рымғали Нұрғали арқылы тауып оқып жатсақ, теңіздің дәмі тамшыдан деп сүйінішке жараса, әдебиеттің жасыл бағы солмасын танытуы ғой! Әдебиеттанудың зор миссиясы сол.

«Бірақ жүректің аты қашан да жүрек. Бабына түсіп, кезіне келсе, оған әмір жүрмейді. Адам жүрегі азаттық пен әділет құлы әманда» деп, ғалым Мағауия оқиғаның әлеуметтік жағынан гөрі, романтикалық махаббатты дәріптеуіне баса тартқанын сүйсіне айтады.

Академик-ғалым «Мағауия… ақын аңыз оқиғасы мен сюжетіне күрделі образ енгізбесе де, Кебек, Еңлік, Кеңгірбай образдарын бұрынғы қалпынан біршама тереңдетіп, дамытып, сыншылдық рухтағы поэма тудыра алды» деп түйіндейді.

Төртінші нұсқа – Шәкәрім ақынға келіп тірелді. Ол – осыдан нақ 100 жыл бұрын Семейде жеке кітап болып басылған «Жолсыз жаза» поэмасы.

«Бұрынғы варианттарда жоқ ерекшелік – жас батырдың портреті» дей келе, Рымғали Нұрғали Кебектің аңға шығуын суреттеген тұсында Шәкәрім Абайға еліктеп, образдылыққа мән берген деп атап кетеді.

«Поэманың ең көркем тұсы – Кебек пен Еңліктің арасындағы сырласу эпизоды». Шәкәрім поэмасында қыр қызының жігітке өзі бірінші болып көңіл білдіруін, қазақы орта үшін тосын бұл құбылысты «сезім сұлулығы, бұғып қалмас өжеттік» деп бағалап, автор қазақ әдебиетіндегі сол дәуірдегі жаңашылдықпен, Абай аудармасы арқылы енген Онегинге Татьянаның ынтызарлығымен түсіндіреді.

Еңлік пен Кебек арасындағы мәнді диалогтарды ерекше назар аудара айтуымен Рымғали Нұрғали еуропалық романдық стильдің қазақ әдебиетінде бой көтере бастағанын танытады.

Осынау бес нұсқаға жеке дара тоқтала, талдай келе, Рымғали Нұрғали барлық нұсқаның дерлік бір ізден шықпайтынын, адам есімдерінің бірдейлігін, опаттың бас себебі тағдырдың бұйрығында, жазмыш күшінде деп түйеді. Мұның бәрі алғысөз, прелюдия десе артық емес.

Сонымен зерттеудің басты нысанасы – қазақ театрының басы, Шыңғыстауда Мұхтар Әуезов көркемдік ұясынан ұшырған бала қазындай тырнақалдысы «Еңлік-Кебек» атты трагедиясы. Қазақ халқының кәсіби ұлттық драматургиясының алғашқы қарлығашы осы шығарма деп танимыз. Рымғали Нұрғали мақсаты – «Аса күрделі шығармашылық тұлғаның эволюциясын, оның эстетикалық-философиялық сатыдағы өсу жолын көрсету қажет». Бұл оңай шаруа емес.

Мұхтар Әуезовтің 1920 жылдардағы жас авторға тән, бірақ шүбәсіз классикалық алғашқы шығармаларына берілген баға тұтасымен қазақ әдебиетіне берілген баға екенін әділ уақыт көрсетті. Алайда сол кездерде Мұхтар Әуезовті объективті сын қорғай алды ма?

Қаралау, жазғыру болғанын: «Ауыр кезең тудырған түрлі субъективті жайттардың әсерінен Әуезов өз қайшылықтарын тым асыра, дабырайта көрсетуге мәжбүр болды. «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз» трагедияларынан, көптеген әңгімелерінен безініп шығуын осымен ғана түсіндірсек керек» деп жазады Р. Нұрғали.

«Еңлік-Кебектің» 1917 жылы мамыр айында қан жайлауда қойылған тұңғыш қойылымына жиылған көрермен саны жүзден асыпты. Бір қызық деталь – ойынға елу тиыннан билет сатылып, барлығы 54 сом 50 тиын жиылыпты. Рымғали Нұрғали зерттеуі «Еңлік-Кебек» драмасы туралы кәдімгі энциклопедия тәрізді, деректілік, алғашқы қойылымдарында ойнаған актерлер құрамы, әр қойылымға жазылған рецензия, әдебиетші-ғалымдардың пікірі тұтас қамтылған. Ол дәуір суретін қоса бедерлейді. «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған, пьесаға жазылған үш рецензияны талдап, жіктеп көрсетеді.

«Ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдің жоқтығына қарамай, басқа елдер әдебиетінен үйрене отырып, Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасады» деп ғалым жоғары баға берген.

Сонымен шығармашылық туралы шығармашылықтың мықты үлгісі – Рымғали Нұрғалидың осы зерттеуі десек асыра айтқандық емес. «Образдың тек бір-ақ құштарлық аясында қалмауы – реалистік әдебиеттің ежелден келе жатқан талабы». ««Еңлік-Кебектің» аса құнды қасиеттерінің бірі – қаһармандардың жан-жақтылығы». «Өз күшігін өзі жеген қасқыр іспеттес билердің ырғасып-ырғасып, ақыры тапқан жолдары

– Еңлік пен Кебекті өлтіру. Сол сұмдық үкімді өз қолымен орындаушы Еспембет». Автор Еспембеттің мұздай суық қатыгездігін «надандық атты дүлей, топас, соқыр күш» деп айғақтайды.

Жас Мұхтардың «Еңлік-Кебекті» жазуын Рымғали Нұрғали адамның өскен ортасын, төңкеріс алдындағы қазақ ауылдарының тұрмысын, тарихын, психологиясын, бір сөзбен айтқанда өзін тану үшін жазылған дүние деп тұжырымдайды.

Айгүл Кемелбаева

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button