Құқық

Неке неге бұзылады?

Қазір ажырасу көп. Астана қаласында өткен жылы сотқа 5358 талап арыз келіп түскен.  4852 іс қаралып, оның 324-і тараптардың татуласуымен аяқталған екен. Жалпы, ажырасудың алдын алуға байланысты Астана қалалық сотының ұйымдастыруымен өткен шарада әйелдердің қоғамдағы рөлі, бала тәрбиесі, отбасылық даулар кеңінен талқыланды.

Аталмыш шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, қалалық соттың төрағасы Тілектес Бәрпібаев, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының вице – ректоры Назиля Раззақ, психологтар, медиаторлар мен осы санаттағы істерді қарайтын аудандық соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.

Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев бұл мәселенің маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Неке бұзу процестері бойынша 2017 жылдың статистикалық көрсеткішін келтіре отырып, ажырасудың жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті.

Ал депутат Зағипа Балиева: «Бала қылмыскер болып туылмайды, керісінше дарынды болып туылады. Бала тұлғасының қалыптасуындағы негізгі субъектілер –ата-ана. Қоғамның міндеті – дарындарды тәрбиелеуге қолайлы ортаны құруды қамтамасыз ету» деді өзінің баяндамасында.  Жиынға қатысушылар отбасын сақтаудағы соттың рөлін айрықша бағалап,  неке бұзу процестері кезінде медиация рәсімін қолдану арқылы дауды сотқа дейін реттеу принципіне және дағдарысты жағдайларды шешуде психолог көмегінің қажеттілігіне ерекше көңіл   аударды.

Кездесудің екінші сессиясында іс-шараға қатысушылар «АЛЖИР» мұражай-мемориалды кешеніне барып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Ботагөз БАЯНОВА

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button