ӘлеуметҚала тіршілігі

Несібесін еңбектен тапқандар

«Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы Есіл аудандық бөлімшесінің өкілдері «Үнсіз әлем» қоғамдық қайырымдылық қоры қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында әлеуметтік кәсіпорындардың санын көбейту және мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі сөз болды.

011

«Кездесудің негізгі мақсаты – «Үнсіз әлем» қайырымдылық қорына қаламыздағы бизнес құрылымдарының назарын аудару және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс орындарын көбейту болатын. Бұл үмітіміз ақталып отыр. Кездесу барысында кәсіпкерлер аталмыш қор туралы, қызметкерлері мен олардың қолынан шыққан алуан түрлі өнімдермен таныс­ты. Осының арқасында қордың базасында болашақта мүмкіндігі шектеулі адамдарды қайта даярлау және ашық еңбек нарығына бейімдеуге арналған мамандандырылған кәсіптік орталық құру туралы уағдаластыққа қол жеткізіп отырмыз. Бұл жоба кәсіпкерлердің қолдауымен іске асатын болады» дейді «Нұр Отан» Астана қалалық филиалының өкілі Раушан Жакенова.
«Үнсіз әлем» қайырымдылық қоғамдық қоры 2009 жылдың 21 сәуірінде есту қабілеті төмен жандардың бастамасымен құрылған болатын. Қазіргі таңда қорда кәдесый заттары мен кез келген күрделі тігін өнімдерін, логотиптер және ұлттық ою-өрнек түрлерінен өнімдер жасайтын мүмкіндігі шектеулі 18 адам жұмыс істейді.
Бұған қоса, қор жанында есту қабілеті төмен адамдарға арналған «Сурдо-аударманың диспетчерлік қызметі» бар. Сурдо-аудармашылар хабарласқан мүмкіндігі шектеулі адамдар атынан ұялы телефон арқылы мәтіндік хабарлама, əлеуметтік желілер мен электронды жəшіктерге хат жібереді. Өз кезегінде диспетчер-сурдо-аудармашы жедел-жəрдем, полиция, өрт сөндірушілер мен басқа да құтқару қызметтерін шақыруға сондай-ақ, емдеу, əлеуметтік жəне өзге де мекемелерге кезек жаза алады. Сонымен қатар, аталмыш қор тек қана мүгедек жандарға ғана емес, тұрмысы төмен отбасыларға да қайырымдылық көрсетіп келеді. Қор ғимаратында киімдерді қабылдап, тиісті өңдеуден өткізгеннен соң, қажет ететін адамдарға беретін орталық жұмыс атқарады.
«Қазақстанның барлық аймақтарынан мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер өз қолөнер бұйымдарын бізге жіберіп жатады. Біз олар жіберген өнімдерді сатылымға шығуына көмек береміз. Осы мақсатта Астана қаласының сау­да ойын-сауық орталықтары және Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығымен» тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп отырмыз. Енді жобамызға «Нұр Отан» партиясы қолдау білдіріп отыр» дейді «Үнсіз әлем» ҚҚ директорының орынбасары Ләззат Төлепбергенова.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button