Басты ақпаратМәселе

Несие қамытынан не құтқарады?

Қазақстанда экономикалық белсенді 9,2 миллион халықтың 7,8 миллионы­ның несиесі бар. Олардың банктер мен микроқаржы ұйымдары және ­коллекторлық агенттіктерге берешегі 14,3 трлн теңгеден асады. Соның ішінде 1 миллионнан астам адамның несиесін өтеу мерзімі өтіп кеткен. Осы орайда Президенттің тапсырмасымен «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» заң қабылданды, ол биыл наурыз айынан бастап күшіне енеді.

Бұл мәселе туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Бүгінде проблемалық несиелердің көлемі жарты триллион теңгеге жеткен. Миллионнан астам адамның банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жағдайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр» деген болатын. Несиені әдетте адамдар нақты қажеттілігіне қарай, мәселен, емге, оқуға, көлік, баспана сатып алуға алады. Алайда аса қажет болмаса да, қызығып, түрлі тұрмыстық заттарға несие ресімдеп, жағдайына қарамай қарызға бататындар да жетеді. Сондай-ақ жақыны мен танысына алып берем деп немесе сыртынан алаяқтар несие алып, опық жеп жүргендер де көп. Қарапайым халық қандай жағдаймен болмасын несие қамытын кисе де, оның шырмауынан шыға алмауына Қазақстанда несие беретін банктердің жылдық мөлшерлемені тым жоғары қоюы – басты себеп. Қазіргі таңда заң бойынша банктерге жылына 56 пайызға дейін мөлшерлеме қоюға рұқсат етіледі. Шағын несие ұйымдары да тым жоғары пайыздармен азаматтарды әбден қарызға батырған. Осылайша халықты қанап отырған олардың бұл әрекеттері қоғамда жиі сыналып жүр.

Несиесін төлей алмауына байланысты Қазақстанда 1 миллионнан аса адам Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңға ілігуі мүмкін. Бірінші Несие бюросының ақпараты бойынша, Астанада несие қарызын 12 айдан астам уақыт төлей алмай жүрген 84 мың адам бар. Жаңа заңға сәйкес  қабылданған құжаттар бойынша азаматтардың 5 жылға несие алуы шектеледі. Тек шағын несие ұйымдарының ғана қызметін пайдалануына болады. Соған қоса, олар екінші қайтара 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Сондай-ақ 3 жыл бойы адамның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Белгілі экономист, Халықаралық бизнес университеті бизнес мектебінің директоры Мақсат Халықтың айтуынша, жаңадан қабылданған заң – осы бағыттағы мәселелерді шешуге жасалған бірінші қадам, дегенмен ол аздық етеді. Келесі қадам банктердің несие пайыздарын азайтып, жылдық мөлшерлемені заң бойын­ша 30 пайыздан асырмауына ықпал етуге бағытталуы керек.

– Банкроттық туралы заңның күшімен енді банктер де оңды-солды несие «таратудан» тыйыла бастайды. Олар бұдан былай несие берген кезде азаматтардың төлем қабілеттеріне қатты қарайды. Өйткені азаматтар алған несиені қайтара алмай қалып, оларды банкрот деп жариялап жіберсе, банктер бұдан ұтылады. Бұл шығынға батырып, банктердің өзі банкрот болуына әкелетін қауіп күшейе­ді. Сондықтан банктер несие беруде ойланып қадам жасай бастайды. Заңның тиімділігі туралы әзірге баға беру ертерек. Себебі Үкіметтің осы жұмысты дұрыс ұйымдастыра алуы да үлкен рөл ойнайды. Бірақ жалпы бағыты – дұрыс. Мұндай заң бізге баяғыда керек болған. Оны қабылдау ісі он жылдан бері созылып келді. Меніңше, заңның қабылдануына осы жағынан мүдделі топтар, әсіресе банктің негізгі акционерлері кедергі болды. Көбіне заң жобасын парламент қабырғасына жеткізбей тастайтын. Міне, биыл ақыры қабылданып, наурыздан бастап қиын жағдайға тап болған азаматтар өздерін банкрот деп жариялауға мүмкіндік алады. Мұның жақсы жері – егер жеке тұлға өзін банкрот деп жария­лайтын болса, коллекторлар мен сот орындаушыларының қыспағынан құтыла алатындығы. Бәрі заң аясында реттеледі. Әрине, бұл заң барлық мәселені шешіп кетеді деп айту қиын. Дей тұрғанмен заңның болуының өзі мемлекеттің өз азаматтарын заңды түрде қорғауына мүмкіндік береді, – дейді Мақсат Халық.

Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан ­Биякаев та несие алушылардың мәселесін банктердегі жылдық мөлшерлеменің тым жоғары болуы асқындырғанын айтады.

– Қазіргі таңда банктер арасындағы бәсекелестік айырмашылығы аса үлкен емес. Бүгінде бар болғаны 21 банк қалды. Ломбардтар мен кредиттік серіктестерді қосқанда мыңнан астам шағын қаржы ұйымдары бар. Бұл мәселе бүгін пайда болған жоқ, 10 жыл бұрын онлайн несие шыққан кезден бастап туындады. Банктерде жылдық мөлшерлемені 56 пайызға дейін қоюға рұқсат етіледі. Ал микроқаржылық ұйымдарда жылдық мөлшерлеме одан да үлкен, күніне 2-3 пайыздан келді, бұл – жылына 1 мың пайыз мөлшерлеме деген сөз. Депутаттардың көбі осы мөлшерлемелерді 20 пайыздан асырмау туралы мәселе көтеріп жүр, – дейді Н. Биякаев.

Президент сондай-ақ кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажеттігіне де тоқталды. Әлемде бұл несиеге толықтай тыйым салған елдер бар, солардың тәжірибесін зерттеуді тапсырды. Тұтынушылық несие алуды тежемесе, оны оңды-солды алудың салдары экономикадағы балансты бұзуы мүмкін.

– Онлайн несие беруді тоқтатып, оны ең аз дегенде 2-3 жылға кейінге қалдыру керек. Себебі біздің халық бұған әзір дайын емес. Біреудің атынан несие алатын алаяқтар сұм ойларын осы онлайн несие арқылы жүзеге асыруда. Онлайн-несие берудің нәтижелері жақсы емес. Зардабын тартып жатқандар өте көп, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, адамдардың қаржылық сауаттылығының төмендігі де бұл жағдайды ушықтырды. Сондықтан ол мектептерде жоғары сыныптан бастап қаржылық сауаттылық пәндерін енгізу керек деп санайды. Себебі өз тәжірибесінде 2002-2003 және 2004 жылы туған мектеп түлектері жасы 18-ге тола салысымен жоғары мөлшерлемемен несие алып, қарызын төлей алмай, проблемалық несие алушылар қатарында қалғанына куә болған.

– Қазір ересектердің де, жастардың да қаржылық сауаттылық жағынан білімі төмен. Банктер мен шағын несие ұйымдары олардың өтінімін қуана мақұлдап, құрығына түсіреді. Бірақ бұл былтыр 1 қазаннан бастап осы бағыттағы заң талаптары күшейтілгеннен кейін азайды, – дейді ол.

Расында кәмелет жастан асқан, тұрақты жұмысы жоқ жастар шамасына қарамай несие алып, ата-анасына одан сайын ауыр салмақ салуда. Осы тұрғыда әлі үлкен өмірге араласып үлгермеген жастардан зейнетақы қорына аударым түспей тұрғанын білсе де, банктер мен қаржы ұйымдарының оларға қалай несие беретіні түсініксіз. Сондай жастардың бірі – 19 жастағы елордалық студент Арман Құралбаев пандемия кезінде бизнес бастауды көздеп, бірнеше досымен бірігіп, банктен тауарлық кепілдеме арқылы несие алады. Алайда карантиндік шектеулер кедергі болғандықтан бизнесі алға баспай, пайдаға кенелудің орнына шығынға батады, несиесі де төленбей қалады.

– Біз бірнеше бала болып, қалада кальян-бар ашуды көздедік. Ғимаратын тауып, соны жөндеуге, керек-жарақтарын, жиһаздарын алуға әрқайсымыз 2 млн теңгедей несие алдық. Алайда пандемия кезінде түнгі тексерулердің көптігінен кальян-бар жұмысы тоқтап қала берді. Одан бөлек, ай сайынғы жалдау ақысы да аз ақша емес. Несиені жаба алмай, қарызға баттық. Менің несие алғанымды ата-анам тек бір жылдан кейін, оларға коллекторлар хабарласқанда ғана бір-ақ білді. Оқуымның ақшасы тағы бар. Қазір басқа жұмыстар істеп, несиемді жауып жүрмін. Бұл маған үлкен сабақ болды, жастықпен қателікке ұрынғанымды түсіндім, – дейді борышкер студент.

Сарапшылардың айтуынша, аталған заң жобасында бастапқыда банкрот болған азаматтарды қаржылық сауаттылық курсынан өткізу туралы тармақ болған екен. Кейін ол қабылданарда алынып тасталған. Бұл оқыту шығынымен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен мамандар қаржылық сауаттылыққа оқытудың бүгінгі таңда аса қажеттілігін айтады.

Несие ауыртпалығынан құтқарады деп қабылданған «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесі сараланып, ішінен оңды нормалары алынған.

– Мәселен, Германия, АҚШ-та банкрот тұлғаға 10 жыл несие алуға тыйым салынады, Ресейде 5 жылға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға және басшы лауазымдарына тұруға болмайды. Жалпы бұл заңды іске асыру азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету және қаржылық сауаттылықты арттыруға, қарызды өтеуді ынталандыруға алып келеді, – дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Жаңа заң қалай жұмыс істейді? Астана қаласы Мемлекеттік кіріс­тер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабеков халықаралық тәжірибе ескеріліп, заң аясында қаржылық сауықтыру шарасының 3 түрі енгізілгенін айтады. Бұлар – соттан тыс банкроттығы, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері. Барлық үш рәсімге тек борышкер ғана бастамашы бола алады, несие беруші өздігінен борышкерге қатысты бұл процедураларды қолдана алмайды.

– Бірінші рәсім бойынша азаматтар банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына банктік емес коллекторлық ұйымдар алдында қарызы болса және бұл қарыздары 5,5 млн теңге болса, қарызы 12 ай бойына төленбесе осы рәсімді қолдана алады. Екінші рәсім аясында 4,9 миллион теңгеден асатын қарызы барлар сот банкроттығына жүгіне алады. Ал үшінші рәсім жеке тұлғаның тұрақты кірісі болған жағдайда 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу негізінде жүзеге асырылмақ. Бастаманың негізгі мақсаты – қарызға белшесінен батқан халықты дер кезінде қолдау, – дейді Қ.Балтабеков.

Несиесін төлей алмауына байланысты Қазақстанда 1 миллионнан аса адам Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңға ілігуі мүмкін. Бірінші Несие бюросының ақпараты бойынша, Астанада несие қарызын 12 айдан астам уақыт төлей алмай жүрген 84 мың адам бар. Жаңа заңға сәйкес  қабылданған құжаттар бойынша азаматтардың 5 жылға несие алуы шектеледі. Тек шағын несие ұйымдарының ғана қызметін пайдалануына болады. Соған қоса, олар екінші қайтара 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Сондай-ақ 3 жыл бойы адамның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button