Имантаразы

Ниет тазалығы – негізгі шарт

Құрбан айт күні жасалатын ең үлкен құлшылықтардың бірі – құрбан шалу. Құрбан шалу дегеніміз – құрбан айт намазы оқылғаннан кейін Алла үшін құрбандыққа мал сою рәсімі. Құрбан шалатын кездегі ниет – құрбандықтың негізгі шарты. Ғалымдар: «Ниет дұрыс болмаса құрбандық жарамсыз болады, өйткені мал тек ет үшін емес, Аллаға жақындау үшін ғана бауыздалған болуы тиіс» дейді.

[smartslider3 slider=3435]

Ханафи мазхабында құрбан шалу – мүмкіндігі бар әр адам үшін  міндетті ғибадаттың түрі. Алла Тағала Құран Кәрімде «Кәусар» сүресінде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деп әмір етті.

Ал құрбандыққа шалынатын малдың жасына келсек, ірі қара мен ұсақ малдың жасы ұқсамайды.

– түйенің жасы – бестен;

– сиыр-бұқаның жасы – екі жастан;

– қой-ешкінің жасы бір жастан басталады. Егер қой-қошқар ірі болса, онда бір жасқа толмағанын да шала беруге рұқсат етті. Бірақ алты айдан асқан мал болғаны абзал.

Құрбанды қай уақытта шалу керек? Айттың алдында бір күн бұрын немесе айт намазына дейін шалынған құрбандық қабыл бола ма?

Құрбан шалудың белгіленген уақыты бар. Ол Құрбан айт күні Айт намазы мен Айт құтпасы оқылып болған соң басталады. Құрбан шалуды айт намазына дейін немесе бір күн бұрын орындағанның құрбандығы жарамсыз болады. Демек, Құрбан шалу рәсімін айт намазы аяқталғаннан бастап, төртінші күннің асыр намазына дейін орындауға болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құрбандық ретінде төрт түрлі малды шалуға болмайды: ақауы айқын бір көзді малды; ауруы айқын ауру малды; ақсақтығы айқын ақсақ малды және әлсіздігі айқын арық малды» деген. Жағдайы бар, Құрбан шалуы міндетті болған кісінің құрбандық малында аталған кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу міндетті болмаған (жағдайы келмейтін), бірақ сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Өйткені кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл (міндетті болмаған) құрбандық. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Ал бір малды қанша адам бірігіп шала алады деген мәселеге келсек,  сиыр мен түйені жеті адам бірігіп шалуға болады. Қой мен ешкі тек бір адам атынан шалынады, өйткені қой мен ешкіні бірнеше адам бірігіп шалды деген ешқандай нұсқау жоқ. Ғұламалардың нұсқауы бойынша құрбандықтың етін үшке бөлген жөн. Оның бір бөлігін өзіңізге алып қалыңыз, екінші бөлігін ағайын-туыс көрші-қолаңға асыңыз. Ал үшінші бөлігін кем-кетік, жетім-ғаріптерге, мұқтаждарға үлестірген абзал.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button