Жаңалықтар

Ник Вуйчич мотивация берді

Әлемге әйгілі мотиватор, өзінің ерекше шеберлік сабақтарымен адамдарға өмірлік кеңес беретін америкалық Ник Вуйчич астаналықтармен кездесті, деп хабарлады Елорда Инфо тілшісі.

«…Менің әйелім және 4 керемет балам бар. Мен оларды сүйемін. Алдағы уақытта Қазақстанға отбасыммен келгім келеді. Әлемнің 70 елінде болып көрдім. Бүгінгі кездесуден сіздердің жақсы әсер және пайдалы ақпарат алғандарыңызды қалаймын. Менің алдағы мақсатым – телевизиялық ток-шоу ашу. Себебі спикер ретінде көп елге, көп шараларға шақырыламын. Бірақ барлық жерге барып үлгермеймін. Сондықтан телебағдарлама арқылы өз ой-пікірімді жеткізгім келеді» деді Ник Вуйчич.
Сондай-ақ спикер адамдардың өзі мен жақындарын сүюі керектігін баса айтты.
«Мен дүниеге келгенде дәрігерлер ата-анама балаңыз ешқашан жүрмейді деген. Көріп тұрсыз­дар, қазір жүре аламын. Иә, өзім үшін мүмкін емес нәрселермен қатар, мүмкін дүниелер де бар. Адамдар өз мүмкіндіктерін толық пайдалана білмейді. Мысалы, мен футбол ойнай алмаймын, бірақ мен жүзе аламын. Жаза аламын және мені ата-анам жақсы көреді. Бұл жайттар адам өмірінде маңызды болып саналады. Адам өміріндегі тағы бір маңызды дүние – ол ақша. Маған ақша ұнайды, бірақ оны жек көремін» деп ойындағысын ашық айтты.
Айтулы шараға қала әкімі Алтай Көлгінов қатысып, өз пікірін білдірді.
«Осындай әлемдік деңгейдегі танымал спикердің елордамызға келгені, әрине, қуантарлық жайт. Бүгін, міне, мыңдаған астаналықтардың алдында Ник Вуйчич мотивациялық шеберлік сабағын өткізіп жатыр. Әрине, бәрімізге белгілі, жетістікке жету үшін мақсат қойып, оның жолында еңбектену керек. Мемлекеттік қызметтегі әріптестеріме де осы секілді шеберлік сабақтардан дәріс алуға кеңес беремін. Себебі білім өмір бойы керек дүние және қай жасқа келсең де қажет. Вуйчич мырзаның шеберлік сағатына 3,5 мыңдай адам қатысты. Демек, енді 3,5 мың астаналық тұрғын жалқаулықпен күресудің жолын білетін болады» деді Алтай Көлгінов.
Ник Вуйчичтің саба­ғынан шыққан елордалықтардың жүзінен жақсы мотивация алып шыққанын аңғардық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button