Нобель медалінің иегері
«Астана таңдауы» байқауына ұсынылғандардың бірі – техника ғылымдарының докторы, өнертапқыш ғалым Сағымбек Әлтайұлы.
Жаратылыстану ғылымдары факультетінің биотехнология және микробиология кафедрасының профессоры Сағымбек Әлтайұлы 1949 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қызыларық ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының тамақ өнеркәсібі машиналары мен аппараттары мамандығының инженер механигі бойынша бітіріп, кейін Воронеж технологиялық институтының тамақ өнеркәсібі процестері мен аппараттары мамандығы бойынша аспирантурада оқыған. Еңбек жолын Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының ассистенті, аға оқытушысы қызметінен бастады.
2004 жылдан бері Еуразия ұлттық университетінің Жаратылыстану және техника факультетінің биология және биотехнология кафедрасының доценті қызметін атқарды.
Жұмыс істеген кезеңдерде ол өзін білікті маман-оқытушы ретінде көрсете біліп «Биотехнология» мамандығы бойынша оқитын студенттерге биотехнологиялық құрал-жабдықтар, тамақ өнеркәсібінің процестері мен аппараттары, өндірістік биотехнология негіздері пәндерінен дәріс және тәжірибелік сабақтар беріп көптеген жаңа ұсыныстар енгізді. Еуразия ұлттық университетінің Жаратылыстану ғылымдары факультетінің кәсіби бағдарлау бойынша жауапты қызметін атқара отырып, факультетте және университетте студенттер контингентін құру жөнінен үлкен ұйымдастыру жұмыстарын атқарды.
Бірнеше қолданбалы ғылыми-зерттеу жобалардың авторы, еліміздің аграрлық ғылымдарының дамуына үлкен үлес қосып жүрген азамат республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларда, семинарларда, көрмелерде байыпты баяндамаларымен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Сағымбек Әлтайұлы өзінің ғылыми-педагогикалық қызметін қоғамдық жұмыстармен де ұштастыра атқарады. Ол – Астана қаласындағы аумақтық сайлау комиссиясының қоғамдық негіздегі мүшесі, Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясының Астана қаласы бойынша үйлестірушісі.
Үш монография, 26 авторлык куәлік және патент, барлығы – 260 ғылыми еңбектің авторы, мемлекеттік ғылыми стипендияларының иегері, «Ең үздік ЖОО оқытушысы» атанып, Ресей жаратылыстану Академиясы Президиумының шешімі бойынша «Өнертапқырлықтың дамуына үлес қосқаны үшін» Альфред Нобель атындағы медальмен марапатталған білімпаз ғалым Сағымбек Әлтайұлы байқау жеңімпазы болуға әбден лайықты дейді әріптестері.
Әзірлеген:
Қымбат НҰРҒАЛИ