Нормативтік құқықтық актілерге арналған бірыңғай сөздік әзірленеді

Астанада нормативтік құқықтық актілерге арналған бірыңғай сөздік әзірлеу бойынша республикалық семинар өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы нормативтік құқықтық актілерде қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің бірыңғай сөздігін әзірлеу бойынша республикалық семинар өткізді.
Семинар ұлттық терминологиялық жүйені жетілдіруге және біріздендіруге, ұлттық заңнамада құқықтық терминдерді қолдану барысында туындайтын мәселелерді анықтауға бағытталған.
Семинарға қатысушылар атап өткендей, заң шығару техникасының негізгі ережелерінің бірі – құжаттың құқық қолданушыға ғана емес, кез келген азаматқа түсінікті болуы. Бұл мәселелер осы саладағы бірыңғай сөздікті әзірлеудің аса өзектілігін және оның тізбесін сала мамандарымен жан-жақты талқылау қажеттігін көрсетеді.
Семинарда ғалымдар мен мамандар заң терминдері мен заңдық техниканы мемлекеттік тілде дамытудың қолданбалы және теориялық аспектілерін, сондай-ақ негізгі ғылыми ұстанымдарды егжей-тегжейлі талқылады.
Сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердегі салалық терминдерді одан әрі жетілдіру, ұлттық құқықтық жүйе негізінде заңдық тілді қалыптастыру, терминологиялық қолданыс тізбесіне сараптамалық талдау жасау, салалық терминологияны дамыту және т.б. мәселелер қаралды.
Семинарға Республикалық терминологиялық комиссия мүшелері, заңгерлер, лингвисттер, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының және мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Семинар қорытындысы бойынша заңнамалық салада терминологиялық базаны қалыптастыру бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Қосымша ақпарат алу үшін: Макпал +7 707 430 77 07.