9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні

Норвегияда топырақ бұйырған боздақтар

Қазақстан Республикасының Норвегиядағы елшілігі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары оккупацияда болған Норвегияда қаза тапқан қазақстандық әскери тұтқындардың жаңартылған тізімін жариялады. Соңғы айларда 18 қазақстандықтың аты-жөні мен жерленген аймағы анықталған екен. Бүгінгі таңда есімдері нақтыланған жерлестеріміздің жалпы саны – 74 адам. Олардың толық тізімімен елшіліктің сайты арқылы танысуға болады.

[smartslider3 slider=2909]

Олар Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының, Алматы мен Түркістан қалаларының тумалары немесе сол өңірлерден әскерге шақырылған. Жауынгерлер Норвегияда Саннешоен, Лиллехаммер, Берген және Тронхейм қалаларының жанындағы кеңестік әскери зираттарда жерленген.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор Артур Қасқарауов ой бөлісті:

«Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 77 жыл толса да, сол жылдары хабарсыз кеткен аталары мен әкелерін іздеген отандастарымыздың жүрегінде түбі бір жылы хабар болар деген үміт оты әлі бар. Осы анықталып отырған әскери тұтқындардың Отанға адал болғандары, соңғы демі қалғанға дейін Ұлы Жеңіске деген сенімдерін жоғалтпағандары, жау қолына тұтқын боп түссе де, сатқындық жасамағандары анық.

Олардың қандай қиын тағдыр кешкендерін кеш болса да туысқандары білуге тиіс. Боздақтардың арман-тілегі – енді елге аманат. Отандастар, біз аттары жаңадан анықталып отырған кешегі майдангерлердің туған-туыс пен таныстарын іздес­тіріп отырмыз. Атсалысыңыз­дар! Іздесіңіздер! Бұл – біздің ұрпақ ретіндегі парызымыз!».

Қаза тапқан жауынгерлерді анықтау мақсатында жергілікті әскери басқару органдарының әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында, сондай-ақ Жеңіс күніне арналған іс-шаралар барысында кеңінен жария етіледі. Жергілікті органдар сол жерден әскерге шақырылып, қаза тапқан жауынгерлердің туыстарын іздестіруді ұйымдастыруға міндетті. Бұл ретте тегінің, туған жерінің және әскери қызметке шақырылуының ықтимал бұрмаланулары ескерілуі керек.

Егер табылған туыстары қайтыс болған майдангердің сүйегін қайта жерлеуді қалайтыны туралы өтініш жасаған жағдайда, сол рәсімді жүргізу тәртібін түсіндіру қажет.

Бұл жағдайда қайта жерлеу алгоритмі төмендегідей болады:

– қаза тапқан жауынгермен туыстығын растайтын, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін, туысының өтінішін қабылдау;

– табылған туыстарының жалпы тізімін жасау үшін өтінішті ҚР Қорғаныс минис­тр­лігіне беру;

– қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін Қазақстанға жеткізу рәсімін ұйымдастыру үшін туыстардың тізімін және олардың өтініштерін ҚР Сыртқы істер министрлігіне беру;

– жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қаза тапқан жауынгердің сүйектерін қарсы алу, оларды жоспарланған жерлеу орнына дейін жеткізу және салтанатты жерлеуді ұйым­дастыру.

Елшіліктің ақпараты бойын­ша бүгінгі күнге дейін Норвегияда жерленген кеңестік жауынгерлердің жалпы саны шамамен 15 500 екені белгілі болды, олардың 7000-ға жуығының есімдері анықталған.

Баян АСЫЛБЕКОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button