Sport

НӨСЕРБАЕВ МЕРГЕНДЕР ҚАТАРЫНДА

Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында кезекті турдың ойындары өтті. 

Турнир кестесін бастап келе жатқан «Астана» бұл жолы биыл мықтылар қатарына қайта қосылған «Ақжайық» командасын қабылдады. Батыс Қазақстан футболшылары елордаға жеңілуге келмегендерін бірден аңғартты. Алаң иелері қанша шабуыл ұйымдастырғанымен, қонақтар қақпасының құлпы бұзылмай қойды. Ойынның 15-інші минутында команда капитаны Таңат Нөсербаев есеп ашатындай мүмкіндікке ие болған еді. Алайда, оның соққан добы қақпадан сәл биік кетті. Серікжан Мужиков екі ойыншыны алдап өтіп, ала допты «Ақжайық» қақпасына қарай әуелетіп түсірген еді. Бұл допты Патрик Твумаси әдемі қабылдап алып, қақпаға бағыттағанымен, қонақтар қақпашысы Роман Багаутдинов қырағылық таныта білді. Шомко мен Деспотович те гол соғатындай жағдай жасады. Бірақ, барлық қауіпсіздіктің бетін қақпашы қайтарып отырды.


Ойынның бірінші таймы аяқталар уақыт та жақындап қалған еді. Осы тұста, яғни, матчтың 45-інші минутында «Ақжайық» қақпасына қарай бұрыштама доп белгіленді. Соңғы кездері айып доптарын жақсы орындап жүрген Серікжан Мужиков бұрыштама соғуға бет алды. Оның әуелетіп бағыттаған добын Таңат Нөсербаев жерге түсірместен қақпаға қарай бұра тепті. Ала доп әп-сәтте қақпаға тулап түсті. Осылайша есеп ашылды. Ал төреші болса, бірінші таймның аяқталғанын білдіріп ысқырық шалды.
Үзілістен кейін астаналықтар шабуылды үдете түсті. Жартылай қорғаушы Неманья Максимович алаң ортасынан алға қарай пас шығарды. Үнемі қонақтардың айып алаңында доп аңдып жүретін Патрик Твумаси бұл жолы дәл керек жерден табыла білді. Ганалық легионер әуелеп келген допты жақсы игеріп алды да, қақпаға дәл бағыттады. Есеп осылайша еселенді. Бұл Твумасидің биылғы маусымдағы төртінші голы болды.
Өткен жылдан бері жарақатына байланысты ойындарды толық өткізе алмай жүрген Таңат Нөсербаев биылғы чемпионатты өте жақсы бастады деуге негіз бар. Команда капитаны қарсыластар қақпасын төрт рет дәл көздеді. Бұл – командадағы ең үздік көрсеткіш. Осылайша, «Астана» құрамындағы қос шабуылшы тек қана команданың ғана емес, жалпы чемпионаттағы мергендердің қатарынан көрініп отыр.
Осылайша, «Ақжайық» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірген «Астана» турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды. Айтпақшы, бұл жеңіс бас бапкері Станимир Стойловтың «Астана» командасымен бірге 50-інші жеңісі болып тіркелді.
Біріншілік бәсекесінде әзірге екінші орында «Ертіс», үшінші орында «Оқжетпес» тұрақтап тұр.
Турдың басқа ойындарында мынадай нәтижелер тіркелді: «Ордабасы» – «Шахтер» 2:0, «Ертіс» – «Тараз» 2:1, «Ақтөбе» – «Атырау» 1:0, «Жетісу» – «Оқжетпес» 1:4,
«Тобыл» – «Қайрат» 1:2.
«Астана» келесі ойынды 15 мамыр күні Атырауда өткізеді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button