Қала тіршілігі

«Нұр Отан» – нұрлы болашақ жолында

Кеше Назарбаев орталығында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының кезектен тыс ХVIII конференциясы өтті. Алқалы жиынды ашқан «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының төрағасы, елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырды.
Сессияда қаралған алғашқы мәселе – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы «Нұр Отан» ХДП-ның жаңа міндеттері жөнінде өрбіді. Бұл туралы баяндама жасаған «Нұр Отанның» Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов елордалық партия ұйымының қысқа мерзім аралығында қандай шаруаларды еңсергенін атап өтті.
Бүгінде қалалық филиалдың 35 мыңдай мүшесі және 327 бастауыш партия ұйымы бар.
Биыл жыл басынан бері филиалдың қоғамдық қабылдауына 6 311 тұрғын әртүрлі арыз-шағыммен келсе, соның 70 пайызы қысқа мерзім ішінде шешілген.
Сапар Қайратұлы партия бел­сен­ділері мен бастауыш ұйымдар төр­ағаларын оқытуға да баса кө­ңіл бөлініп жатқанына тоқталды. Биыл «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының Саяси менеджмент
мектебінде 22 төраға арнайы бағдар­лама бойынша оқып шыққан. Бө­лімшенің өзінде партия белсен­ді­ле­ріне арналған қоғамдық-саяси және құқықтық тақырыпта 9 семинар өткізген.
«Электронды партия» жобасы бойынша партия мүшелері туралы электронды базаны құру жөніндегі шаруаларды аяқтаған елордалық филиал енді кадрлық резервті жасақтау жұмыстарын қолға алыпты.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе – партияның «Нұр Отан, нұрлы болашақ жолында!» атты саяси доктринасының жобасы туралы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сөз алды.
Ел талқылауына ұсынылған доктринада «Нұр Отанның» ХХI ғасырдағы миссиясы және азамат пен мемлекет өзара іс-қимылдың жаңа қағидаттары айтылады. Сондай-ақ, бұл маңызды құжатта еліміздің табысты дамуының жеті факторы атап көрсетілген. Ол: бірлік пен келісім, төл мәдениет пен руханият, қуатты экономика, әділ әлеуметтік саясат, зияткер ұлт, тиімді мемлекеттік басқару және әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстан. «Партия әрқашан заман талабына сай, болашаққа байыпты бағдарлама жасай отырып, қоғамдағы және әлемдегі зәруліктерге жіті қарап келеді. Со­ның бір айқын дәлелі – қоғамдық тал­қылауға ұсынған жаңа саяси доктрина. Партияның алдағы он жылдағы бағ­дарламасын айқындайтын бұл ма­ңыз­ды құжат Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясын басшылыққа ала әзірленгенімен құнды. Бүгінге дейін Қазақстанның бірде-бір саяси партиясы стратегиялық міндеттерге сай келетін мұндай іргелі құжат ұсынып көрген емес» деді Ерлан Сыдықов.
Ал, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның саяси доктринасы республика өңірлерінде талқыланып жатқанын, жақында еліміздің батыс өңірінде және Ақмола облысының Зеренді ауданында кездесулер өткенін айта келе, бұл құ­жатты талқылау ешқандай да үгіт-насихат жүргізу емес, ашық пікір алмасу екенін, оны дайындауда халықтың пікірі маңызды екендігін атап өтті.
Астаналықтар партияның саяси доктринасы туралы пікірлерін ортаға сал­ғаннан кейін күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХV сессиясына делегаттар сайланды. 18 қазан күні өтетін алқалы жиынға 100 адам сайланды.
Келесі мәселе бойынша, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалынан Астана қаласының мәслихат депутаттығына үміткер ре­тінде партияның астаналық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметовтың кандидатурасы ұсынылды.
Жиынды қорытындылаған Иманғали Тасмағамбетов қол жеткізген жетістігіміз бен жеңісіміз халқымыздың толайым табысы екендігін айта келе, елорданың бүгінгі жетістіктеріне нақты мысалдармен тоқталды. Оның айтуынша, қала елордаға айналғалы тұр­ғындардың саны 5 есеге өсіп, 1 мил­лиондық межеге жеткелі отыр. ЖІӨ 20 есеге артып, 2 триллион 700 мил­лиард теңгені құраған. Астанада жеке кәсіппен айналысатындардың саны 5 есеге көбейген. Биыл жеті айда индустрияландырудың аумақтық кар­тасы бойынша елордада 10 жоба пай­далануға беріліп, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Орташа жалақы 10 есеге өсіп, бүгінде 152 мыңға жетіп отыр. Бас шаһарда жыл сайын 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй тапсырылады. Биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде 554 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
– Астана – жастар қаласы. Бүгінде елордалықтардың орташа жасы – 30. Сондықтан, қолға алған жұмысымыз бен міндетімізді алдымен жастарға бейімдеуіміз қажет. Олардың сапалы білім алуына жол ашып, тұрақты жұмыс табуына, баспаналы болып, отбасын құруға, салауатты өмір салтын ұстануына бар жағдайды жасай білуіміз керек, – деді елорда әкімі.

ЕГІЗ ЛЕБІЗ

Ақерке ЖҰМАНБАЕВА, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты, қалалық
«Жас Отан» жастар қанатының мүшесі:
– Қазіргі таңда жасотандықтардың қатарында 16 148 азамат елім, жерім деп жұмыс істеуде. Жастар 2012-2013 жылдар аралығында 58 428 адамды қамтыған 199 іс-шара өткізді. Бүгінгі күн – ертеңгі болашақтың бағдары. Біз саяси доктринаны жастар арасында кеңінен талқылап, кейбір сұрақтар бойынша ұсыныс енгізгіміз келеді. Елбасымыз жасотандықтардың алдында сөйлеген сөзінде: «Жас отан» жастар қанаты елді жаң­ғырту үрдісіндегі қазақстандық жастардың басты саяси үйлес­тірушісі» деп атап өткен болатын. Біз осы жауапкершілікті сезіне отырып, доктринаның «Азамат және мемлекет: өзара іс-қимылдың жаңа қағидаттары» атты бөлімінің әлеуетті әрі белсенді азаматтар бірлестігі деп аталатын бөлімшесіне «кейінгі жас ұрпақ – дамудың қозғаушы күші» деген бөлімше енгізуді қажет деп есептейміз. Қазақстанның жастары – мемлекеттің болашағы. Жастар саясаты – партияның алдына қойған басым бағыттарының бірі. Біздің мақсатымыз – жастардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, жалпыұлттық құндылықтар мен патриотизмді қалыптастыру, шығармашылық әлеует пен бастамашылықты дамыту. Біз «Нұр Отанды» қолдауға және оның қозғаушы күшіне айналуға дайынбыз.

 

 

 

Алтыншаш ҚАБЫЛДИНА,
№5 қалалық емхананың бас дәрігері,
бастауыш партия ұйымының төрайымы:
– «Нұр Отан » партиясы – халықтың жарқын болашағы үшін қызмет етуде. Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында білім және денсаулық мәселесіне айрықша маңыз берілген. Еліміздің дамуы үшін маңызды құжатты негізге ала отырып әзірленген саяси доктринада басты құндылықтарымыздың бірі ретінде отбасы және дәстүр айрықша аталыпты. Расымен де өз ана тілін, тарихы мен мәдениетін, дәстүрін құрметтейтін ұлт қана өркендей алады. Ал, бұлардың негізі алдымен адамның отбасында қалыптасады. Яғни, жеке тұлғаның азамат болып қалыптасуы, өмірге көзқарасы, тәрбиесі алдымен отбасында бас­талады. Мемлекет пен қоғамға деген қарым-қатынасы да осында бастау алады. Осы орайда, доктринаға байланысты ұсынысымыз – «Әлеуетті әрі белсенді азаматтардың бірлестігі» бөлімі «еңбек адамы – мемлекеттің басты күші және тірегіне айналу керек» деген сөздермен толықтырылғаны жөн деп санаймыз.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button