Басты ақпаратҚала тіршілігі

Нұр құшып Наурыз келді астанаға

Астана жұрты әз-Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті. Бірнеше тәуліктен кейін табалдырығымыздан аттайтын Ұлыстың ұлы күнінің дүбірі естілді. Елорданың қақ төрінен он екі қанат киіз үй тігіліп, құрыш білекті жігіттер арқан тартысты. Қыз-бозбалалар алтыбақанда тербеліп, әнші-бишілер өнерлерімен шашу шашты. Жә, асықпай-аптықпай, әңгімені әріден бастасақ…

Рас, ақ боранды, аязды қысы алты ай жамбастап жататын Астанада қар көбесі әлі сөгіле қойған жоқ. Десе де, көктемнің иісі бар. Көктің басы қылтимаса да, көңілдің хошы байқалады. Мәз-мейрам жұрт Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының алдына жиналған. Сән-салтанаты жарасқан сахнадан ән әуелейді, жыр шашылады, мың бұралған бишілер көрінеді. «Ди-арт», «Дәуір», «Ай-ару» триолары, Әсем Омарова сынды өнерпаздар  көрермен көзайымына айналуда. Патриоттық, халық әндерін шырқаған олардың дауысы айналаны думанға шақырады.

Ақ шаңқай киіз үйден де әжелер әні естіледі. Қара домбыраның күмбірімен үндескен «Дедімай-ау», «Сарыжайлау», «Қарағым-ай» әндері еріксіз баурап алары анық. Киіз үйдің тәбәрігі бұл ғана емес екен, ішіне бас сұққан қонақ төріне жайғасып, ақтан ауыз тиеді, тәтті бауырсақтан жеп, жеті түрлі дәм қосылған наурыз көжеден тойғанынша ішеді. Көпшілікті аспен жарылқап отырған ақ жаулықты әжейдің аузынан «айналайыны» түспейді. Мейірбан қалпымен: «Ішіңдер, қарақтарым. Барлығы сендер үшін, жаңа жылда тоқшылық болсын, береке болсын! Қой жылы қашан да жайлылығынан айнымаған. Биыл да солай болсын! Елімізге бақ, тыныштық, татулық әкелсін!» деп, қайта-қайта батасын береді жастарға.

Театр алаңын аралай жүріп, алтыбақанды аймаққа табан тіредік. Күннің салқындығын елемеген қыз-жігіттердің жүздері бал-бұл жанып алтыбақанда тербеледі. Қазақ ауылының қасиеті сіңген алтыбақан ай сәулесіне малынған жарық түндерді еске түсіргендей. «Мынау бүгінгі әткеншектерден әлдеқайда артық қой әрі сондай ыңғайлы. Осындай алтыбақандарды Астанадағы ойын-сауық алаңдарына, орталықтарына орнатса, қандай керемет болар еді» деген ұсыныстар естіліп жатты бұл маңнан. Расында, Астана билігі құлақ асуға болатын тілек екен. «Хан шатыр», «Керуен», «Атамекен» сынды орталықтарда алтыбақан тербеліп тұрса, ғажап емес пе?..

Міне, білекті бозбалалар арқан тартысуда. Бес адамнан топ-топқа бөлінген жастар бір-біріне дес берер емес. Қызығы сол, ойынға қатысушылардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар. «Мынау ойын маған қатты ұнады. Қазақ не деген қайсар ұлт деп ойлайтын едім. Дене жаттығуларымен осылай айналысқан адам қалай шымыр болмайды?! Бұл ойынды дәстүрге айналдырсақ, салауатты өмір салтына қосылған зор үлес болар еді» деп ағынан жарылды өзін Иван Грачев деп таныстырған сары бала.

Той мұнымен тарқаған жоқ. Асық ату ойыны мергендердің бағын сынады. Қол күресі көп­шіліктің делебесін қоздырды. Бұларға белсене атсалысқандарда есеп жоқ. Жеңімпаздар марапаттан құр қал­мады, ұйымдастырушылар тарапынан арнаулы дипломдар мен сый-сияпаттар тапсырылды.

Мереке театрдың ішкі сахнасында жалғасты. Досымжан Таңатаров, Ардақ Балажанова, Қанат пен Света Айтбаевтар, Клара Төленбаева сынды эстрада жұлдыздары мен «Серпер» домбырашылар тобы өнерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Белгілі ақындар Иранғайып Күзембаев пен Мақсат Ақанов айтысып, көктемнің көркін, мерекенің маңызын, Ұлыстың ұлы күнінің кереметтігін жырларына арқау етті. Қаллеки театрының әртістері қойған қойылым да көпшілік  көңілінен шықты.

Мереке думанын тамашалай жүріп, Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешовпен тілдескен едік. «Астанада өтетін шаралар көп-ақ. Алайда, көктемнің тойы саналатын Наурыз мерекесінің жөні бөлек. Өйткені, мұнда ұлтымыздың мұқым бейнесі көрініс табады. Салт-дәстүрлеріміз бен ырым-жоралғыларымыз жаңғырады. Бүгінгі буын кешегісінің қандай болғанын ұғынады және сондай құндылықтарымен мақтанады. Бүгін басталған мереке ертең жал­ ғасын табады деген ойдамын» деді ол.

Көпшілік ішінен Олжас Сүлей­менов есімді азамат та қазақтың болмысын ашатын осы іспетті шаралар көбірек ұйымдастырылса деген ұсынысын жасырмады. «Астана – қазақтың астанасы. Ендеше, елордамыздан өзгенің емес, өзіміздің, ұлтымыздың иісі аңқып тұрсын. Барлық нәрседен қазақы нышан байқалып тұрса ғой. Бұл – менің ғана арманым емес, талайдың арманы» деді Олжас.

…Рас-ау! Той тойға ұлассын енді!

 

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button