Басты ақпаратЕлорда тынысы

«Нұрадағы» игі істер

Астананың өркендеуі, оның әлемдік мегаполистер қатарына енуі қарқынды дамып келе жатқан қалада жаңа ауданның ашылуына себепші болғаны белгілі. Осылайша, Есіл өзенінің сол жағалауында биыл сәуір айынан бастап Нұра ауданының әкімдігі ресми іске кірісті. Қалалық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында осы ауданның әкімі Жүсіп Жұмағұлов ағымдағы жылдың 7 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Нұра ауданы – елорданың ең белсенді дамып келе жатқан бөлігі. Тек қазіргі күннің өзінде осы аймақта 200 нысанның, атап айтсақ, спорт кешендерінің, мектептер мен сауда орталықтарының, медициналық нысандардың, тұрғын үй кешендері және әкімшілік ғимараттардың құрылысы қызу жүріп жатыр. Олардың әрқайсысын салу және одан әрі пайдалануға беруде ең алдымен, тұрғындардың ыңғайлылығы мен жайлылығына баса мән беріліп келеді.

– Ауданда атқарылған жұмыс­тарға талдау жасай отырып, келешектегі даму динамикасын зерттей келе, біз бірқатар жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарын қайта қарау бойынша жүйелі жұмыс жүргіздік. Мониторинг нәтижелеріне сәйкес, біз егжей-тегжейлі жоспарлауға түзету енгізу үшін 18 ұсыныс жібердік. Қазір осы ұсыныстардың 5-ін қаланың үйлестіру кеңесі қолдады. Олардың ішінде «Памир», «Inju city» ТК маңындағы, Ш.Айтматов пен И.Омаров көшелерінің арасындағы ауданы 1 гектардан асатын учаске бар. Сондай-ақ қаланың әр түкпірінде орналасқан тағы 12 жер учаскесі бойынша біз абаттандыру жұмыстарын жүргізуге рұқсат алдық. Бұл – Ілияс Омаров, Мақсұт Нәрікбаев, Әнет баба, Шарбақкөл көшелерінің бойын­дағы учаскелер. Келешекте бұл жерлер кезең-кезеңімен игерілетін болады, – деді Жүсіп Жұмағұлов.

Қоғамдық кеңістіктер көбейді

Ауданның құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да аумақта қайта қаралған кейбір жер учаскелерінің орнына қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге арналған демалыс орындары мен скверлер қатары көбейді. Мәселен, Ш.Айтматов пен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы, «Жағалау» тұрғын үй кешені жанындағы учаскеде жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Ол жерде 2000-нан астам отбасы тұрады, яғни бұл – қаладағы ең үлкен және халқы көп тұрғын үй кешендерінің бірі. Осы үйдің жанында бұрын 12 қабатты көпфункционалды паркингі бар кешен салу жоспарланған болатын. Ол екі жағалауды байланыстыратын ауданның негізгі көшелеріне жүктеме болар еді. Барлық жағдайды ескере келе, аудан әкімдігі үлкен тұрғын үй кешенінің жанындағы алаңға жүздеген ағаштар мен көпжылдық гүлдер отырғызып, «Жағалау» кешеніне жетіспей тұрған тартымды орын жасалды. Бүгінде тұрғындар дән риза.

– Аудан аумағындағы Тұран даңғылының бойында орналасқан «Спорт сити», «Алма парк» және «Әсем тас» ТК жанында биыл жаңа алаң пайда болды. Оның құрылысы тұрғындармен бірлескен белсенді жұмыстардың арқасында жүргізілді. Бұл учаскеде фитнес орталығы бар тұрғын үй кешенін салу да жоспарланған болатын. Орналасқан жерін, орамішілік жол жүруді және басқа да перспективаларды ескере отырып, құрылыс тоқтатылды, ал оның орнына аудан әкімдігінің және инвес­тордың күшімен қоғамдық кеңістік салынды. Сондай-ақ Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында көптеген жылдар бойы бос жатқан учаскелерде 2 гүлзар құрдық. Қаланың басты көшелерінің бойында жаңа алаңдар пайда болып, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасалды. Бос және пайдасыз жатқан жер учаскелері осылайша халықтың игілігіне айналды, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ Керей-Жәнібек хандар көшесіндегі Асқар Забикулин атындағы өрт сөндіру бөлімінің жанына қоғамдық кеңістік салынды. Жаңа қоғамдық кеңістікте құтқарушыларымыздың ерлігін еске салатын батырдың бюсті орнатылған.

Проблемалар шешімін табуда

Нұра ауданы әкімінің жеке қабылдауларында, тұрғындармен болған көшпелі кездесулерінде және әлеуметтік желілерде жиі көтерілетін мәселенің бірі – тұрғын үй кешендерін жылыту мәселесін шешу.

Аудан аумағындағы «Дәс­түр», «Ақ дидар», «Лазурный берег», «Homeland», «Sunland», «Будапешт», «Cosmic city» тұрғын үй кешендерінде жалпы саны 10 мыңнан астам отбасы тұрады. Әр қыс маусымы олар үшін жаңа сын-қатерге айналып келген. Осы уақытқа дейін тіпті кейбір үйлерде жылы су мәселесі де өзекті болған. Жүсіп Жұмағұлов осы ауданға әкім болып тағайындалғаннан кейін бұл мәселені шешуге көктемнен бастап білек сыбана кіріскенін, нәтижесінде түйткілді проблема шешілгенін жеткізді.

– Магистральді желілерге қосудың арқасында «Будапешт», «Cosmic city» тұрғын үй кешендерін орталықтандырылған газ жүйесіне қосып, ал «Дәстүр», «Ақ дидар», «Лазурный берег», «Homeland», «Sunland» үйлерін орталықтандырылған жылу желісіне жалғадық. Енді тұрғындар қыс мезгілінде жылусыз қаламыз деп алаңдамайды. Осылайша, бірнеше жылдан бері тұрғындарды мазалап келген проблемалар жүйелі шешімін тапты, – деді аудан басшысы.

5 мың ағаш отырғызылды

Тұрғындардың өтінішін ескере отырып, аудан аумағында абаттандыру, ағаш отырғызу, жөндеу жұмыстары атқарылуда. Ауданның Тұран даңғылынан батысқа қарай жатқан бөлігіне де  ерекше мән беріліп келеді. Сәуір айынан бастап тұрғындардан келіп түскен сұраныстар мен ескертпелер ескеріліп, ұсыныстар есепке алынды.

– Елорда, атап айтқанда, Нұра ауданы әлі де қалыптасып келе жатқан қаланың қарқынды даму үстіндегі бөлігі ретінде әлемдік тәжірибе талап ететін стандарттарға сай болуы тиіс. Қаржылық инвестициялар мен уақытты қажет ететін стратегиялық нысандарды салу мәселелері бар екені түсінікті. Біз адамдардың күнделікті және көпжылдық мәселелерін шешу барысында тұрғындар үшін ауданымыздың әдемі, ыңғайлы әрі жайлы болуына басымдық беріп келеміз. Осы мақсатта біз көгалдандыру, абаттандыру және жарықтандыруды қосу бойынша ауқымды жұмыстар жүргіздік, – деді Жүсіп Жұмағұлов.

Аудан әкімінің айтуынша, көгалдандыру маусымында аумақта 5 мыңға жуық ағаш, 22 мыңнан астам бұта және 5 мың көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Мәселен, Үркер тұрғын алабындағы Исатай батыр көшесінің бойында 650 ағаш пен 1 600 бұта, Ш.Айтматов көшесінің бойына, оның ішінде «Жағалау» тұрғын үй кешенінің жанындағы жаңа скверде 1300-ден астам ағаш егілді.

Қаланың қарқынды дамуын ескере отырып, ауданды көгалдандыруға барынша басымдық беріліп келеді. Енді пайдалануға берілетін барлық жаңа тұрғын үй кешендері айналасының жасыл желекпен көмкерілуіне және бұл ретте әртүрлі жастағы жапырақты ағаштардың көп болуына ерекше назар аударуы қажет. Осы тәжірибе енгізілген алғашқы маусымның өзінде құрылыс компаниялары жаңа тұрғын үй кешендерінің аулаларына 1200-ден астам ағаш отыр­ғызды.

Адамдар қауіпсіздігі бәрінен қымбат

Аудан әкімдігінің алдын­да тұрған негізгі мәселенің бірі – тұрғындардың қауіп­сіз­дігі. Бұл ретте көше инфрақұрылымына, яғни тек орталық көшелерде ғана емес, ауданның барлық жерінде жарықтың болуына барынша көңіл бөлінуде.

– Сәуір айынан бастап бірнеше жыл жарығы жанбай тұрған көшелердің, атап айтар болсам, Мақсұт Нәрікбаев, Күлтегін, Әнет баба, Ұлы дала, Бұқар Жырау, Ақын Сара, Атырау, Ілияс Омаров және Жұбан Молдағалиев көшелерінің жарығын іске қостық. Бұл көшелерде қазір жарық бар, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін алаңдамауға болады. Дегенмен, кей учаскелерде әлі де шешімін күткен күрмеулі мәселе жеткілікті. Осы бағытта жөндеу жұмыс­тарын жүргізудеміз. Бастысы, осы көшелердің жарығын қосып, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Бұл біз үшін аса маңызды, – деді аудан әкімі.

Жыл соңына дейін Қ.Мұхамедханов көшесінің жарығын ретке  келтіру жоспарланып отыр. Онда 200-ге жуық шамды ауыстыру қажет. Сонымен қатар, алдағы уақытта аудан аумағындағы 3 балабақша мен бастауыш мектеп орналасқан, бірақ бұған дейін жарық тіректері болмаған Қыз Жібек көшесінде түнгі жарық жағылады.

Нұра ауданы құрылған күннен бергі уақыт аралығында атқарылған жұмыстар ауқымы осындай. Аталған барлық нәтижелер – бұл жергілікті атқарушы органның тұрғындармен біріккен жұмысының қорытындысы.

Аудан әкімі аталған мерзімде 55 үйдің тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдауда 200-ден астам адамдармен жолығып, күнделікті түрде байланыста болып, қойылған сұрақтар мен тұрғындарды толғандырған барлық мәселелерді есепке алып, бақылауда ұстағанын және олардың басым бөлігі бойынша шешімін тапқанын жеткізді.

– Тұрғындар тарапынан туындаған біраз мәселе бүгінгі таңда шешімін тапты, алайда алдымызда әлі де атқарылар жұмыс жеткілікті. Оларды да аудан тұрғындарымен біріге отыра шешеміз деген сенімдемін. Барлығымыз бірлесе ауданымызға қамқорлық жасап, өз күшімізді салып, оның өмір сүруге ыңғайлы және жайлы орынға айналуына септігін тигізейік, – деді Жүсіп ­Жұмағұлов.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button