Басты ақпаратҚоғам

Нұрдан бояу жасаған Нұралы

Өнерде ұлт болмайды. Себебі ол күллі адамзатқа ортақ құндылық болып саналады. Әрі талант адам талғамайды. Оған кешегі көзі соқыр бола тұра әлемдік әдебиеттің шыңына шыққан Гомер, құлағы керең бола тұра әлемдік музыканың мектебіне айналған Бетховен толық дәлел бола алады.

 Ал ондай талантынан тас жанған адамдар бүгінгі ортамызда да бар. Яғни жас болса да өз қалауы бойынша білім ізденіп, қоғамдағы мүмкіндіктердің бәрін пайдаланып жүрген Нұралы Шмановтың суреткерлік болмысы ұлы суретші Павло Пикассоның «Суретші көргенін емес, сезінгенін салады» деген сөзінің жарқын мысалы іспетті. Олай болатыны, Нұралының көркемдік әлемі өмірге деген құштарлық пен мейірімділікке, сұлулық пен нұрға тұнған дарынды туындылардан тұрады. Қылқалам, бояулар мен кенеп маталар сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың шын мәнінде өмірлік серіктеріне айналған. Ол өзінің картиналары арқылы өмірдің барлық қиындықтарын табандылықпен жеңе білуге үндейді.

Атақты классик Леонардо да Винчидің «Кескіндеме – бұл көретін поэзия, ал поэзия – естілетін кескіндеме» деген сөзі бар.

Нұралы Нұртасұлы да – бойынан кескіндемеге байланысты ереженің бәрі табылып тұрған тұнба талант. Оның туындылары, негізінен, өзінің аяулы ата-анасына, жақын дос­тарына және өзін түсінетін, бағалайтын, бейнелеу өнерін жақсы көретін туыс­тарына арналған. Бұл жерде, әрине, «Ұяда не көрсең, соны ілесің» дегендей, Нұралының бүгінгі шыққан биігі және өзіміз жақсы білетін тамаша адамгершілік, азаматтық болмысы, ең алдымен, әкесі Нұртас Нұрибекұлы мен анасы Гүлжан Шайханқызының тағлымы мол тәлім-тәрбиесі мен мұқалмас қажыр-қайратының жемісі дер едік. Әу бастан перзентінің әкенің қаны, ананың сүтімен келген туабітті қабілетін дер кезінде аңғарып, оның өнер жолында шыңдалып жетілуіне көрегендікпен жолбасшы бола білген ата-ана үміті бүгінде толығымен ақталып отыр. Біз болсақ, Нұралының ата-­анасын, туыстас, сыйлас ортасын мерейлі қуанышқа бөлейтін жұлдызды шақтарының алда да көп болатынына бек сенімдіміз. Ал Нұралы өзінің өнерге келуіне ата-анасының тәрбиесінен бөлек ұстамды ұстазының да көмегі көп тигенін айтады.

– Мен бүгін қандайда бір жетістіктерге жетіп жатсам, онда ол біріншіден, ата-анам­ның және мені осы өнер ортасына бейімдеген, жастайы­нан көркемдік әлемге баулыған тұңғыш ұстазым Шолпан Қажахметованың еңбегі зор. Ол кісінің кәсіби біліктілігі мен зияткерлік қасиеті арқасында мен бейнелеу өнерін ерте бастан жете меңгеруге ден қойдым, – дейді Нұралы ­Шманов.

Шын мәнінде Нұралының кез келген суретінің мазмұны айқын, айтар ойы терең. Ол өзінің еңбекқорлығы арқасында сүйікті қылқалам шеберлері – Леонардо да Винчи, Ван Гог және басқа да ұлы суретшілердің шығармашылығын зерттеумен айналысты.

Астана қаласының №17 гимназия-лицейін үздік бітірген ол қазіргі уақытта Швейцария – Америка колледжінде оқиды. АҚШ-тың Филадельфия қаласында оқу процесі курсынан және Астанада өзінің жеке көркемдік шеберлігін шыңдау курстарынан да қалмай өтіп жүрген оның тағы бір қыры – өзін жан-жақты дамытуға және шет тілдерін үйренуге көп көңіл бөлуі. Ол қазіргі таңда ағылшын, неміс тілдерінде еркін сөйлейді, енді, міне, қосымша қытай, түрік тілдерін меңгеруде. Бүгінгі таңда араб тілін үйренуге де зейін салуда. Бұдан тыс ол өзінің спортпен де айналысатынын әрі жеткен жетістіктерінің де аз емес екенін айтып, өзі туралы әңгімеледі.

– Мейлі, қандай жағдай болмасын мен спортпен белсенді түрде айналысамын. Соның нәтижесінде паралимпиадалық спорт түрі – боччеден Астана біріншілігі мен Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, өз санатымда екінші орын алдым. Сондай-ақ қазіргі таңда көзбен басқарылатын арнайы құрылғының көмегімен компьютерді де жақсы меңгеріп алдым. Мұның бәрі менің өнерге деген қызығушылығыммен өмірге деген ынтамды оятады, шабыт береді. 2019 жылы Астана қаласының Ұлттық музейінде «Әлемді бояумен әрлендір» атты алғашқы жеке көрмемді өткіздім. Міне, сол мұражайда акрил бояумен әртүрлі тақырыпта салынған елу сегіз картинамды жұрт назарына ұсындым. Әрине, бұл менің шығармашылығымдағы маңызды кезең болып қалды. Өйткені жеке көрме өткізу – кез келген суретшінің өміріндегі аса салтанатты әрі қызықты оқиға екені анық, – дейді ол.

Біз Нұралының осынша білімге, өнерге құштарлығын көріп таңғалмай тұра алмадық. Алдағы уақытта оның Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-тарихи мұражайының ғимаратында «Менің суреттерім – менің ойларым» атты жеке көрмесінің ашылуы жасалмақ. Оған соңғы 5 жылда салынған жаңа туындылары қойылмақ. Біз осындай таңғажайып таланттың өнерін қызықтауға қашанда дайын екенімізді, оны қолдайтынымызды айтқымыз келеді.

 Жұмажан ЖҮКЕНОВ,

қоғам қайраткері, білім саласының құрметті

қызметкері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button