Сұхбат

Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, Қазақстанның Халық әртісі: «АМАНАТ АРҚАЛАП ЖҮРГЕН АДАММЫН»

nurgali2

– Адам жасы ұлғайған сайын артқы өмірін жиі еске алатын шығар. Әсіресе, жүректе аяулы із қалдырған сәт, кезеңдерді. Нұрғали аға, ақсақал жасына жеттіңіз, сізде де сондай тәтті сағыныш бар ғой… Сондай бір қимас кездеріңізбен бөлісе отырсаңыз.

– Енді адам өткен жолын, өмірін еске алуы заңдылық қой. Адам өмірге келіп, ілім-білім алып, шыққан биігіне дейінгі ізі – өзінің ғана өмір жол. Біз екі формацияның ауқымында өмір сүрдік. Солай ойлауға да мәжбүрміз. Ол кезді Совет заманы дейді ғой, партияның сызып берген жолымен жүрдік. Қазір міне, егемен елдің шаңырағы көтеріліп, қабырғасы қаланған шақты көріп, біз тәубе дейміз. Өкініш жоқ. Сағынышымыз – уайымсыз, қайғысыз сәби кезіміз. Әке-шешеміздің «андай болма, мындай болма» деген сөздері жиі еске түседі. Кешегі Совет заманындағы адам өмірінің этикасын, тәртібін, күнделікті жұмыстағы әріптестермен аралас-құралас, сіз-бізімізді бір жағынан сағынам. Өйткені, ешкім біздің қолымыздан жетектемеген, бізді ешкім іздеп таппады. Ауылдың қара топырағын басып, шапқылап жүрген қара сирақ балалар едік. Өз арман-мұратымызды іске асырсақ деген ойымызға партия заманы мүмкіндік берді. Жұмыс істеген, еңбек еткен адам – өз өмірінің қожайыны. Оны мойындау керек. Кешегі заманда көше сыпырушы, малдың соңында салпақтап жүрген адам болсын үкіметтің алқасында отырды. Омырауларына жұлдыз тақты, еңбегі жанды. Елеусіз қалған жоқ. Елеусіз қалғаны өз алдына, оларды үлгі тұтты. Оларға Одақтың, республиканың басшылары иіліп сәлем беріп, құрмет көрсетті. Мен ол құрметке бөленіп, даңққа кенелген адамдардың жүзін көріп, құшағында өстім. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған Нұрмолда Алдабергеновпен ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болды. Дәл сондай екі мәрте атақ алған Жазылбек Қуанышбаев секілді көкелеріміз болды. Сол қарапайым кісілермен кездесе қалғанда «ой, жігіттер, азаматтар» деп айтатын ақылының өзі қандай еді? Мен соларды қазіргі бір ақыл айтуға міндеттеп қойған азаматтардың тіршілігімен салыстырамын. Аздаған өкінішім боп жатады. «Әттегенайым» көп. Бірақ біз – ештеңеден бетіміз қайтпаған, түңілмеген елміз. Біз – үмітімізбен, арманымызбен өмір сүріп келе жатқан халықпыз. Кемшілік болып жатса да оған мойымай, «бүгін болмаса да, ертең түсінетін шығар ол азаматтар. Бүгін болмаса, ертең орнына келеді» деген үміт бізді ешуақытта түңілдірмейді. Жалпы «үмітсіз шайтан» деп айтатын әкелеріміз, біз ол қауымнан емеспіз Құдайға шүкір…

– Аға, әріптес, үзеңгі жолдастарыңыздың көбісі бақилық. Достықтың, бауырлықтың қадірін тірісінде біле алдыңыз ба?

– Игіліктің, ізгіліктің қасиетті дүние екендігіне көзіміз әбден жетті. Жоғарыда айтқанымдай, үлкен парасатты көкелеріміз болды. Енді сол кісілерді қазір «ауылдан ұзамаған қара шалдар ғой» дейді. Сол ақсақалдарды сан-саққа жүгіртіп, шал-шабыр қылған өзіміз. Ақсақалдардың кінәсі жоқ. Әрине, «кез келген шал баяғы Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би аталарымыздай болмады» деп өкпелеу – қате. Өз басым сол ақсақалдардың, үзеңгі жолдастардың, әріптестердің қадіріне жете алдым деп ойлаймын. Әркімді өз орнымен бағалап, әділетсіз салыстыруға шамамша бармадым. Өзімнің аралас-құралас дос­тарым өмір бойы адал еңбек етті. Осы жерде бір әңгімені айта кетейін. Біз мектепті Талдықорған облысындағы (ол кезде Талдықорған облысы еді) Қоғалы қазақ орта мектебінде бітірдік. Сонда біраз қыз-жігіттермен бірге оқыдық. Медеубай Құрманов деген кластас досымыз болды. Зылиха Тамшыбаева деген қыз оқыды. Кейін ол кісі де Социалистік еңбек ері атанды. Сол мектепте Зоя Михайловна деген неміс тілінен сабақ беретін ұстаз болды. Өзі бір жуас, жайлы адам еді. Шулап, дабырлап кетсек те дауысын көтеріп ұрыспайтын. «Бұларың не?» деп қана қоятын. Сол кісі: «Неге сабақ оқып келмедіңдер?» десе, ішіміздегі ерке-тотай балалар: «Ой, Михайловна, сіздің сабағыңыздың бізге керегі жоқ қой, біз Германияға барып жатқан жоқпыз. Біздің ауылдағы істейтін жұмысымызға неміс тілінің қандай қатысы бар» дейтін. Ол кісі үндемей қалатын. Жаңағы Медеу­бай Құрманов кейін шет тілдер институтына түсіп, неміс тілінің маманы болып шықты. Немістің әйгілі ақыны Гетенің «Фаустын» түпнұсқадан қазақшаға аударды. Бұл қазақтың тарихында бірінші рет, тіпті, Одақтың өзінде сирек болған дүние-тұғын. Медеубай бала сияқты, өте адал еді. Арманшыл, ойшыл еді. Томаға-тұйықтығы да бар еді. Берген уәдесінде тұратын. Үнемі менің концерттеріме келетін. Қазақтың, немістің классикалық шығармалары туралы сөз болғанда пікірталасқа белсене араласып және қарсы жағының ол мәселеге қаншалықты шынайы беріліп тұрғанын да сезе алатын. Бір жолы бізге аузы жалақ-жалақ етіп тұратын бір сары жігітті таныстырды. Ол күні кеше марқұм боп кеткен Герольд Белгер еді. Осындай қарапайым ғана өмір сүріп, артына өшпес із тастап кеткен достарым баршылық.

Совет заманында қазақ ауылдарында он жылдық мектеп болмайтын. Жеті жылдықпен ғана шектелетін. Қасымыздағы көрші орыс ауылдарында он жылдық мектептер бар еді. Мен бұл жерде мұның бәрін саясатқа айналдырып, қарсылық тудырайын деп отырғам жоқ. Ауылдағы балалардың шамасы келгендері ғана аудан орталығына келіп оқитын. Қанша бала мектептің табалдырығын аттай алмай қалды. Совет заманының бір қисық жағы осы шығар. Мүмкін шовинистік пиғылдағы атқамінерлердің істегені ме екен, сондай жағдайлар болған. Қазір Құдайға шүкір, әрбір ауылда кереметтей мектептер салынып жатыр. Баяғыдағы ауылдың қара борбай балаларының арманы бүгінгі балаларда бар ма екен? Жасың ұлғайған соң, оған да көп бас қатырады екенсің.

– Сіздердің арманшыл, еңбекқор болғандарыңыз заманға да байланысты ма екен әлде? Мүмкін біз еркіндіктің, тәуелсіздіктің қадірін толық сезіне алмай жүрген шығармыз…

– Әкем ылғи «Айналайын, адал еңбек ет. Ешкімнің ала жібін аттама» – деп ақылын айтып отыратын. Біз кішкентай кезімізден еңбекпен өстік. Балалық шағымыз соғыс жылдарына тура келген соң ерте есейдік. Есіміз кіресілі-шығасылы төрт-бес жасымызда бізді колхоздың жұмысына пайдаланды. Мал-жанымен күн көрген қазақ ауылында өстік қой, үй шаруалары да мойнымызда-тұғын. Қазір менің балаларым, немерелерім ондай өмірді елестете де алмайды. Қаланың тіршілігіне әбден үйренген. Сондай еңбекпен өсетін өмірді сағынады екенсің. Балаларымды, немерелерімді солай тәрбиелегім келеді, оған менің мүмкіндігім жоқ. Бесіктен белі шыға еңбекпен тәрбиелеудің мемлекеттік, ұлттық жүйесі болуы керек. Ондай жүйе жоқ бізде. Өкінішке қарай, қазір мектеп, институт, университетте біздің ұлттық қасиетімізді ұлықтайтын, шәкірттерді ұлттық құндылықтарымызға икемдейтін жүйе жоқ. Қалтамызға ақша басып ап, дүниені аралап жүрміз. Аралап жүргендердің сол елдің озық дүниелерін өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен ұштастырып, ағарту саласын дамыту ойына да келмейді. Бұл – өкініш. Совет заманында патриотизмді бойына сіңірмеген, өзінің еңбегімен еленбеген кез келген адамды шетелге шығармайтын. Кейде бір күлкілі әңгімелерді естіп жатамыз. Сол шетелді кезіп, ақшаны судай шашып жүргендер картадан мұхиттарды, құрлықтарды көрсете алмайды екен. Картада табақтай боп тұрған құрлық пен мұхитты көрсете алмаған соң, одан не сұрайсың?.. Өмір ыстық-суығымен өлшенеді. Осының бәрі тәлім-тәрбиенің ақсап жатқандығынан хабар береді.

Қателеспейтін адам болмайтыны анық. Егер сізге өмірді басынан қайта сүру мүмкіндігі берілсе, қандай кемшіліктеріңізді болдыртпас едіңіз? Өкінішіңіз бар ма?

– Шынын айтсам, өкінішім жоқ. Ал кемшіліктер толып жатыр. Кемшіліктер жібермегенде біз көбірек пайдалы шаруа істеп үлгеретін едік. Мен оқып жүріп, тілдерді дамытпадым. Біраз шет тілін меңгеру керек еді. Әлемді араладым. Тіл білмеудің зардабын сонда көрдім. Кезінде итальян тілін әжептәуір меңгеріп қалып едім, сөйлесетін орта болмаған соң ба, ары қарай дамыта алмадым. Асқазанымыз не сұрап тұрғанын ескермей, дайын тамақты ауызға салғанға да бой үйретіп алдық. Ол кезде идеология солай болды. Тіл білмеген соң араб-парсы мәдениетін білмедік. Қазақ жұртының көп тарихы сол жақта. Біз Әл-Фарабидың ізін ұмыттық, оның рухынан айырылып қалдық. Құлдыққа сатылса да, ел мен жерін ұмытпаған Бейбарыстың дәстүрін бойымызға сіңіре алмадық. Өкініші – сол. Оған біздің шамамыз келмеді. Бізге араб-парсы әлемі жабық есік болды. Оның бәрі әдейі қолдан жасалыпты, қазір көзіміз жетті. Шіркін-ай, өмірді басынан қайта сүру бақыты бұйырса, осы тілдерді меңгерер едім. Өйткені, барып тұрып, көріп тұрып, ұстап тұрып соны оқи алмаудан асқан қорлық жоқ екен, одан өткен сорлылық жоқ екен. Көзің жәутеңдеп анаған бір, мынаған бір қарағаннан не пайда?..

Қазіргі жастардың қай ісіне сүйінесіз, қай ісіне күйінесіз?

– Бір-ақ күйініш бар, жастарға дұрыс тәрбие бере алмай жатырмыз. Қазір білімсіз жастар өсіп жатыр. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Ол бос кеуделерді басқа ағымдар пайдаланып, солар жұмыртқасын салып жатыр. Біз жас-тарды кім үшін тәрбиелеп жатырмыз өзі? Басқа жұрт үшін бе? Қазіргілердің бәрі шетелде жүргісі келеді. «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын»?! Біз соған кеп тірелеміз. Сондықтан үлкеніміз бар, кішіміз бар, үкіметімізден бастап тәрбие мәселесін қолға алуымыз керек. Оған ұялып, біреуді кінәлаудың қажеті жоқ, Егемен, өз еркі өз қолында бар елдің ұрпағын қалыптастыру күн тәртібіндегі мәселеге айналуы шарт. Бұл – кешігуді, ойлануды күтпейтін өте өзекті мәселе. Біз бір-бірімізді иықтан қағып, өтірік алдап жүргенде бірнеше буын алмасып үлгерді. Енді есімізді жимасақ, осылай буын алмаса береді. Біздің ең үлкен жоғалтып отырған дүниеміз осы – тәрбие. Ұрпақ қауашағына түскен құртты ешқандай ақшаның көмегімен кетіре алмайсың. Ондай сырқаттың алдын алу керек. Самарқаулық пен өтіріктен құтылмаса болмайды. Сүйінетінім – үмітіміз мол. Бірақ ол үміт жалаңаш болмауы керек, үміт іске айналуы керек. Бұрын ел ісіне араласатын кадрларды тәрбиелеп, сосын жұрттың сарабына салып талқылатып барып, қызметке қоятын. Әке-көкесі бардың бәрі ел ісіне араласа бермейтін. Ал ол – «бармақ басты, көз қыстылық», Отанға жасалған опасыздық.

– Сіз қандай жігіт болдыңыз? Романтик пе едіңіз, әлде реалист болдыңыз ба? Сіздің кезіңіздегі жас­тарда құндылық не еді?

– Жас кезімде арманшыл, романтик жігіт болдым. «Ананы меңгерсек, мынаны білсек» дейтінбіз. Қазір мен қарап отырып күлем, бәрі болмаса да жастардың біразы бірден лауазымды қызмет атқарып, жұмсақ креслоға жайғасқысы келеді. Онда басқа жұмысты кім істейді? Осылай ойлаудың өзі қауіпті ғой. Біз де жас болдық. Қатарластарымыздың бірі шабандоз, бірі ұшқыш, бірі дәрігер, бірі ұстаз болғысы келетін. Ұстаздан қадірлі адам жоқ еді. Елдің көзін ашатын мұғалімді ұлы әкесіндей құрметтеу – есі дұрыс елде болатын қасиет. Қазір сол қасиетті қаншалықты сақтап жүрміз? Мысалы, қазіргі мықты-мықты оқу орындарын аралап көрші, керемет машина мінген студенттерді көресің. Олар профессор, академиктердің көлігіне орын бермейді. Ана бейшаралар көліктерін қайда қоярын білмей, сандалып жүреді. Біздің кезімізде ең басты құндылық мұғалім сыйлау болатын. Ол құндылық  ауысты ма – ауысты. Қарасаң, бұған ешкім кінәлі емес сияқты. Бірақ, бұл – дұрыс құбылыс емес. Сана тазаруы керек. Жеп-тойып жата беретін хайуан емеспіз. Атымыз – әлмисақтан адам. Адам болғанда күллі Еуразияны билеп-төстеген түркі жұртының тұқымымыз. Кезінде аталарымыздың келе жатқанын естігенде Еуропаның корольдары бұттарына «памперстерін» киіп, мініп ап қаша жөнелуге корабльдерін дайындап қойып отырған. Сондай заман болған. Қазір бізді менсінбейтін Еуропаның орта ғасырда қандай болғаны белгілі ғой. Былтыр наурызда ағайындар шақырып, Пекинде концерт қойдым. Қытай қорғанында болдық. Қанша мың адамы қырылып, оны неге салды? Қорған салынған таудың өзінен атты адам жүре алмайды. Үрейі ұшқан жұрт сол қиын қияға қорған соқты. Әрине, ол да ата-бабамыздың айбарынан жасқанған қытай халқының тірлігі еді. Ал енді сол халық ешкімді де менсініп отырған жоқ. Дүние өзгеріп жатыр? Сонда да біздің халық самарқау, оянбай жатыр.

Қазір кім көрінген «біз өнер адамы» дегенді бейберекет айта беретін болды. Сіз осы сөздің жауапкершілігін қаншалықты сезінесіз?

– Бұл – білген кісіге жауапкершілігі өте ауыр сөз. Бабаларымыздың көлеңкесін көргенде дұшпандары дірілдеп-қалтырап, не істерін білмей кететінін жоғарыда айттым ғой. Аталарымыздың сондай тарихын, ұлылығын жырға қосып, кейінгі ұрпақтарға жеткізудің бәрі – өнер. Дастан, қиссаларымыз, қазақтың халық әндері, күйлері болсын ұлттың рухына қызмет істеген. Ал қазір жаһандану деген бір пәле келді, бұл елін сүймейтін, жұртына жаны ашымайтын надан адамдар үшін өте «тиімді» болды. Санасы орнықпаған, рухы пәс жандар кім көрінгеннің илеуінде кетеді. Ұялмай үлкен сөзді былш еткізіп айта салуға жеткен жаңағы адамдарға салғырттығымыз да кесірін тигізді. Бұл – бір. Екіншісі, біздің ұлттық генетикалық кодымызды  зерттеп жүргендер көп. Идеология деген – өмірі бітпейтін соғыс, ол жұдырық көрсетпейтін соғыс. Сіз бен біз баламызға тәрбие беруге уақыт таппай жүргенде, сырттан неше түрлі «ұстаздар» қаумалап келіп, ұрпағымызды «тәрбиелеп» жатыр. Осал жерімізді дөп басып жүргендер көп. Оның бәрі өз пиғылдарын іске асырып, өз биліктерін орнатқысы келеді. Олар жастарымызға өздерінің публикасын үйретіп, өздерінің кітаптарын оқытады. Ал ол идеология «жемісін» берді. Біз өз өнерімізді сыйламайтындай дәрежеге жеттік. «Дәстүрлі өнерімізге мән бермей жүрміз, неше түрлі шоу, эстрадаға әуес боп кеттік» деп жиі айтамыз. Айту ғана емес, елдің санасы соған ауды. Бұл мемлекеттік, ұлттық тұрғыда алдын алуға мықтап кірісетін мәселеге айналды. «Біз өнер адамы» деп сөйлейтіндер алдымен кімнің өнерін дәріптеп жүргендерін білуі керек. Ол болашаққа басқаның биін, болмаса шала қазақша техниканың көмегімен жасап алған әнін апара ма?.. Өнердің жолы бөлек. Бұрынғы әншілер, композиторлар бір-бірімен тығыз байланыста болды. Менің дауысыма сай тамаша әндер жазған авторларым болды. Ол авторларым қазақтың біртуар перзенттері Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды азаматтар еді. Сол аманатты мен арқалап, көтеріп жүрмін. Ол – менің өмір бойы арқалаған аманатым. Оны мен бір жерде шашып, бүлдіріп, түсіріп алуға қақым жоқ. Менің адамдық қасиетім де, достығым да сол аманатпен өлшенеді. Бұл аманат менен кейінгі буынның да мойнына жүктеледі. Ол – менікі емес, маған уақытша ғана берілген нәрсе.

Қазір халыққа танылу өте оңай. Тойда жұртты билету үшін айтылатын әндер эфирден түспейтін болды. Бұл сонда эфирге жауапты адамдардың деңгейін білдіре ме, әлде көрерменнің қалауын білдіре ме? Бізде сонда қазір талғам мәселесі қиындап кеткені ме?

– Қазір шала сауатты, бірақ тез танылғысы келетін, тез көрінгісі келетін білімсіз жастар көбейіп барады. Оқып, білім алып бас қатырғысы келмейді. Мен өзім жас кезімде қазақ телевидениесінде он жыл музыкалық редактор болып қызмет істедім. Сол кезде бір әріптің басы қисаймайтын, бір автордың аты эфирде бір күнде екі қайталанбайтын. Эфирқұмарлық деген үлкен ұят саналатын.

Қазір неге халық сондай талғамды талап етпейді?

– Халықты эфир үйретіп қойды. Республика сарайында сайқымазақ, ыржың-тыржың концерт болса, халық соған ішегі қатып күледі. Сен ол жерде өзіңе өзің күліп отырғаныңды білесің бе? Неге сонша маймылдың деңгейіне түстік? Әлгі артиссымақтар шал-кемпірді мазақ қылып жатса, күліп отыра береміз. Өзіміздің әке-шешемізді күлкі қып отырғанымыз ойымызға да келмейтін болды. Газет-журналда жарияланатын, радио-телевидениеде таратылатын, сахнада қойылатын дүниелердің бәрі сарапталған, эталон болуы керек. Ал бізде ол жоқ. Бізге үкіметтің таяғы керек. Өкінішке қарай, жоғары жақ та бұған қатты мән беріп отырған жоқ. Халықты тобырлық мәдениетке тәрбиелеуден тартатын зардапты мөлшерлеу қиын. Саналы жұрт үкіметті де сатпайды, қоғамды да бүлдірмейді. Баяғыда мынадай бір жағдай болды. Кезінде демократиясы дамыған елдер «Кеңес Одағы көп халықты езіп-қанап отыр» деген ақпаратты көп таратты. Сол кезде бізді 24 адамды делегат қып, Швецияға жіберді Совет үкіметі. Жетпісінші жылдар болатын. Ол кезде Швеция дегенің мүлде жабық ел болатын. «Совет үкіметі бізге үлкен қамқорлық жасап жатыр, біз майрағай да тайрағай өмір кешіріп жатырмыз» дегенді біздің аузымызбен айтқызу ондағы мақсат. Шынын айтқанда өзіміз де солай ойлайтынбыз. Несін айтасың, керемет ел екен келген жеріміз, бір ай аралап концерт қойдық. Ол ел армия ұстамайды, бейтарап саясат ұстанатынына әлем жұртшылығының көзін жеткізген, біздің коммунизм деп жүргеніміз сонда екен. Ескендір Хасанғалиев екеуміз дуэт боп, ән айтып жүргенбіз. Бір күні Азаттық радиосының журналистері келіп, Ескендір екеумізге «құда түсті». «Советтің қазақтары шынымен құл емес екен. Сендерге керемет жағдай жасалыпты. Осы жағдайларыңызды бүкіл дүниеге паш етсек» деді. «Қалай паш етесіңдер?» дедім мен. «Біз сіздерді бір жылға қонаққа шақырамыз. Әрқайсыңызға миллион доллардан қаламақы төлейміз. Басқа шығынның бәрі біздің мойнымызда, сіздер әр барған мемлекеттерде концерт жасайсыздар. Егер сұрап жатса барған жерлеріңізде елдеріңіз туралы, қазақтар туралы, Совет туралы әңгімелеріңізді айтасыздар. Біз сіздерді ұйымдастырып, шаруаларыңызды реттеп жүрген адамдар боламыз» деді Азаттық журналистері. Ол кез Совет пен Американың қырғи қабақ соғысы, текетіресі кезі. Үлкен саясаттың ойыны болайын деп тұр, егер келісім берсек. Аталған ақшаны күні ертең аударамыз деп, есеп шотымызды да сұрады Азаттық қызметкерлері. Сосын мен айттым: «Мырзалар, өздеріңіз айтпақшы біз – Советтің құлы емес шығармыз, бірақ боданымыз. Біздің тізгін-шылбырымыз – Мәскеудің қолында. Талай ғасыр қиындық көрген қазақпыз. Шынын айтқанда Қазақстандағы қазақтың үміті – біз. Байлықпен, миллионмен күн көрейік, сонымен жыртығымызды жамайық деген біздің әке-шешеміз, біздің қазағымыз жоқ. Кедей қалпында олар біздің тілеуімізді тілеп, біз олардың тілеуін тілеп жүре берсек, бізге одан өзге ештеңенің керегі жоқ. Миллиондарыңа рахмет, бұл жақта сендер аман, ол жақта біз аман боп жүре берейік. Біздің ол жақтағы қазағымызды орыстар «туыстарың ақшаға сатылды» деп көзден шұқымасын, біз үшін туыстар таяқ жемесін. Өмір бойы тұқырып, еңсесі түспесін. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейді, біз иттік жасамайық» дедім. Олар да сөздің жүйесіне жығылып, қайтіп ол әңгімені біз кеткенше қозғамады… Айтқанымның астарын түсінген шығарсың, міне осындай.

– Алматыдан Астанаға арнайы ат өксітіп келіп, Нұрғиса Тілендиев атындағы байқауға төрелік жасап, қазы боп отырсыз. Осы шара туралы қысқаша айта кетсеңіз…

– Бұл – өте болашағы зор байқау. Фестиваль деп атап жатырмыз, осымен төртінші мәрте өтіп жатыр. Барлық фестивальге қатысып келе жатырмын. Нұрғиса ағаның соңғы қырық жылында арамыз ажырамады. Басында айттым ғой, менің дауысыма сай қанша ән жазды. Ол – мен үшін үлкен аманат, үлкен сенім. Анда-санда бір-екі ай Нұрғиса ағамен жолықпай, арасында гастрольдік сапардан оралғанымда, мені «адалым» деп құшақтап, көзіне жас алатын марқұм. Сарыөзек жаққа біздің ауылға тартып кететінбіз кейде… Айтсақ әңгіме көп, фестиваль туралы айтайын. Әр конкурста байқаймын, бұл фестиваль кемелденіп келеді, өсу бар. Тілендиев мұрасына деген адалдық балалардың орындаған күйінен, әнінен байқалады. Осындай ұлттық құндылықты қуаттайтын, сол үшін қызмет қылатын мұндай іс-шаралар өте керек. Бұл таза ұлттық дүниелер, жаһандануыңызға бұл жерде орын жоқ, жақындай алмайды. Нұрғиса Атабайұлының оркестрінде музыка тартып отырған балалар бүгін қай жағынан болса да өсіп, осы шараны ұйымдастырып отыр. Сондай білікті мамандар, мен осыған қатты қуанамын.

«Астана ақшамы» газетінің оқырмандарына айтатыным, Астана – алыс-шалғай жатқан ауылдардың, күллі Алаш жұртының астанасы. Астанада болып жатқан дүниелер Астанада тұратындардың, болмаса үкімет адамдарының ғана жұмысы емес ол. Астанада жақсы істер атқарылуы керек. Әлемдік деңгейде, мемлекеттік деңгейде өтетін шаруаларға бәріміздің үлесіміз қосылғаны дұрыс. Өйткені, Астанамыз жалғыз. Астана – үлкен дастарқанымыз. Тілегіміз, дәм-тұзымыз осы дастарқанда тоғысады. Кейінгі ұрпақтар сол дәмнен ауыз тиіп, береке-бірлігі нығайсын. Ешкімнің артында қалып, шаңын жұтпай, биіктерге самғай берсін. Менен тілек осы.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет, аға. Ауырмай, сырқамай аман-есен жүре беріңіз.

Сұхбаттасқан: Ырысбек ДӘБЕЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button