Басты ақпаратСұхбат

Нұрғанат ЖАҚЫПБАЕВ: АДАМ РЕЖИССЕР БОЛЫП ТУУЫ КЕРЕК

Қазақ театрларының көрермені жоқ, төл өнеріміз бағаланбайды дейтін байбаламның астарында аталы сөзден асқан байлығы жоқ елдігіміз аяқ асты қалғандай көрінуші еді. Бүгінгі қазақ өнерінде кенжелеп қалмаса да, өз тұғырынан толық көріне алмай келе жатқан театр саласы туралы Қазақстан Республикасының Еңбек сiңiрген қайраткерi, режиссер Нұрқанат Жақыпбаевпен сұхбатымызды ұсынамыз.

«ТҰРАҚТЫ КӨРЕРМЕНІМІЗ БАР»

– Жастар театры басқа өнер ордаларына ұқсамайды деп көп айтасыз, ерекшеліктеріңіз неде?
– Өйткені, қазір заман басқа. Бұрынғыдай, ұзын-сонар ақыл айта беретін монологтарға көрермен шыдамайды. Жастардың санасы біздің кезімізден мүлдем басқа. Бүгінгінің баласы компьютерді көріп өсіп келеді. Ғаламтордан қажетін ала біледі. Оларға ақыл айту артық. Кез келген театрды әлемдік деңгейде бағалайды. «Болашақпен» оқып, жер шарын шарлайды. Бродвейді көреді. Шетелдік театрмен салыстырады. Бізде де сондай болса екен деп армандайды. Тура сондайды қайталауды мен де білмеймін. Мен олардың барлығын көргенім жоқ. Бірақ, ішім сезеді. Осындай болу керек деп. Бүкіл әлемдік театр ағымынан қалыс қалдық дей алмас ем. Менің көкейімді осы ой тесіп барады. Біз де солардан қалыспауымыз керек. Жастарымыз неге біздің театр көп сөзді, ақыл айтуға құштар деп намыстанбауы үшін біз «Қозы-Көрпеш – Баян сұлуды» басқаша жасадық. Мақсатым – жастар осы халықтық дүниені ой-назарынан өшіріп алмасыншы деген ізгі ниет. Абайдың, Шоқанның жазуы бойынша, Мүсіреповтің мәтінін қосып, ақ өлеңмен өрнектеп, композиторлармен келісіп, әнмен әрледік. Сахнадан айтылған ән жақсы қабылданады. Аранжировкасы бүгінгі күнге сай болды. Қобыз бен домбыраны да ұмытпадық. Біз жастардың басын қатырмаймыз. Монологтардың барлығын алып тастап, пьесаны әрекетке, пластикаға, әнге құрдық. Бүкіл спектакльдеріміз сондай. Ерекшелігіміз сонда. Өзіміздің қолтаңбамыз бар. Тұрақты көрермендеріміз бар. Бүкіл облыс орталықтарын жыл сайын аралап шығамыз. Сайтқа жазып тұрады. Сағындық, келмейсіңдер ме деп. Мұның өзі ізденіске серпін береді.

– Мұндай театр құруға не мұрындық болды?
– Осыдан 5 жыл бұрын, театр ойламаған жерден ашылды. Қазіргі актерлардың жартысы ол кезде менің шәкірттерім еді. Олар 2006 жылы Жүргенов атындағы Академияның музыкалық драма бөлімін менің класым бойынша бітіріп жатты. Дипломдық спектакліміз Гогольдің «Ревизоры» болды. Оны ерекше, басқа бір жағдайда дайындап жатқанбыз. Сол кезде Қазақстанның Мәдениет министрлігі республикалық театрлардың қандай жағдайда екенін екшеп алу үшін Мәскеуден театр-танушыларды шақыртып жатқан. Мәдениет министрлігінің бөлім бастығы қоңырау шалды. Бүгінгі күн бос боп тұр, не көрсете аласыз деді. Уақыт белгіледік, олар келді. Көрді. Мен ол спектакльде орыстың образын жасағам жоқ. Өзіміздің қазақтың проблемаларын ашуға бағыттадым. Гогольдің көрсеткен проблемалары маған керек болды. Әнге, пластикаға құрылған, мәтін өте аз. Сол жағынан аздап қобалжыдым. Орыстың төл туындысы ғой. Орыстар қабылдамай қала ма деген бір ой тұрды көкейімде.

Қатты сынап кете ме деп те толқып тұрдым. Сыншылардың жетекшісі шақырды. Быт-шытымды шығарады деп ойладым. Келе қолымды алды да, «мен таңғалып тұрмын» деді. Мен құрыдым деп ойлап қалдым. «Қандай мағынада айтып тұрсыз» деуге шамам келді. «Ғажап» деді. «Дәл Қазақстаннан осындай дүние көрем деп еш ойламаған едім. Өмір бойы театртанушы болып істеп келем, талай театр қойылымдарын көріп жүрмін. Мен коллекционер сияқты, қай жерде Гоголь мен Чеховты қойса, сонда барып көретін едім. Мұндай да Гоголь болады екен деп таң қалып тұрмын. Қысқасы, мына спектакльді Ресей көруі керек. Мұндай қойылыммен үлкен театр ашуға болады» деді. Таспаға жазып алып кетті. Кейіннен министрліктен хабарласты. Мәскеуге дайындалыңыз, «Ревизорды» апарасыз деді. «Мәссаған»! Біз барсақ, фестивальге қабылдау аяқталып қалған екен. Әлгі театртанушы алдыртты. Санкт-Петербургтің «Ревизоры» мен біздікі болды. Олардікін барып көрдік. Ағаттық жағдайлар, ашық-шашық көріністер көптеу болды. Орыстар аяғына дейін көрмей тарасып кетті. Ертесінде біз қойдық.

Көптеген әртістер келді. Калягин, Лановой, Князев. Мәскеудегі қазақ студенттері көп жиналды. Ойнап шықтық. Ел жібермей ұстап тұрып алды. Бәрі қуанып, орыстың кемпірлері біз ұмытқан дүниелерді қалай таптыңыз деп, студенттер аспанға лақтырып, намыс үшін келіп едік, төбемізді көкке жеткіздіңіздер, мына орыстардың алдында бір жасап қалдық деп мәз-мейрам болды. Міне, осыдан «Ревизор» – Мәскеуде өткен халықаралық «Подиум» деген фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды.

– Сөйтіп, «Ревизормен» театр аштыңыз ба?
– Иә, содан кейін Астанадан Ғани Құлжанов хабарласты. Жас-тар театрын ашып жатырмыз. Шәкірттеріңізбен келіңіз деді. Ұзын-ырғасы 39 жыл Мүсірепов театрында актер, режиссер болып істедім. Сол театрмен біте-қайнасып кеткен адам едім. Бала күнімнен келген орда, тастап кете алмаспын деп ойладым. Жаңа театр болса деп ойлайтынмын, бірақ ол арман еді. Менің ол кезде «Қозы мен Баян» деген мюзиклім дайын еді. Не керек, 2007 жылдың көктемінде Астана қайдасың деп тартып кеттік. Президенттің қолдауымен жасалған шара деп түсіндірді бізге. Астана күніне Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысханын» қойдық. Көрермен өте жақсы қабылдады. Содан бері 15-16 спектакль сахналадық.

– Тұрақты сахналарыңыз жоқ сияқты?
–Ең қиыны сол. Тұрақты сахнамыз болмаған соң, Астанада көріне алмай жатамыз. Қазір арендаға миллиондап берер ақшамыз жоқ. Астаналық көрермендеріміз «қайда кеттіңдер» деп сұрап тұрады. Міне, енді Құдай оңдап, желтоқсанның ортасында Иманғали Нұрғалиұлы бәрімізді шақырып, 5 әртіске пәтер ұсынды. Оқушылар сарайының театрын бізге берді. 500 адамдық үлкен театр. Ең соңғы үлгімен жабдықталған. Жарығы, дыбыс беруі бәрі керемет. Тамаша деңгейде жұмыс жасауға мүмкіндік туып тұр. Кәсіби деңгейде репертуарымызды ұсына алатын боламыз. Айына 20-24 спектакль береміз бұдан кейін.

«БЕЛГІСІЗ АВТОРЛАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМ»

– Фестивальге жиі қатысасыздар ма?
– Мәдениет министрлігі көп фес- тивальге жібереді. Республикалық, халықаралық. Түркіменстанға барып келдік. Барлық спектакльдеріміз жүлдегер атанған. Әртістердің көбі лауреат болып жатыр. Үш-төрт спектакліміз бас бәйгені жеңіп алған. Әлгінде айтқан «Ревизор» сол «Подиумда» жеңіске жетті. Айтматовтың «Жан азабы» халықаралық «Арт орды» деген фестивальде бас жүлдені жеңіп алды. «Меккеге қарай ұзақ жол». Сұлтан Раевтікі. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған фестивальде бас жүлдені қанжығаға байлады. «Қозы мен Баян» мюзиклі, «Шабыт» фестивалінің бас жүлде иегері.

– Репертуарды қалай таңдайсыз?
– Әрқалай. Кез келген мақаланы аламын да ұнаған абзацын ойға түйем. Соны спектакль етіп шығарам. Белгісіз авторларды жақсы көрем. Бір бет, екі бет мақала жазатын авторларға қарамаймын. Аяқ жағында кішкентай бір мақалалар шығады ғой. Алғаш қалам ұстаған жастар. Сондай мақалалар маған қатты стимул береді. Сұмдық нәрсе шығады солардан. Балаларға келіп, міне, керемет таптым деймін. Гитараны, домбыраны алып ән салдырам. Осыны ары қарай өрбітейік деймін. Жазамыз солай. Осылай Гогольді де жасадық, осылай Шекспир де шығып жатыр. Әннен басталады да, қиынды мәтіннен спектакль жасалады. Жуырда «Сағимен қоштасу» деген кішкентай әңгіме қолыма түсті. Бойжеткен оқуын бітіріп кеткен соң, КазГУ-ге барып өткен күндерін еске алады. Мына жерде қол ұстасып жүріп едік, мына жерде жалт қарап еді дегендей. Енді сол ой маза бермей жүр, қашан мынадан спектакль жасап шығарам деп.

Репертуарымызда татар жазушысының комедиясы бар. «Деляфруздың төрт күйеуі» деген. Жастарға арналған. Біз татардың халық музыкаларының антологиясындағы әндерді әрбір нотасын кесіп отырып өзіміздің спектакльге бағындырдық. Татар композиторларына жазып бер десең, қымбат сұрайды. Соған өкпеледік те, жарайды онда деп өзіміз жасадық. Кесіп-кесіп жалғадық. Спектакльді қойғанда, татарларды шақырдық. Таң қалды. Қалай аранжировка жасадыңдар деп ауыздары ашылып қалды. Шындығында балалармен отырып құрап шықтық. Театрдың ұғымында бұны лабораторлық жұмыс дейді. Әртістер өздері музыкасын жасайды, өздері биін қояды, суретін де өздері салады. Костюмдерді де өзіміз тігеміз көбіне. Эскизін жасап, оямыз. Солай үйреніп қалдық. Көшіп-қонып жүріп. Оның үстіне арзанға түседі мұның бәрі. Қиялға түрткі болады. Арзан нәрседен ғажап әлем құрастырамыз. Театрлық ұғымда мұны минимализм дейді. Минимализм өзіме ұнайды. Меніңше, әсем декорацияның артына әртіс тығыла алмайды. Сондықтан бізде көп декорация жоқ. Кішкентай ғана символдар болады. Ол ойналады сахнада. Өлі тұрмайды. Кейде декорацияның әдемілігіне көп мән беріліп, әртістің ойыны көрінбей де қалатын спектакльдерді көріп жүрміз. Бұл дұрыс емес.

«БІЗДЕ БАС КЕЙІПКЕР, МЫҚТЫ ӘРТІС ДЕГЕН ҰҒЫМ ЖОҚ»

– Әртістеріңіз көп пе?
– Әзірге 23 әртіс бар.

– Жеткілікті ме?
– Жоқ, жеткіліксіз. Тұрақты сахнамыз болмаған соң, солай қалыптастық қой. Осы 23 әртіс 230 әртіске бергісіз.

– Әртістеріңізге көңіліңіз тола ма?
– Бізде бас кейіпкер, мықты әртіс деген ұғым жоқ. Бәрі біркелкі әр қайсысын жеке планда ойнатуға болады. Бізде жеке бір-екі әртіс ойнамайды. Жиырма үш әртіс бірге ойнайды. Олар массовка да болады. Биін де билейді. Ойнап та үлгереді.

– Бәрін Алматыдан ертіп келдіңіз бе?
– Жоқ, осында бітірген екі-үшеуі бар.

– Кетем дегені жоқ па?
– Жоға. Мен қусам да кетпейді. Біздің театрға келуге құмартып жүргендер қаншама. Үміткерлерге он күн мұрсат берем. Менің балаларымнан асып тұрсаң қаласың, жете алмасаң, боссың деймін. Таңғы 8-ден кеш батқанша пластика жасаумен айналысады. Көбісі шыдамайды. Болдырғаннан еденнен өзін көтере алмай қалғандары болды. Сосын кетеді. Табандылық танытқан бір-екі қыз қалды. Істеп жүр.

– Спектакль сайын әртістеріңіз өсе ме?
– Өседі. Мысалы, мен «Асауға тұсауды» бұрын қойғым келген. Бірақ осыны қоя тұрайын бір-екі жыл деп сақтап келген ем. Балаларым есейсін деп күттім. Енді, міне, қоюға пісіп-жетіліп тұр. «Дон Кихот» та солай, жыл сайын қоям деймін де, кейінге қалдырамын.

– Жастардың арасына сақа әртістерден қосқыңыз келмей ме?
– Жоқ. Театр бүлініп кетеді. Мысалы, үш-төрт жас үлкен бір-екеуі қосылса, әсер етеді оларға. Өйткені, басқа мектептен өтіп, өзге театрдан үйренгені бар, деңгейі асып тұруы мүмкін. Менің мектебімдегі әртістердің тәрбиесі көз алдымда. Сатылап, кезең-кезеңімен жетіліп, түлеп келеді. Академияда жүргенде мереке, демалыс болмайтын, тынбай жұмыс істейтінбіз. Ешқандай уақытпен санаспайтынбыз. Қазір соның рахатын көріп жатыр. Киноға да түсіп жатыр. Кейін сендер аспанда жүресіңдер деп айтам. Кино саласы да дамиды. Оларға да әртіс керек болады. Өзім үйретіп алып, өзім ұрсам сосын. Киноға жібермесең, бағы байлана ма дейсің. Жіберсең, театр қалады жайына. Біреуі жоқ болса, бар жұмыс тоқтап қалады. Кейбірі түсінеді. Арасында сендерге де жұрт жалынсын, елпілдей бермеңдер деймін. Шүкір, бес жылда жартысы пәтерлі болды. Жартысы енді алады деп үміттеніп отырмыз.

– Қатал режиссерсыз ба?
– Негізі, жаным нәзік. Ішімнен аяп отырам. Көбірек күліп жіберсең, олар да басқа шығып кетеді. Қаталдық керек сол үшін. Өйткені, қанда тұр ғой, жібісең, жайылып кетеді. Ертең істей салам дегенді ұнатпаймын. Сондықтан, қатал екенім рас. Бір он жылға жеткізсем, сосын өздері-ақ алып кетеді.

«МЕН МӘМБЕТОВТЫ КӨРІП ӨСТІМ»

– Өзіңіз қандай шәкірт болдыңыз?
– Алла біледі. Жаңашылдыққа жаным құмар еді. Мәскеуде оқығанда қанша театрларды көрдім. Күнде кешке жақын контромарка береді. Бірнеше театрға баруға тырысатынмын. Англиядан Шекспирдің театры келді. Италиядан келді. Бір ай кезекте тұратынмын қыстың күні. Айлап тұрады өшіретте ел. Бүкіл стипендиямды беріп жүріп, сол спектакльдердің бәрін көрдім. Негізі, мен Мәмбетовті көріп өстім. Соның шәкіртімін. Мен ол кісінің ұлы екеніне көз жеткіздім. Өнерге жалпы сол кісінің спектакльдеріне ғашық болу арқылы келдім десем де болады. Алматыда оқыдым. Мектепте класс жетекшіміз міндетті түрде театрға апаратын. Сол кезде қалай көрдім, солай «ауырып» қалдым. Бір күні мен сіздің шәкіртіңіз болғым келеді деп бардым. Ол кезде мен актер едім. «Жаман актер болсаң, режиссерлыққа салар едім. Сен жақсы актерсың, сенен жақсы режиссер шықпайды» деді. Мен намыстандым. Жатып кеп туладым. Түсем, қайтсем де дегенге тоқтадым. «Бәрібір саған екі қоям» деді. Түстім ғой ақыр аяғы. Кейін күледі. Жалпы ол кісінің үйреткенін сіңіріп, жасағанын жалғастырып келе жатырмын деген ойдамын өзім.

– Астанада да сабақ бересіз бе?
– Жоқ. Алматыдағы ректор жібермеді. Анда-санда келіп тұрасыз деп. Мұнда жұмыс істеймін де, Алматыға барып сабағымды беріп келем. Басында қалай болады екен деп ойлаушы ем. Қазір жақсы секілді, екі жақты қатар алып жүрген қолайлы екен. Мұнда кетерде тапсырып кетем, мен келгенше балалар жаттап, рөлін дайындап қояды. Жауапкершіліктерін солай дамытып жатырмыз. Әртіске өте пайдалы нәрсе. Соның әсерінен фантазиялары  оянады. Басында Алматыдан он екісі келіп еді, кейін көбейді. Астанадан үшеуі қосылды. Былтырғы бітірген балалардан әкеп қостық, сонымен бас-аяғы 23 болды.

– Таяу уақыттарда не істемек- сіздер?
– Алматыға барамыз. Әртістерім Әкемтеатрдың ақсақалдарынан тәлім алсын деген ниет бар. Әуезов театрымен өзіміздің келісіміміз бар. Біздің ұжымның мүшелері кілең жас жігіттер мен қыздар. Қара шаңырақтың сахнасын бір иіскеп, үлкендерден сабақ алып, білімін толыс-тырып, кәсіби деңгейін көтермелеуге жақсы мүмкіндік тумақ. Содан кейін Жастар театрының 5 жылдығына орайластырып бір жеті сол сахнада өзіміздің спектакльдерді қоямыз. Бір жұмадан кейін Алматы облысының көрермендерімен қауышып, содан кейін қайтып келіп, қала күніне дайындаламыз.

– Алда қандай жоспарлар бар?
– Жоспар көп. Алда Шекспирдің «Асауға тұсау» деген қойылымы бар. Соны қою арман болып еді. Басқаша қырынан жасап, бүгінгі күнге алып келгім келеді. Содан кейін Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн» дейтін пьесасы бар. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін сахналадық. Бастан-аяқ сол повестті шартты түрде ойнатып шығамыз. Дайын тұр. Премьерасы осы барғанда Алматыда жасалмақшы. Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Мұхтар Шахановтың әндерімен әрледік түгел. Лирикалық туынды. Жүрегіңді жұлып алып кете жаздайды. «Бала ғашық» әнімен сүйемелдеген соң, пьесаны «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» атадық.

«СПЕКТАКЛЬДІ КӨРЕРМЕН РЕТІНДЕ ТАМАШАЛАЙ АЛМАЙМЫН»

– Өзіңіз театрға жиі барасыз ба?
– Өзіме ұнаған нәрсеге барам.

– Не ұнайды? Соңғы рет қашан бардыңыз?
– Соңғы рет Әуезов театрына бардым. «Қилы заманның» репетициясына. Режиссері – Әубәкір Рахимов. Төртінші рет қойып жатыр. Авторы – Нұрлан Оразалин. Көп театрға бара бермеймін. Спектакльді көрермен ретінде тамашалай алмаймын. Ылғи театрға баруын барасың, бірақ сол спектакльді бәрібір сен өзіңше қойып отырасың. Жақсы жағын, жаман жағын санамалап отырасың. Ләззат ала алмайсың. Өйткені, спектакльді көріп отырып жұмыс істеп отырасың. Ең жаманы – сол. Көңілім қалып қалмаса екен деп ойлай бересің. Жақсы шықса екен деп.

– Өзіңіз қандай режиссерларды бағалайсыз?
– Атабаевты бағалаймын. Біз – ұқсастаумыз. Алайда бір-бірімізді қайталамаймыз. Жанат Хаджиев, Атабаев үшеуміздің қойылымдарымыз үш формада, бірақ айтайын дегеніміз үндес, бір жерден түйісіп қалады. Сондықтан, меніңше, іштей жарыс болып жатады. Айтпаймыз бір-бірімізге. Бұл өзіңді замана көшінен қалып қалмайын деген қамшылау сияқты. Олар да меніңше солай ойлайды. Бұл – өте жақсы нәрсе. Әріптестерімнің ішінде осы екеуі мені алға жетелейді.

– Бәсекелестеріңіз бе?
– Жастау болсақ, бәлкім солай болар ма еді?! Кім білсін, қазір жас кеп қалды, жақсылық тілеп тұрасың. Өзімнің де бала-шағам бар. Осылар кейін намыстанбаса екен деп ойлап тұрам. Тірі тұрған кезінде қолынан келгенін еліне жасап кетпеді деп біреу шығады ғой деген сумақай ой тұрады көкейімде.

– Өзіңіз режиссер тәрбиелейсіз бе?
– Жоқ. Мен актер тәрбиелеймін. Ал режиссер тәрбиелеуге әлі жеткен жоқпын. Режиссерлық курс берсе, қалай тәрбиелер едім деп ойлаймын. Режиссерды тәрбиелеуге болмайтын сияқты. Адам режиссер болып тууы керек. Режиссердың азаматтық тұлғасында елім дейтін ұғым бәрінен жоғары тұруы тиіс. Мен қазір елім намыстанбаса екен, көрерменім намыстанбаса екен деген оймен жұмыс жасаймын. Мынау да өнер болып па екен демесе деп тілеймін.

– Сіздің қойылымдарды қабылдай алмаған көрермендер кездесті ме?
– Жоқ. Бірақ менде күдік көп. Көрермен кейде үнсіз қалады. Үнсіз қалса, есім шығады. Неге үндемей қалды бұлар? Менің спектакльдерімде бірден қол соқпайды, біраздан кейін барып шапалақтайды. Овация кетеді. Орнынан тұрады. Менің көңілім қалып қалмасын деп тұрған жоқ па екен деп күмәнданып тұрам. Осы ой мәңгі миымнан кетпейді. Мақтайды көп, газет-журналдарда, сайттарда жазады. Мақтаған сайын менің саудам бітеді. Көңіліме қарап тұр ма деп?

– Театр сізге не берді?
– Бәрін. Театр елге танымал етті. Арман еткен нәрсемнің тура үстінде тұрмын. Қиналамын, бірақ содан ләззат аламын. Ойлап таппайтын нәрсе миыңа келгенде, осымен таусылып қалмасам екен деп уайымдаймын. Тағы не ойлап табам деп қиналамын. Мысалы, бізде «Махаббат миниатюрасы» деген спектакль бар. Белгісіз автордың бес-алты миниатюраларынан құралды. Оқып алдым да, қалтама салып жүрдім. Бір күні Мәскеуге бара жатырмыз. Поезда үш күн ары, үш күн бері. Мынау қалтамда жүріп жыртылатын болды. Оқып көрейінші дедім. Ақырын оқып отырып, әнге салып ыңылдап қоям. Балалардың көзіне қарап қоям ғой. Оларға ұнап отыр. Сендер мына әнге салыңдаршы, мен оқып отырайын деймін. Сол спектакльді алты күнде жасадық. Келдік те қойдық. Жұрт құлап қалды. Мынаны қалай жасадыңдар дейді. Бір күні балалар, той жүргізіп жүріп танысыпты. Қайдансыңдар? Жастар театрынан. Қандай спектакльдерің бар? Тізіп-тізіп, «Махаббат миниатюралары» бар деген. «Махаббат миниатюралары» қандай? Қандай сөздері бар деп сұрапты, әй, мынау, мен ғой депті. Мен оны баяғыда жазғанмын дейді. Сөйтіп, авторымыз табылды. Міне, осындай қызықтар көп.

«БҰРЫНҒЫ МЕНТАЛИТЕТ, БҰРЫНҒЫ СӨЗ САПТАУ»

– Жемісті жұмыс істеу үшін неге сүйенесіз?
– Менің ойымша, мені жетелеп жүрген күш – күдік. Бірінші – арман, одан кейін күдік. Егер арман да, күдік те болмаса, ештеңе шықпайды. Арманың көп болса, күдігің одан да көп болса, сонда сен іздене бастайсың. Тыпырлайсың. Сөйтіп жүріп, қайтіп сахнаға шығып кеткеніңді байқамай қаласың. Сен актер, мен режиссер деп отырмаймыз. Әрқайсысы келеді де, әр нәрсені қосады. Әртіс болғаннан кейін сахнаға шықпаса, қарайып қалады. Осыған бүкіл өмірін арнады. Қолдан жасап «жетті» десең, бітті құриды. Қайғыға салынады, мұңаяды. Мен балаларға мұның барлығы уақытша деймін. Кейін қызығын сендер көресіңдер әлі. Билет табылмайтын күнге жеткізсек, шіркін… Осы арман мені жетелеп келеді. Әлі ашылмаған қанша қызықтарды ойлап тұрасың. Маған еріп шетінен қияли болып алды. Бірақ сондай болу керек. Өнер деген қиялдан тумаса, қайдан пайда болады?! Барлық өнер қиялдан туады. Қиял елді таң қалдырады. Біреуді таң қалдырмаса, ол несімен өнер болмақ?! Айтматовтың кез келген шығармасына таң қаласың. Таң қалғандықтан ары қарай не болар екен деп отырасың. Ол сені мойындатады.

– Драматургияны неге кәсіби мамандарға жазғызбайсыз?
– Қазір бір театрда бірнеше пьеса қайталанады. Ол да өнер емес-ау деймін. Қайталамау керек. Неге авторларды қоймайсыңдар деп сұраушылар көп, жазғандарын оқисың, көңілден шықпайды. Көбіне түрткілеп, нығыздап, ақыр түбі бейбастақ әңгімеге тіреп қояды. Осыған күледі деп. Жылау керек оған. Бұрынғы менталитет, бұрынғы сөз саптау. Қазір мүлде басқа ғой бәрі.

Мүлдем басқа. Бұрынғы жазғандар қазіргі заманды жазғысы келеді, жеткізе алмайды. Өйткені, ой-өрісі басқа. Ал менің қоятыным, заманауи мәселелерге арналған. Спектакль жастардың пайымына жетеқабыл немесе әлдеқайда жоғары тұруы керек. Сондықтан, мен ойлаймын 90-шы жылдардың ішінде туған балалар есейіп, 27-28 жасқа келіп толысады, жетіледі, солар жазады сосын. Әрі қарай басқа заман басталады. Әй, мен болмай қалам ғой сол кезде. Сендер сұмдық нәрселерді көресіңдер деймін шәкірттеріме. Бұрынырақта менде бір спектакль болды, бас-аяғы жеті бет. Көксеректі қойғам. Сыншылар жақтырмай талқандап тастаған еді. Мен қасқыр мен адамды ауыстырған едім. Қазір не деген керемет деп айтады. Жақсы ой айту үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Қазір махаббат та мүлдем басқа. Балаларды жамандап отырғам жоқ. Заманына қарай солай шығар. Бізде баяғыда түнде шығу деген болмайтын. Түнде жүрсе, неге жүрсің деп айтатынбыз. Соған үйреніп кеткенбіз. Қазір түнімен клубта, күнімен ұйқыда. Ол кезде түнгі клуб жоқ. Бірақ, бір тәуірі қазіргінің жастары ішімдік ішпейді. Темекі тартпайды. Заман өзгергенмен, халықтың менталитетін жоғалтып алмау керек. Бастысы осы деп ойлаймын. Жастарда отансүйгіштік жоқ деп есептеуге болмайды. Олардың намысы деген масқара. Мысалы, біз Мәскеуде оқыдық. Әуезов Мұраттың кезінде. Ол кезде бірімізді-біріміз іздеп, қазақтарды жинастырып жүретінбіз. Қазірде сол. Ештеңе өзгермеген. Тек бәрі өзгеше бір жоғары деңгейде жасалады.

–Фантаст жазушыларды көп оқисыз ба?
– Жас кезімде көп оқығам. Қазір философтарды ұнатамын.

– Кімді оқисыз?

– Айтматовты жатқа білем десем болады. Ең жақсы көретін жазушыларым – Айтматов пен Оралхан Бөкей. «Кербұғы» деген шығармасын қойғым келеді. Бірін-бірі жейтін тағдыр. Маған сол тақырып өте қызық. «Атау кересін» алғаш оқығанда, жастығымның астында жатып сарғайған еді. Қиналған сәттерімде соны оқитынмын. Жатқа білем. Әр жерін ашамын да оқимын, оқимын. Қойып қоям. Түн ішінде оянып кетсем, тағы қараймын. Қанша уақыт өтті, шығара алмадым. Содан Оралханға бардым. Ол кезде «Жұлдыз» журналында бас редактор болатын. Мені көрді де, орнынан атып тұрды. Біліп ем, маған бір режиссердің келетінін дейді. Мен «Атау керені» оқыдым дедім. Қанша жылдан бері күтіп жүр едім, бірінші кино түсірейік деді. Маған түк тұрмайды саған пьеса жазып беруге, жатқа білем оны. Алдымен кино түсірейік деді. Жақсы деп келістім. Қап, әттеген-ай, Үндістанға кетіп бара жатыр едім. Ертерек келмей, келе сала алдыңа мә деп тастай салам деді. Сен мені күт деді. Шығып бара жатыр ем, тоқтай тұршы деді. Мына бір пьесаны оқып шықшы. Бірақ түзетілген деді. Бұл не деп сұрадым. Бұл «Шыңғысхан» деді. Баяғыда ақшам болмай, пьесаға байқау жариялағанда жазып ем. Кейін ақша үшін жазып ем ғой деп қайта бір қарап шығып едім. Түгел қаламмен түзетіліпті. Оқыдым, керемет пьеса. Бірақ, Оралхан уәде еткеніндей оралмады. Ойлап-ойлап, бір күні шыдамадым. Мұхамбедия Ахметтөреге бардым. Ол маған ағылшыннан «Вестсайд» оқиғасын аударып берген еді. Өзі қияли. Сенен басқа осыны ешкім жасай алмайды дедім. Он күнде жасап берді. Содан «Атау кере» қойылды.

– Әлемде театрға құмарлық өте жоғары. Бізде неге солай емес, қалай ойлайсыз?
– Көрермен жинау үшін алдымен елді тамсандыра білетін театр болу керек. Болашақта солай болады. Әттең, сахнамыз болмай қалды. Бес жылда қаншама көрермен жинап алар едік. Амал нешік. Жаман өкінем. Уақыт өтіп кетті. Облыстарда көрермендер баршылық. Дегенмен, негізгі көрермен Астанада екенін де естен шығармаймын. Ананы да, мынаны да үлгергім келеді. Арман әлі қуып барады. Істеу керек, істеу керек дейтін дүние көп.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Шынар ӘБІЛДА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button